$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.04.2023, 21:20
Қоғам

Алматы облысында 37 балаға арналған мектепте 137 бала оқып жүр

Ата-аналар мектепте спортзалдың да, асхананың да жоқтығын айтады

Алматы облысында 37 балаға арналған мектепте 137 бала оқып жүр
Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында 37 балаға арналған бастауыш мектепте 137 бала оқып жатыр. Бала санының көптігінен мұғалімдер бөлмесі де сыныпқа айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Сыз тартқан ғимараттан балалар да жиі тұмауратып қалатын көрінеді. Оқушылар жиналатын алаңға бүгін ата-аналар келді. Талай әкімге айтылған әңгіме үнемі аяқсыз қалатын көрінеді. Бүгін ауыл жұрты жаңа басшыға базынасын естіртті. Ал ең қиыны «бөлменің жетіспеушілігінен қыз бен ұл бір жерде шешініп, киінуге мәжбүр» дейді ата-аналар. 

«Дене шынықтыру сабағы жоқ. Оған арнайы спортзал жоқ. Асхана жайлы мүлде айтудың қажеті жоқ», – деді Еңбек ауылының тұрғыны Гүлдана Қуатбекова.

Ауылдағы 37 балаға арналған аядай мектепте бала саны көп болғандықтан мұғалімдер бөлмесін де балаларға бөліп беріп, сабақ оқиды екен. Сондықтан қоңырау уақытында ұстаздар далада жиналыс өткізуге мәжбүр.

«Төрт бала оқытып отырмын. Біреуін Дендрариге балабақшаға жіберемін. Кішісі осында оқиды. Бұл мектепте ешқандай жағдай қарастырылмаған», – деді  Өрнек ауылының тұрғыны Камила Мятбек.

«Бұл жер Өрнек ауылына белгіленген. Құжаттары дайын. Біз өз тарапымыздан іс-шараны атқардық, мемлекеттік акт жасадық», – деді Балтабай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Cәуле Әліпова.

«Мектептің аты бар, заты жоқ» деген дүйім ел баласын шамасы келсе көрші Еңбек ауылына тасып оқытады. Алайда ол мектептің де жағдайы мәз емес. Мектеп жабдықтары ескі, өрт сөндіру құралдарының мерзімі өткен.

«Бұл мәселені баяғыдан қозғап келеміз. Бала саны көп. Ең соңғы сабақ сағат 19:10-да аяқталады. Сол кезде балалардың үйіне қатынауы өте қиын. Мұғалімдер тарапынан екіге бөлінетін сабақтарға еңбек, орыс тіліне кабинет жетіспейді», – деді «Еңбек орта мектебі» КММ директорының орынбасары Бану Жанаева.

Тар мектепке талап айта келген тұрғындардың айтуынша, білім ордасының басшысы біршама үйірмені де жауып тастаған.

«Өрнек ауылына мектеп салу үшін 180 орындық жер телімін сұраған болатынбыз. Жер телімі дайын болған соң, облыстық білім басқармасына мектеп салуға сұраныс берілді. Ал Еңбек ауылына қатысты айтатын болсақ,  Ақтоғандағы бейімделген мектеп қой. Ол ауылға тағы да 320 орынға жапсаржай құрылысын салуға тапсырыс берілді», – деді Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрқалымов.

Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімі берген мәліметіне сәйкес жалпы ауданда 16 мектеп салу жоспарда бар. Әзірге бесеуінің құжаты аяқталып, құрылысы басталмақ. Алайда бұл тізімге Өрнек пен Еңбек аулындағы мектеп енбепті.

Серіктес жаңалықтары