Кәсіби ілеспе аудармашыларды дайындау мәселесі қашан шешімін табады

Автор: Azattyq Rýhy

Шет тілдерден мемлекеттік тілге тікелей аударатын мамандар да аз

Фото ашық дереккөзден

Тілдің мемлекеттік мәртебесін көрсететін айрықша белгі – оның саяси, мәдени, экономикалық жиындарының жұмыс тілі болуы. Мұндай жиындарда әр тілде сөйлейтін халықтар өкілдерінің түсінісу, өзекті мәселелерді шешу үшін келіссөздер жүргізіп, уағдаластықтарға қол жеткізу ісінде ілеспе аудармашылар негізгі рөл атқарады. Бұл – әлемде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан үрдіс. Бұл пікірді Сенат депутаттары мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ілеспе аударма – ауызша аударманың ең күрделі түрі. Бұл жұмыстың өзіне тән ерекшелігі, қиындығы, адам организміне физикалық және психологиялық тұрғыдан түсіретін ауыр жүктемесі де бар. Сондықтан бұл сала маманы болу арнайы даярлауды, практикалық жағынан дағдыланып, тәжірибе жинақтауды қажет етеді. Осыны ескеріп, 2016-2018 жылдар аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ілеспе аудармашыларды дайындау курстарын өткізіп келген екен. Соңғы 5 жылда жоспардан алынып тасталған.

«Осының салдарынан орыс тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен орыс тіліне аударатын ілеспе аудармашыларға деген қажеттілік қазіргі кезде күн сайын артып келеді. Шет тілдерден мемлекеттік тілге тікелей аударатын мамандар да аз. Елімізде тікелей ілеспе аудармашыларды дайындайтын оқу орны жоқ. Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ілеспе аударма маманы ағылшын-орыс, орыс-ағылшын тілі бағытында дайындалады.

Кәсіби ілеспе аудармашылар шоғырланған деп саналатын Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталарында мұндай аударма жұмыстарын заңдарды редакциялаумен айналысатын бөлімдердің мамандары қамтамасыз етеді. Алайда, соңғы кездері бұл бөлімдердің өзінде білікті маман тапшылығы сезіліп жатыр. Өйткені, Парламенттің қызметін қамтамасыз ету үшін әрі заң тілін білетін, нормативтік құжаттарды аударуға бейімі бар, әрі ілеспе аударманы жүзеге асыратын мамандар қажет», - деп депутаттар соңғы жылдары пайда болған проблеманы қозғап өтті.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге зор ықпал ететін ілеспе аударма мамандарын дайындау үшін сенаторлар мынадай ұсыныстарын жеткізді:

1) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне ілеспе аудармашыларды дайындау курстарын өткізу ісін жедел қолға алуға тапсырма беру;

2) мемлекеттік органдардың орталық аппараттарындағы заң тілін жетік меңгерген, ілеспе аударманы жүзеге асыруға бейімі бар мамандар үшін курстар ұйымдастыру, оларды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Парламент Палаталарының кадр жұмысы бөлімдері арқылы резервке қою;

3) мемлекеттік органдардың орталық аппараттарында қызмет істейтін, ілеспе аударма жасауға және заң шығару ісінің аударма жұмысына бейімі бар аудармашы мамандардың Парламент палаталарының аппараттарында тағылымдамадан өту мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын. Бұл әрі тәжірибе алмасуға әрі мамандардың біліктілігін арттыруға, түптеп келгенде, осындай мамандар резервін қалыптастыруға жағдай жасайды.

Кез келген үлкен жиында ілеспе аудармашының мәселесі әрдайым өзекті болып келеді.

«Атамекенге оралғаныма бір жарым жылдың жүзі болды. Ал жалпы еңбек өтіліме 15 жылдай болып қалды. Орыс тіліне шорқақтау екенімді жасырмаймын. Бірақ ана тілімнен бөлек ағылшын, қытай тілдерінде сауаттымын. Өзімді дамыту үшін бұл тілді де үйреніп жүрмін. Дегенмен халықаралық деңгейлердегі іс-шараларға қатысып жүргенімде ілеспе аударма мәселесіне жиі тап боламын. Ағылшын тілінен бөлек әлемнің өзге де тілдерінде сөйлеген сарапшылардың пікірі орысша қолжетімді. Ілеспе аудармашы мүдірмей аударып беріп тұрады. Ал қазақ тіліне келгенде үлкен проблема. Не сөздерін түсінбеймін, шала аударылады, тіпті түсінбеймін десем де болады немесе мүлдем жоқ. Амалсыздан қолымдағы аппаратты ағылшын тіліне ауыстырып, осы тілде тыңдаймын. Қазақ елінде жүрген соң қазақ тілінің аясы да кең болғанын қалаймын. Жауапты мекемелер қазақ тіліне қатысты мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуі керек», - дейді Майгүл Нұрлан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» және «Айқын» басылымдарына берген сұхбатында қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатындағы жұмыстардың жалғасын табатынын ерекше айтып өткен болатын.

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, 2020 жылы Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы енгізілген болатын.

Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.

Бағдарламаның міндеттері:

1. Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту

1.1 Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін ортологиялық кодтау.

1.2 Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілінің салалық терминдер жүйесін жетілдіру, біріздендіру және кодтау.

1.3 Ономастикалық кеңістікті латын графикалы әліпби негізінде реттеу және стандарттау.

1.4 «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» жобасын іске асыру.

2. Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту.

2.1 Білім беру саласындағы қазақ тілінің функцияларын кеңейту және оны қолдану мәдениетін арттыру.

2.2 Мемлекеттік және мемлекеттік емес сектор ұйымдарында қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру.

2.3 Ақпараттандыру және коммуникация саласындағы қазақ тілінің қолданылуын жетілдіру.

2.4 Мәдениет, халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын реттеу, әлеуметтік беделін арттыру.

2.5 Халықаралық коммуникацияда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту.

3. Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту

3.1 Орыс тілінің коммуникативтік-тілдік кеңістікте қолданылуы.

3.2 Этностық топтардың тілдерін дамыту.

3.3 Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын арттыру.

Нысаналы индикаторлары:

1) латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесі: 2022 жылы – 10%, 2023 жылы – 20%,  2024 жылы – 30%, 2025 жылы – 50%;

2) мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі: 2020 жылы – 90,5 %, 2021 жылы –  91 %, 2022 жылы – 92%, 2023 жылы – 93%, 2024 жылы – 94%, 2025 жылы – 95%;

3) мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілді контенттің үлесі: 2020 жылы – 74%, 2021 жылы – 75%, 2022 жылы – 76 %, 2023 жылы – 77%, 2024 жылы – 78%, 2025 жылы – 79%;

4) үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген халықтың үлесі: 2020 жылы – 26%, 2021 жылы – 27%, 2022 жылы – 28%, 2023 жылы – 29%, 2024 жылы – 30%, 2025 жылы – 31%.

Сымбат Молдатай