«Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті»: Президент құқықтық әділетсіздік жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

Президент алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажеттігін жеткізді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында халықтың жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды», - деді ол.

Президенттің пікірінше, халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес.

«Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады», - деді ол.