Ақтөбе облысы бойынша 1,5 мың км жол жөндеу үшін 25,6 млрд теңге қажет
Еліміздің батыс өңірлеріндегі жол сапасы әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Жуырда Парламент Сенатының депутаттары Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы жол сапасы туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тікелей тапсырма берген болатын. Дегенмен бүгінгі жағдай бойынша батыс өңірлердегі автожол сапасы өткір мәселе күйінде қалып отыр.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША 1,5 МЫҢ КМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛУІ ҚАЖЕТ
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Ақтөбе және Атырау облыстарындағы автожолдар сапасының үлесі – 72 пайызды құраса, Батыс Қазақстанда бұл көрсеткіш – 46 пайыз деңгейінде.
Салдарынан, аталған өңірлер географиялық орналасуына байланысты көліктік қатынастың транзиттік потенциалының көптігіне қарамастан, бүгінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі бойынша республикада соңғы қатарда қалып отыр.
«Мемлекет басшысы батыс өңіріне іссапары аясында, талай рет жұрттың наразылығына ұшыраған облыстағы жолдардың сапасына жауап беретін тиісті мекемелердің жұмысын сынға алып, жеке бақылауында ұстайтындығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің әзірлеген қаржыландырудың әдістемесіне сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша 2025 жылы жергілікті жолдардың нормативтік жай-күйін 95%-ға жеткізу үшін 1,5 мың км жөндеу жүргізу қажет, оған жыл сайын 25,6 млрд теңге қажет.
Осы орайда, жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарын дамыту үшін республикалық бюджеттен 13,5 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферттермен қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Қазіргі таңда жалпы сипаттағы трансферт шеңберінде бекітілген қаржыландыру 12,1 млрд теңгені құрап отыр», - дейді Сенат депутаттары.
Депутаттар келтірген мәліметке сүйенер болсақ, бүгінгі күні, Атырау облысы бойынша 2023 жылға 43,5 км жолдарды қайта жаңғырту мен жөндеуге 8,2 млрд теңге бөлінген, алайда қосымша 8,8 млрд теңге қажет етіледі.
Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша темір жол жүк вагондарының жетіспеушілігінен құрылыс материалдары уақытылы жеткізілмей, салдарынан қаржының игерілмеуі орын алды.
«Бұл ретте, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ тарапынан қажетті вагондармен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар атқару кезек күттірмейтін мәселе деп есептейміз.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Парламент Сенатын аймақтардың мүдделерін білдіретін палата ретінде айқындағанын ескере отырып, облыстардың инфрақұрылымдық проблемалары Сенат депутаттарының ерекше назарында болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, Президентіміз сайлауалды бағдарламасында еліміздің әрбір өңірінің дамуына жаңа серпін беру бойынша басымдықтарды белгілеп, нақты тапсырмаларды берген болатын.
Алдағы уақытта жоғарыда көтерілген мәселелер туындамас үшін, «Сұраныстан ұсыныс туындайды» демекші, жүктелген тапсырмаларды терең зерделеп, сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында «Проблеманы қолға алып, аяғына дейін жеткізу» атты Үкімет Қаулысымен арнайы бағдарлама қабылдаған жөн деп санаймыз», - делінген сауалда.
Депутаттардың айтуынша бағдарламада өңірлер арасындағы өзекті әлеуметтік және экономикалық теңгерімсіздікті реттеуге бағытталған басымдықтар бойынша нақты қаржы қаражаттарының көздері (Ұлттық қордан, республикалық немесе өңірлік деңгейден) айқындалған күнтізбелік іс-шаралар жоспары әзірленіп, жауапты Үкімет басшысының орынбасарларынан, министрліктер мен орталық мемлекеттік органдардан және өңір басшылықтарынан тұратын жауапты тұлғалардың бекітілуі қажет.
«Бұл – Президенттің бастамаларына қолдау көрсетудегі жоғары өкілетті орган мен ҚР Үкіметі арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесінде теңдестірілген өңірлік саясатты құруға ықпал ететіндігі сөзсіз», - дейді депутаттар.
Қазақстан батыс өңірлерінде жол сапасы өзге аймақтармен салыстырғанда айтарлықтай нашар екенін бүгінде Ақтөбе облысының әкімі болып отырған Ералы Тоғжанов былтыр Үкімет басшысының орынбасары болып тұрған шағында мәлім еткен болатын.
Өткен жылдың сәуір айында Ералы Тоғжанов БАҚ өкілдерімен бейресми кездесуінде журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген. Осы кездесуде Ералы Лұқпанұлы батыс аймақтардағы жол мәселесіне айрықша тоқталып өткен болатын.
«Өз басым Қазақстанның барлық өңірін аралап, өзекті проблемаларымен танысып шықтым. Ең сапасыз жолдар еліміздің батыс аймақтарында орналасқанын сол кезде ерекше байқадым», - деген еді Ералы Тоғжанов ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тұрған шағында.
