Секта, сандырақ және Алаш зиялылары: қоғам Жанат Бақыттың әрекетін сынға алып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл – әлеуметтік желіде соңғы кезде ең көп пікірталас тудырған мәселе

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

«Кенесарының басы табылған кезде қазақ оянады», «Портал ашылды», «Алланы босатыңдар, орнына Жаратушы келді», «Алаш зиялыларының рухы Жерге түсіп жатыр» деген мәлімдемелерді соңғы кезде танымал тележүргізуші Жанат Бақыт айтып жүр. Azattyq Ruhy тілшісі мамандардың пікіріне жүгіне отырып, тележүргізушінің мұндай мәлімдемелер жасауының себебін анықтап көрді.

ЖАРАТУШЫНЫҢ ЖОЛДАМАСЫ

Әлеуметтік желіде жұрттың Жанат Бақытқа деген назары Әлихан Бөкейхан Кенесарының басын тығуға көмек берді деген жазбасынан кейін ауды. Ол Алаш зиялысымен тілдескендей, оның пікірін жариялайды. Жанат Бақыт өз сөзінде Алаш зиялыларының рухы жерге әйел болып түсіп жатқанын тілге тиек етеді.

«Мен, Әлихан Бөкейхан, Кенесарының басын тығуға көмек бердім. Ісіме өкінемін. Атамның ісін қайталамай-ақ қояйын деген едім. Алайда қайталанды. Мен солай істеуге мәжбүр болдым, халқым, кешіріңдер. Михаиловпен терезесі жоқ қараңғы қапаста кездестік, өз қолыммен Кенесарының басын апарып бердім. Михаилов мысқылдап «Халқың түбі білсе қайтесің?» деген еді. Мен «Бұл құпияны көрге әкетем. Ал түбі білсе… халқым түсінеді» дедім. Егер мен Кенесарының басын бермесем, олар Алаштың бәрін қыратынын айтып қорқытты. Халқым! Кешіріңдер мені. Жаратушы алдына бардым. Кешірім сұрадым! Жаратушы кешірді. «Басты өзің тықтың, өзің тыққан жерді айт Халқыңа» деді. Кенесарының басы Еуропаның Шығыс жағалауы Венецияда, Ақ үйдің астындағы қалада, 9 құлыппен 7 кварталда жасырылған. Жаратушы мені кешіріп, Венецияның суын тартып жатыр. Бұл ақпаратты алдымен Италия қазақтары біледі. Сосын бүкіл ақпарат құралдары шулайды. Кеңесарының басын Қазақстанға қайтаруды талап етеді. Бәрі қалпына келеді. Қазақ Алаштықтар армандаған «Негізіне» оралады. Тағы да кешірім сұраймын. Әлихан Бөкейханов», - деп Жанат Бақыт Әлихан Бөкейханның жолдамасын жеткізіпті-мыс.

Тележүргізуші өз сөзінде өзіне қарата айтылған «көктем әсер етіп жатыр» деген пікірлерді жоққа шығарады.

«Мен соншалықты түсіп кетпеген шығармын. Жаратушының жолдамасын жеткізетіндей. Алла Тағаланың миссиясы балық дәуірімен бітті. Кетті. Жіберіңдер деп тұр. Қанша мемлекет пен адам жібергісі келмей отыр. 22 наурыз тойлаймыз, 23 күні Ораза ұстаймыз деп өздеріңіз белгілеп отырсыздар. Адамды алдағанмен, Жаратушыны алдай алмайсыз. Бұрынғыдай делдал болмайды. Мешіт, шіркеу, молда, имамдар болмайды. Олардың миссиясы толық бітті. Өткендегі жолдауында шіркеу, мешіттер болмайтынын айтты. Оның орнына оқу орталықтары, мектептер келеді деді. Алланы босатыңыздар, жақсылықпен жіберіңіздер. Алла Тағала деген сөзді айтпайсыз. Тек Жаратушы деп қана айтасыз. Намаз, Ораза барлығы ескі дәуірмен, Алла Тағаламен, пайғамбарлармен кетті. Бұл сөздерді маған айту оңай болып отырған жоқ. Бірақ солай. Кешегі жер сілкінісі ескерту болды. Алматыны Ақсарбаз қорғап тұрды. Ол Жаратушының қасында», - дейді Жанат Бақыт.

