Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған екі үйдің қабырғасы сөгіліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған бұл үйлердің іргетасы жөнді құйылмаған

Бейнеден кадр

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған екі үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіруді талап етеді. Осыдан небәрі үш жыл бұрын қолданысқа берілген баспаналардың іргетасы үгітіліп, қабырғасы сөгіліп жатыр. Тұрғындар сапасыз салынған үй құлап қала ма деп қорқып отыр. Тексеруге комиссия келіп кеткенімен, әлі нақты қорытынды шығармапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Осыдан екі-үш жыл бұрын қоныс той тойлаған Есет батыр тұрғын үй алабындағы қос үйдің тұрғындарынан маза қашқан. Алғашқыда мінсіз көрінген баспана күн өткен сайын қауіпті болып барады. Жауынды күні шелектеп су ағатын шатырды айтпағанда, үй қабырғасындағы жарықтар үлкейіп барады. Пәтердің ішінен сол жарық саусақ сиярлықтай. Тұрғындар үйіміз опырылып құлай ма деп алаңдайды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған бұл үйлердің іргетасы жөнді құйылмаған. Ал қабырғаларын құрғақ балшықпен майлап қана кеткен. Қаланған кірпіштеріне не цемент, не құр батпақтың өзі тимепті, сыдырылып түсіп жатыр. Әкімдіктегілер құрылыстың кепілдік мерзімі өткенін айтады. Бірақ оған қарамастан, сарапшылар тартып, техникалық тексеруге кірісіпті.

 «Біздің мамандар Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімімен бірге орынға шығып тексерді. Осыған байланысты техникалық тексеру жүріп жатыр. Осы аптаның соңына дейін қорытындысы шығады. Осы қорытындыға байланысты жұмыс жалғасатын болады», - дейді Ақтөбе тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақнұр Қазбаева.

Сарапшылар бұл үйде тұру мүмкін емес деп шешім шығарса, мердігерді дереу сотқа береміз деп отыр шенеуніктер. Ал қолға қорытынды тимейінше, 48 пәтердегі тұрғындардың қауіпсіздігі жайлы әзір ештеңе айта алмайды.