«Балалардың іші ауырады»: Павлодарда ата-аналар мектеп асханасына шағымданды
Қалалық білім бөлімі шағым түскен мектеп асханасының жұмысын тексереді
Павлодарда ата-аналар мектеп асханасының жұмысын тексеруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
№41 ЖОББМ оқушыларының ата-аналары әлеуметтік желілерде азық-түлік сапасына шағымданды. Олардың айтуынша, балаларға дәмсіз тағамдар беріледі, ал түскі астан кейін оқушылардың іші ауырады.
Аталған білім ордасына 2024 жылдың наурызына дейін «Кейтеринбург Қазақстан» ЖШС қызмет көрсетеді. Қалалық білім бөлімі ата-аналардың өтінішінен кейін мектеп асханасының жұмысын тексереді.
«Мәселе бақылауға алынды. Санитарлық ережелер, тамақтандыруды ұйымдастыру ережелері бойынша мектептерде тамақтану сапасын ұйымдастыру мониторингі жөніндегі бракераждық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына медицина қызметкері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар қауымдастығы кіреді», – деді білім бөлімінде.
Білім бөлімінде оқушылардың тамақтануына қатысты барлық мәселелер бойынша оқу орнының әкімшілігіне жүгінуге кеңес берілді.