94 мыңға жуық балаға екпе егілмегені анықталып отыр
Ауа арқылы жұғатын дерт балабақшаларда өршіп тұр. Осыған байланысты дәрігерлер дер кезінде вакцина алу қажеттігін айтуда. Тіпті екпе алмаған бүлдіршіндер бөбейжайларға жіберілмеуі де мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап.
Елімізде күн өткен сайын қызылша дертін жұқтырып жатқандардың қарасы артуда. Екі ай бұрын шет ел асып келген 12 баладан ең алғаш аурудың белгілері анықталып тіркеліпті. Осыдан кейін бірте-бірте жан-жаққа тарала бастаған.
Енді қызылшаның ары қарай өршуін тоқтату үшін мамандар жаппай вакциналау қажеттігін айтады. Бірақ осы тұста көпшіліктің де пікірі екіге бөлінген. Бірі оны қажет деп тапса, енді бірі балаларына вакцина салдырмас үшін балабақшаларға жібермейміз деп отыр.
Екі айдың ішінде дендеген ауруды 181 адам жұқтырған. Ауа немесе тыныс алу жолдарынан бөлінетін тамшылар арқылы жұғатын індет негізінен балабақшаларда өршіп тұр. Сондықтан мамандар да мұндай жағдайға алаңдаулы. Қызылша ауруын жұқтырғандардың басым бөлігі екпе алмағандар дейді. Дәрімен жазылмайтын дерттің жеңіл өтуі вакцинаға байланысты деп отыр.
«18 жасқа дейінгі балалардың егу статустарын тексеру жүргізіліп жатыр. Осылардың ішінде 94 мыңға жуық балаға екпе егілмегені анықталып отыр. Қазіргі кезде осы 94 мыңның 15 мыңнан астамы егумен қамтылды», - деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.
Қызылша аурын жұқтырғандар арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 73 жағдай тіркелген. Одан кейін Түркістан және Жетісу облысы алдыңғы үштікте тұр. Жалпы балабақша тобындағы балалардың 90%-ы вакцинациялануы керек. Егер екпе алмағандардың саны 10%-дан көп болса, онда олардың келуіне тыйым салынуы мүмкін. Оны балабақша басшылығы шешеді дейді мамандар.
«Егер балабақшадан қызылша ауруы шықса, біз міндетті түрде қадағалаймыз. Бірақ балабақшаға жіберу-жібермеу жағын біз шешмейпіз. Оны балабақша басшылығы шешеді. Егер ол бас санитардың шығарған ережесін орындамаса ол үшін жауап беретін болады», - деді, Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Қазіргі уақытта Алматыда вакцинация алмаған 14 мыңнан астам бала бар екен.