Алматыда жаңа ЖЭС құрылысын қай елдің компаниясы жүргізетіні айтылды

Ашық халықаралық тендердің бірінші кезеңі барысында 6 өтінім келіп түскен

 

Алматыда жаңа ЖЭС құрылысын қай елдің компаниясы жүргізетіні айтылды
Фото: Azattyq Ruhy

Биылғы екінші тоқсанда Алматыдағы жаңа ЖЭС құрылысына жабдықтарды жеткізу, жаңа газ станциясын жобалау және салу бойынша мердігер анықталады. Әзірге белгілісі, құрылысты Қытайдың екі компаниясы жүргізеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталының тілшісі.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Түйтебаевтың айтуынша, ашық халықаралық тендердің бірінші кезеңі барысында 6 өтінім келіп түскен.

«Оның ішінде екінші, қорытынды кезеңге 2 өтінім (компания) өтті. ЕРС-мердігерді таңдау бойынша халықаралық, екі кезеңдік конкурс Еуропа қайта құру және даму банкінің ережелеріне сәйкес өткізіледі. EPC-мердігерді таңдаудың техникалық сипаттамасы мен EPC-келісімшарт жобасы FIDIC (Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) «сары кітабы» бойынша әзірленді»,  - деді Серік Түйтебаев.

Әзірге газбен жұмыс істейтін ЖЭС құрылысын салу бойынша ҚХР-дың екі компаниясы анықталған. Құрылыс жұмыстары үш жылдан соң аяқталады. 

Тақырыпқа орай: Алматыда газбен жұмыс істейтін ЖЭС салынатын болды

«Тендердің жеңімпазы осы жылдың екінші тоқсанында анықталады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы 2023 жылдың тамызына болжанып отыр», - деді С. Түйтебаев.      

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.