Маңғыстау облысында аштық жариялаған жұмыссыздардың әрекетіне қатысты әкімдік түсініктеме берді

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірдегі жұмыссыздар «Е-otinish» порталына 13 өтініш түсірді

27 наурыздан бері Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындары аштық жариялап, жергілікті әкімдіктен мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етуде. Бұл туралы әлеуметтік желіде таралған видеода айтылған. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі болған жайтқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әкімдіктің мәліметінше, 29 наурыздан бастап «Е-otinish» порталы арқылы аштық жариялау түріндегі наразылық акциясына барлығы 13 өтініш түскен.

«Қазіргі уақытта өтініштер уәкілетті мемлекеттік органдарда қаралуда. Айта кетейік, тамақтанудан бас тарту арқылы акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді. Өз кезегінде Қарақия ауданының әкімдігі облыс әкімдігінің басқармалары, аудан прокуратурасы және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, наразылық білдірген жұмыссыздарға түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ең алдымен, Қарақия ауданының әкімдігі барлық жұмыссыздың бірден мұнай саласында жұмыс істеуі мүмкін еместігіне, жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартатынына назар аудартқысы келеді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, әкімдік берген деректерге сүйенсек, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-нан бос жұмыс орындарын бөлуде жұмыссыздар тарапы «70/30»-ды талап етіп отыр. Яғни Жетібай кентінің тұрғындарына 70 пайызды, ал қалған 30 пайызды Қарақия ауданының басқа ауылдарындағы және облыстың басқа аудандарындағы жұмыссыздарға беру талабы қойылған.

«Қойылған талапты басқа ауыл, аудан тұрғындарына негізсіз деп санаймыз. Бұл ретте Қарақия ауданының Құрық ауылы мен Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындары бос жұмыс орындарын бөлуде әділеттілікті талап етуде. Қазіргі уақытта наразылық білдірушілер мемлекеттік органдардың түсіндіріп жатқан айқын және объективті фактілерін қабылдаудан бас тартып отыр. Жиналғандар «мұнай саласында жұмыс істеймін» дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес, басқа салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалану керек деген шындықты қабылдауы қажет. Барлық мәселе конструктивті диалог арқылы, қолданыстағы заңнама аясында шешілуі тиіс», -  делінген хабарламада.

Өз кезегінде Қарақия ауданының әкімдігі наразылық білдірушілерге заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда заңда белгіленген жауапкершілікті ескертті.