Қазақстанның электр станциялары шығынға батып жатыр – «Самұрық-Энерго» басшысы

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Ол елімізде энергетикалық нысандарға қаржы жеткіліксіз мөлшерде бөлінетінін айтты

 

Фото: Azattyq Ruhy

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Түйтебаев тарифтерді тежеу саясаты жылу энергиясын өндірушілерді шығынға батырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталының тілшісі.

«Мысалы, Алматыдағы «АлЭС» компаниясының шығыны соңғы 5 жылда шамамен 6 млрд теңгені құрады. Көбінесе электр станцияларының электр энергиясын өндіру үшін жағатын көмірге төлейтін қаражаты жоқ. ҚР энергия өндіруші ұйымдарының «Богатырь Көмір» ЖШС алдындағы жалпы берешегі шамамен 6,4 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса, сыртқы саяси жағдайға байланысты жабдықтардың бағасы одан әрі өсті. Мысалы, бу қазандықтары мен құбыржолдарға арналған құбыр екі жылдың ішінде 3,5 есе қымбаттады», - деді төраға.

Оның айтуынша, Қазақстандағы энергетикалық объектілерді жеткіліксіз мөлшерде қаржыландыру саланың құлдырауына, электрмен жабдықтау кезіндегі іркілістерге және электр станцияларында авариялардың өсуіне алып келеді. Электр энергиясына төмен тарифтердің қойылуы салдарынан  электр энергетикасы саласы жаңа қуаттарды жаңарту, кеңейту, салу және жоғары кәсіби кадрларды ұстап тұру үшін қажетті қаржы ресурстарын ала алмайды.

Энергетикалық объектілерді жеткіліксіз мөлшерде қаржыландыру, сайып келгенде, саланың құлдырауына және экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмауына әкеледі.

«Газбен жұмыс істейтін ЖЭС құрылысы 2024 жылдан кешікпей басталады. Қытай компаниялары станцияны қолданысқа кіргізгенге дейін аяқтайды. Станцияның қазіргі құны – 364 миллиард теңге. Бірақ бұл баға өзгеруі мүмкін. Станция іске қосылғанда оның экология шығаратын қалдығы өте төмен мөлшерде болады. Ал қазіргі ЖЭС-2 шамамен 4-5 жыл жұмыс істейді,  байқап көреміз. Жаңа станцияның жабдықтары еуропалық талаптарға сай алынады»,  - деді АлЭС Инвестициялық жобалар бойынша  Басқарушы директоры Дәурен Сағидолла.

Еске салайық, бұған дейін Алматы газбен зұмыс істейтін ЖЭС құрылысы салынатынын хабарлаған едік. Жаңа ЖЭС құрылысын Қытайдың екі компаниясы жүргізетіні белгілі болды.