Шабылып жатқан ағаштарға тұрғындар араша түсті
Қарағандының орталығындағы Жеңіс саябағының жанында тұрғындар арнайы техника жеткізіп, ағаштарды кесіп жатқанын аңғарған. Оталып жатқан маң бұрын Жеңіс саябағының аумағында болған, кейін неге екені белгісіз бұл жерді саябақ аумағынан шығарып тастайды. Осыдан кейін билік бұл жерді жеке меншікке оп-оңай сата салған. Тұрғындар бұл аумақты саябақтың бөлігі деп есептейді. Бұл алаңда жасыл желек көп әрі бұл жерге мәңгілік алау ескерткіші жақын орналасқан. Бір қызығы, дау туғызған жер бөлігі осыдан 15 жыл бұрын сатылып кеткен. Алайда, коммуналдық қызмет бірнеше жыл бойы жеке меншікке өтіп кеткен жердің қарын күреп жүрген.
Қарағанды қаласының әкімдігі болса, бұл жердің жеке меншікке сатылып кеткенін , әрі бұл аумақтың саябаққа жатпайтынын мәлімдеп отыр. 2018 жылдың 1 шілдесінде қала құрылысы кеңесі мұнда тұрғызылатын ғимарат жобасын мақұлдап жіберген. Енді бұл аумаққа 4 қабатты тұрғын үй салынады. Тұрғындардың шағымынан кейін қалалық қоғамдық кеңес өкілдері, ағаш оталып жатқан аумаққа барып тұрғындармен кездесті. Бұл жиынға құрылыс салушының өзі келмеген, тек оның өкілі ғана болды.
«Бұл қала тұрғындарының қыдырып жүретін, ағаштардың арасында таза ауамен тыныстауға мүмкіндігі болатын аз орынның бірі. Енді сол мүмкіндіктен айрылғалы отырмыз. Ағаштарға балта шабуды тоқтатсын деп талап етеміз»,- дейді қала тұрғыны Галина Пак.
Қалалық әкімдіктен келген шенеуніктер әдеттегідей жұртты сабырға шақырды. Дегенмен биліктегі атқамінерлер келесі аптада бұл мәселені тағы қарастырамыз деп құтылды.
«Келесі аптаның сейсенбісінде қалалық әкімдікте осы мәселені тағы талқылайтын болып келістік. Бұл уақытқа дейін ағаштарды кесу жұмыстары уақытша тоқтатыла тұрады»,- деді қоғамдық кеңес мүшесі Марат Түсіпов.
Айта кету керек, жергілікті биліктің саябақтағы орынды құрылыс үшін сатып жіберуі алғаш рет болып отырған жоқ. Былтыр Қарағандының орталық саябағындағы жерді шенеуніктер теннис кортын салуға бермек болған. Бұл кездеде тұрғындар саябақтағы ағаштардың кесіліп жатқанын көріп, қарсы шыққан. Ақыр соңында сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошанов «теннис корты саябақта салынбайды» деген ұйғарымға келген.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды