Ірі блокты үйлер жер сілкінісіне шыдамды келе ме?
Бірер ай бұрын Түркия мен Сирия елдерінің шекарасында болған жойқын жер сілкінісі кімді болмасын алаң күйге салғаны анық. Табиғи апат салдарынан екі мемлекетте 60 мыңға жуық адам қаза болып, ондаған мыңы түрлі жарақат алды. Қаншама нысан қирап қалды. Бұл жайт ең алдымен екі елдің сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандығымен, ал екіншіден салынған үйлердің сапасыздығымен тікелей байланысты болса керек. Ал Қазақстандағы жағдай қандай? Сейсмология институтының мәліметіне жүгінсек, Шығыс Қазақстан облысы мен Қызылорда облысы аралығында жерасты дүмпулері 7-9 баллға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар. Жер сілкінісі бола қалған жағдайда (бетін аулақ етсін!) сапалы құрылыстың да маңызы зор болмақ. Ал елімізде нысандардың жер сілкінісіне төзімділігі қаншалықты ескеріледі? Сол сияқты үйлердің сапалы болуы үшін қандай технологиялар қолданылуы қажет? Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап көрді.
Өткенге көз жүгіртсек, жойқын зілзалалар Қазақстан аумағында да болған. Мәселен Алматы қаласы өз тарихында екі рет толықтай қирап, қайта тұрғызылған. Алғаш рет 1887 жылы алапат апат 236 адамның өмірін қиып кетсе, осы оқиға екі жылдан кейін, яғни 1889 жылы тағы да қайталанған. Ал 1910 жылдың 22 желтоқсанында 9 баллдық жер сілкінісі болып, 44 адам қаза тапқан. Қираған ғимараттарда есеп жоқ. Егер осы жағдай бүгінгі күні болса жағдайдың қандай боларын елестетудің өзі қиын. Жапон ғалымы Сэгава Сюке бірнеше жыл бұрын айтқан сөзінде 25 мың ғимарат құлап, 100 мыңнан аса адам қаза болуы мүмкін деген болжамын жеткізген. Ал одан бері Алматыда қаншама зәулім нысан бой көтерді.
Ғалымдардың айтуынша, зілзала әдетте бұрынғы апаттың зардабы ұмыт болған кезде келеді. Бұл сөзімізді «Қазақстан жобалаушыларының Республикалық одағы» Өзін-өзі реттейтін ұйымы төрағасының орынбасары Мюаш Бисарова да дәлелдеді. Айтуынша, Алматыда бұдан 100-130 жыл бұрын қирату күші өте жоғары жер сілкінісі болғанын ескерсек, қазіргі таңда оның қайталану мүмкіндігі жоғары.
ҚАНДАЙ ТЕХНОЛОГИЯ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС?
Мюаш Бисарова сөз басында тұрғын үйлер, ғимараттар жер сілкінісіне шыдамды болуы үшін қандай технология ескерілуі, сол сияқты құрылыс кезінде қандай материалдарға көбірек көңіл бөлінуі керек екенінен бастады.
«Тұрғын үйлер мен ғимараттардың жер сілкінісіне шыдамды болуы үшін әрине қолданыстағы нормативтік техникалық құжаттардың талаптары орындалуы міндетті. Мысалы жобаларда тірек конструкцияларын 30 пайызға дейін күшейту, қаттылық өзегі, колонналар мен аражабындар төбеге дейін үзілмеулері керек, жер сілкінісіне қарсы жіктер болуы шарт, т.б.
Құрылманың беріктігі мен орнықтылығын есептегенде қолданыстағы құжаттарда көрсетілген жұмыс жағдайларына байланысты коэффициенттерден басқа қосымша коэффициенттер ескерілуі тиіс. Конструкциялардың түрлеріне (мысалы бетон, болат, тас, ағаш құрылғылар болуына байланысты) қосымша коэффициенттер ҚР ҚЕ 2.03-30-2017 Сейсмикалық аймақтардардағы құрылыс ережелері бойынша анықталуы керек», - дейді маман.
Ол өз сөзінде жарылу қаупі бар жерлерге салынатын ғимараттар туралы да қозғап өтті.
«Жер қыртысының жарылған жерлерінде немесе техтоникалық жарылу қаупі бар жерлерде міндетті түрде арнайы техникалық тапсырма арқылы салынуы қажет.
Құрылыс кезінде сапалы отандық материалдарға көбірек көңіл бөлінуі керек. Себебі Қазақстан Республикасының аумағында өндірісі жолға қойылған материалдар жетерлік, ал егер шығарылмайтын материалдар болса міндетті түрде сапа бірінші орында болуы шарт. Арзан, сапасы жағынан төмен материалдар Қытайдан сатып алынады. Осылайша тапсырыс берушілер мен құрылысшылар шығындарын азайту арқылы пайда көреді. Еліміздің Президенті атап өткендей басты назарда бағаның төмен болуы емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы болуы керек», - дейді Мюаш Бисарова.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында құрылыс саласының маңызына ерекше тоқталып өткен болатын.
«Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие. Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп.
Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан, Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын», - деген еді Президент.
ІРІ БЛОКТЫ ҮЙЛЕР ЖЕР СІЛКІНІСІНЕ ШЫДАМДЫ МА?
Шыны керек, соңғы жылдары елімізде ірі блоктардан ғимараттар, тұрғын үйлер салу үрдісі ерекше қарқын алып келеді. Сырттай бақыласаң, бірінің үстіне бірін қойып, дәнекерлеу арқылы конструктор секілді құрай салғандай көрінеді. Нәтижесінде айналасы екі-үш айдың ішінде тоғыз қабатты үйлер бой көтергенін байқауға болады. Ал мұндай құрылыс жер сілкінісіне қаншалықты шыдамды келеді?
«Дұрыс есептеу және құрылымдау шартымен сейсмикалық аудандарда көлемді блоктардан ғимараттар салу, тұрғын үй құрылысының индустриялық, сәулеттік мәнерлілігі мен сейсмикалық төзімділігін арттырудың тиімді шарасы болып саналады деген ойдамын. Дегенмен осы тақырып аясында мынадай ұсыныстарға назарларыңызды аударғым келеді», - деп ойын білдірді.
Маман өз сөзінде төмендегі ұсыныстарын жеткізді:
Бірер апта бұрын Тәжікстан жерінде болған жерасты дүмпуінің әсері Шымкент, Тараз, Түркістан аумағына сезілгені есімізде. Үрейленген жұрт үйінен қашып, түннің бір уағына дейін сыртта жүргені туралы видео әлеуметтік желіде жарияланып жатты. Осыған қарап-ақ табиғи апаттың қашан, қай жерде болатынын нақты болжау оңай емес екенін байқауға болады. Ал біз қозғап отырған ірі блокты үйлердің біраз бөлігі Астанада салынып жатыр. Осы орайда бас қаланың сейсмикалық қауіпті аймақта орналаспағаны жөнінде уәж айтуға болар. Дегенмен апат айтып келмейді. Көңіліміздегі осы бір күдікті Мюаш ханымға қойғанымызда мынадай жауап алдық.
«Астанадағы тұрғын үйлер, ғимараттар жер сілкінісіне шыдамды ма, жоқ па бұл туралы анық ақпаратты нысандарды пайдалануға беруге қатысушы субъектілерден сұрау қажет. Олар: тапсырыс беруші, жобалаушы, сараптамашылар, мердігер компаниялар, авторлық және техникалық қадағалаушылар.
Егер Астана қаласындағы нысандар қолданыстағы құжаттарда көрсетілген талаптарға сай болса, шыдамды болар еді. Әрине, жанды жейтін күмән де жоқ емес, себебі менің ойымша ондағы көптеген ғимараттар конфигурация жағынан өте күрделі болып келеді. Оның үстіне Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Заңының 27-1 Техникалық реттеу және стандарттау объектілері бабына сәйкес: «Арнайы экономикалық аймақтардың, ерекше индустриялық аймақтардың аумағындағы, сондай-ақ бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген өнеркәсіптік кәсіпорындардың объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау, оларға техникалық қайта жарақтандыруды, кеңейтуді, күрделі жөндеуді жүргізу және оларды пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес халықаралық құрылыс нормалары мен қағидаларын, сондай-ақ халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттарын тікелей қолдануға жол беріледі» делінген», - деп ойын білдірді.
ҚАЗАҚСТАНДА ТҮРІК КОМПАНИЯЛАРЫ САЛҒАН ІРІ НЫСАНДАР
Түркияда жойқын зілзаладан кейін қаза болғандар саны 50 мыңнан асқаны хабарланды. Есепсіз нысан қирап, жарамсыз болып қалды. Бұл жергілікті құрылыс компанияларының сапаға, жер сілкінісіне төзімділігіне жете көңіл бөлмеуінен болғаны анық. БАҚ беттерінде сапасыз үй салған құрылыс компанияларының басшылары ұсталып жатқаны туралы ақпараттар жарияланып жатыр. Тиісінше Түркияның құрылыс компанияларына күмәнмен қарауға толық негіз бар. Ал бұл елдің құрылыс компаниялары Қазақстанда да бірқатар нысан салған. Осы орайда ең ірілеріне тоқталып өтейік.
«Қазақстанда түрік компаниялары салған нысандардың ішінен әртүрлі мақсаттағы ғимараттарды кездестіруге болады. Мысалы, Алматыдағы «Анкара», «Рахат Палас», Астанадағы «Интерконтиненталь Астана» қонақ үйлері, басқа да қонақ үй, сауда кешендері, ең танымал, мысалы, Алматыдағы «Рамстор», «Самал тауэрс БТА» кешені, Ақкент тұрғын үй кешені, бірқатар өндірістік нысандар және т.б. Құрылыста саласында жұмыс істейтін ондаған (тек ірі компанияларды есепке алсақ) түрік мердігер фирмалары бар», - дейді «Қазақстан жобалаушыларының Республикалық одағы» Өзін-өзі реттейтін ұйымы төрағасының орынбасары Мюаш Аймұқанбетқызы.
Сөз соңында айтарымыз, зілзала, табиғи апат бұрынғы апаттың зардабы ұмыт болған кезде келеді деген қағида бар. Ғалымдардың теориясына сүйенсек, мұндай ірі апаттар әр 100 жыл сайын қайталанады. Ал Алматыдағы зілзаланың соңғы рет қашан болғанын сөз басында қозғап өттік. Сол себепті құрылыс компаниялары тұрғын үй кешенін жылдам аяқтауды ғана емес оның жер сілкінісі секілді табиғи апаттарға төзімділігін де назарға алуы тиіс.