ЖЫРЫ БІТПЕГЕН «АТЫРАУ-АСТРАХАН» ТАСЖОЛЫ
Кеше орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков автожолдар құрылысының аса маңызды жобалары туралы нақты мәліметтер берді.
«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолы – батыс өңірлерді өзара байланыстыратын көлік дәлізі. Биыл ұзындығы 440 шақырым болатын «Қандыағаш-Мақат-Атырау» учаскесін аяқтау жоспарланып отыр. «Атырау-Астрахан» автожолын қайта жаңарту жалғасуда. Жыл соңына дейін қозғалыс ашылып, нысан 2024 жылы тапсырылады», - деді ведомство өкілі.
Сол сияқты комитет төрағасының орынбасары өз сөзінде қолға алынатын үш жаңа жоба туралы қозғап өтті.
«Жобалау сатысында үш жаңа жоба тұр: «Атырау-Орал» (521 км), «Жезқазған-Қарағанды» (513 км) және «Ақтөбе-Ұлғайсын» (252 км) автожолдары», - деді ол.
Атырау мен Астрахан арасындағы жолдың құрылысы 2019 жылы басталған еді. ҚР ИИДМ таратқан хабарламаға сәйкес, 2019-2021 жылдар аралығында «Атырау-Астрахан» автожолының бірінші кезеңінде, Ресеймен шекарадан Ганюшкино ауылына дейін 60 шақырымдық жол қайта жөнделген. Былтырғы мәліметтерге сәйкес қайта жөндеу жұмысы қашықтығы 217 шақырымды құрайтын учаскелерде жүргізіліп жатқан.
Негізгі жоспар бойынша аталмыш жол мәселесі 2021 жылы бітуі тиіс еді. Былтыр 2023 жылы қолданысқа берілетіні хабарланған. Ал кеше бұл тасжолдың ашылуы 2024 жылға шегерілгені белгілі болды. Жолдың мұнша ұзаққа созылуы жергілікті тұрғындар да наразы.
«2019 жылы басталған жол екі жыл бұрын бітуі тиіс еді, әлі күнге созбалаңға салынып келеді. Шыны керек, жекелеген тұстарда салынып біткен жол жоқ, ал жұмыс сол қалпы тоқтап тұр. Былтыр министр келеді деген соң дереу техникалар әкеліп, жанталасып жататынын көретінмін. Ал оның алдында асфальт төселіп жатқан жұмысты көрген емеспін. Шұрық тесік жол сол қалпында әлі тұр», - деп кейіді Исатай ауданының Қуаныш есімді тұрғыны.
ҚЫТАЙ ЖЫЛЫНА 26 МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ САЛАДЫ
Сөз арасында «World China» басылымы таратқан мәліметтерге көз жүгіртіп көрелік. Басылымның ақпаратына сәйкес, іргеміздегі Қытайда жылына 26 мың шақырым жол салынады. Оның ішінде 10 мың шақырымы – автомагистраль. Ал осы жолдарда сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Тек санға ғана емес сапаға да үлкен мән беріледі. Автожолдардың жарамдылық мерзімі 15-25 жыл аралығын құрайды.
«World China» мәліметіне сүйенсек, осыдан жарты ғасыр бұрын Қытай жол сапасы төмен елдердің бірі болған көрінеді. Ел билігі осы мәселені шешу үшін 1988 жылы жол құрылысына қатысты арнайы жоспар әзірлеп, 2020 жылға дейін 35 мың шақырым автомагистраль салу мақсат етіліпті. Дегенмен қытайлықтар бұл жоспарды бірнеше есе артығымен орындап шыққан. 2019 жылы Қытай билігі осы жоспарды қорытындылағанда 149,6 мың шақырым жол салғаны белгілі болды. Осылайша жоспарды төрт есе артық орындап шыққан. Қытай жол саласындағы көрсеткіш бойынша АҚШ-ты, Еуропаны, сол сияқты дамыған елдердің бірі – Жапонияны да артқа қалдырған.
Осы тұста Қытайдың 1,5 млрд халқы бар деп ақталуға болар. Бірақ жоғарыда депутаттар келтірген цифрлар мен Қытайдағы көрсеткішті салыстыру...
АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 7 АЙДА 49 АДАМ ЖОЛ АПАТЫНАН КӨЗ ЖҰМДЫ
Атырау облысында жол апаты саны биыл азаймай тұр. Өкінішке қарай көрсеткіш өткен жылдан да асып түскен. Бұл мәліметті Жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұмалиев жариялаған болатын.
«Жыл басынан бері 7 айда 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 адам қаза тапты. Жол апатынан 227 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Өткен жылмен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы 17,9%-ға өсіп отыр», - деген еді Аманжол Жұмалиев.
Жол құрылысы елімізде өте өзекті мәселелердің бірі. Жөндеу жұмысы іргелес Қытай елімен салыстырғанда ұзаққа созылады. Ал жекелеген тұстарда сапасы сын көтермей жатады.
Сымбат Молдатай