Ақтөбеде былтыр ғана 84 млн теңгеге жөнделген орталық гүлзар қирап қалған
Жауаптылар бәріне ауа райы «кінәлі» деп отыр
Ақтөбеде былтыр ғана жаңартылған орталық гүлзардың бір жылға жетпей тоз-тозы шыққан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «31-арнаға» сілтеме жасап.
Демалыс орнын күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 84 миллион теңге жұмсалған еді. Алайда бұл қаржы жөндеуге емес, желге ұшты дейді тұрғындар. Өйткені құрылыс сапасыз жүргізіліп, жасалған орындық пен шамдарының барлығы қирап қалған. Ал жауаптылар бәріне ауа райы «кінәлі» деп отыр.
Қаладағы басты демалыс орындарының бірі саналатын гүлзардың қазіргі кейпі ұнжырғаны түсіреді. Соңғы рет жүргізілген құрылыс саябақтың сәнін одан бетер бұзды дейді ақтөбеліктер. Орындықтары қирап, шамдары жанбай қалған. Төселген кеспе тастар да ойдым-ойдым күйде жатыр. Қысқасы саябақтағы композициялардың сау тамтығы қалмаған.
«Гүлзар өте қорқынышты жағдайда. Бұрын жиі баратынмын. Қазір ол жерге барып серуендеудің өзі өміріңе қауіпті. Қай жері құлап кетер екен деп ойлайсыз», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Диана Петрова.
Жергілікті билік гүлзарды 2021 жылы 90 миллион теңгедей ақшаға күрделі жөндеуден өткізген. Бірақ, жөнделді деген тек аты ғана. Былтыр жазда саябаққа кіреберістегі арканың сырты опырылып, маңдайшадағы жазулары желге ұшып кеткен. Ал субұрқақтар мен амфитеатрдағы орындықтарға мердігер тіпті жөндеу жасамай, сол қалпы тастап кеткен. Сол кемшіліктерін былтыр жазда қайта қалыпқа келтірді дейді шенеуніктер. Алайда гүлзардың қазіргі күйіне жауап беретін ешкім жоқ болып шықты.
«Мердігер мекемеге келісімшарт негізінде ешқандай шара қолдана алмаймыз. Өйткені келісімшарт бір жыл ғана. Ешкімнен сұрай алмаймыз. Себебі ауа райы бар, жел бар, ағаш та құлайды, сымдар үзіледі, сондайлар болып тұрады», - деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.