$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.04.2023, 03:22
Қоғам

Мал жүнін өңдейтін жалғыз фабриканың жағдайы мүшкіл

Фабрика жылына 500 тонна жүн өңдеп,  400 мың метр мата шығаруға қауқарлы

Мал жүнін өңдейтін жалғыз фабриканың жағдайы мүшкіл
Фото ашық дереккөзден

Атырауда түйе мен қой жүнін өңдеп, жамылғы жасайтын жалғыз кәсіпорын жабылудың аз-ақ алдында тұр. 100 адамды қызметпен қамтуға қауқарлы фабрикада қазір 10-ақ адам еңбек етеді. Бизнес иесі кәсібім шикізат тапшылығы мен сұраныстың жоқтығынан тұралады дейді. Үкіметтен қолдау болса, көл көсір пайдаға жол ашылар еді деп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atameken business арнасына сілтеме жасап.

«Caspiy Lana Atyrau» серіктестігі 2015 жылы ашылған. Фабрика жылына 500 тонна жүн өңдеп,  400 мың метр мата шығаруға қауқарлы. Бұған дейін өнімді көрші облыстар мен шет елге экспорттайтын. Шикізат тапшылығы мен сұраныстың жоқтығынан қазір жұмыстың 90 пайызы тоқтап тұр. Бизнесті жандандыруға үкіметтен қолдау қажет екен.

«Жергілікті жердегі шаруа қожалықтарымен үнемі байланыста отырамыз. Олар қой мен түйе жүнін арзан бағаға сатқысы келмейді. Сол себепті бізге үкіметтен қолдау қажет. Қаржы бөлінсе алдымен сол шикізатты сатып алып, өзге де шығындарымызды жабар едік»,- дейді «Caspiy Lana Atyrau» серіктестігінің директоры Назгүл Есмаханова.

Еш қоспасыз, таза жүннен ғана жасалған жамылғы мен көрпешелердің сапасы жоғары. Сәйкесінше бағасы да бәріне бірдей қолжетімді деп айтуға келмейді. Сол себепті тендерге салғаннан да пайда болмай тұрған көрінеді. Ал әкімдіктегілер бұл фабриканы салуға әу баста мемлекеттен 1,6 млрд теңге бөлінгенін айтады. Кәсіптің тасын өрге домалатуға бизнес иесінің өзі күш жұмсау керек деген ойда. Соның өзінде жергілікті билік инвестор іздеп жатыр. 

«Ары қарай жандандыру ол біріншіден кәсіпорын басшысының жұмысы. Қаржы құюды талап ететін процесстер бар. Қазіргі күні зауытты аяғынан тұрғызып жіберу үшін инвесторлар іздеп, әкімдік тарапынан жан жақты қолдаулар жасалып жатыр»,- деп нақтылады Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ақбөбек Шарғабаева.

Қызығушылар табылса, фабрика толық іске қосылар еді. Жергілікті жердегі 100 ге тарта азамат та екі қолға бір күрек табады. Ал әзірге кәсіпкер өнімді сұранысқа қарай ғана жасап, жәрмеңкелерден түскен табысқа күн көреді.

Серіктес жаңалықтары