Ол болашақта Қазақстанның атауы Алаш болып өзгеретінін де айтқан.

Жанаттың туған сіңлісі Зарина Бақыт бастапқыда әпкесінің осындай жазбаларына қатысты «өзі бірдеңе шығарып алған шығар» деген пікірде болғанын айтады. Ол әпкесімен соңғы рет 27 ақпанда сөйлескенін скриндеген. Бірақ ол 21 наурыздан бастап барлығы өзгергенін жеткізеді.

«Оның жазбаларын оқып, «бұл қуды, Жаратушы Жанат тәтеге келіп айта ма екен?» деп күлдім. Қойшы, өздерінің проблемасы. Маған бәрібір дедім», - деп жазады Зарина Бақыт.

Ол Таиландтан келген соң өзінің денсаулығы сыр бергенін айтады. Кейін әпкесінен сағаттың бірдей саны бар белгіні көріп, әпкесіне барады.

«Әлі де секта ма деп ішімнен қорқып тұрмын. Оншақты қыз-келіншек шай ішіп отыр екен. Зомбилар отырған сияқты. Бір-біріне біртүрлі дүниелер айтады. «Мен Шәкәріммін, Мен Клеопатрамын» дейді.  Клеопатра болсаңыз, қай жерде жерлеп еді сізді? деп те қалдым», - деп бөліседі ол.

Осылайша, Зарина Бақыт гипноз арқылы 1936 жылды көргенін айтады. Онда ол Міржақып Дулатов болып оянған.

«Қазақтың қорқынышын, қиыншылығын сезіндім. Бір әйел кетіп бара жатты. Еңкейген. Жасынан бұрын қартайған. Еркек қарап тұрды. Басында ұшбұрышты телпек. Үстінде кір киім. Бетіндегі әр әжім көрген қорлығының ізі іспеттес. Алаштықтар орыс әйел алуға мәжбүр болдық, сол үшін өздерін кінәлі сезінетіндерін айтты. Шекеме (Дулатовқа) мылтығын тақап тұрған орыс офицерінің түрі есімнен кетпейді. Аяушылық сезімі жоқ сияқты», - деп жазады Зарина Бақыт.

Осылайша, бұрын Скриптонитті тыңдайтын Зарина, қазақтың күйін, әнін тыңдайтын адамға айналған екен. Демек бұл ұстанымға қосылып жатқандар баршылық. 2 млн аудиториясы бар адамның қолында күш бар екенін мойындамау дұрыс емес. Оған еретіндердің де баршылық екенін әлеуметтік желідегі мәлімдемелерінің астына жазылған пікірден білуге болады.

ТОБЫР, РУХАНИ ІЗДЕНІС ЖӘНЕ ЛГБТ

Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешевтің айтуынша, ширк, секталар туралы 2017 жылы зерттеу жүргізілген.

«Түрлі секталарға өмірлік проблемалары бар, рухани ізденісте жүрген адамдар адасып барады», - дейді әлеуметтанушы.

Ал дінтанушы Мұхитдин Паттеев бұл оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.

«Мен де парақшасын бір шолып қарап шықтым. Әуелгі түріне қарасам, психологиялық тұрғыда тәп-тәуір қыз болатын. Кейінірек психикасы өзгергенін көруге болады. Көз жанарының өзгергені байқалады. Психологқа көрсетіп, емделу қажет екенін көрсетеді. Адам бірдеңені айтарда дәлел мен дәйекке сүйеніп айтуы керек. Өзімен-өзі, қараптан-қарап бірдеңені айтып, сырттан маған келіп тұр, маған айтып жіберді дейтін болса, диагнозын қою керек. Бұл тек Жанат Бақыт қана емес. Өзін пайғамбармын деп, 1000-2000 беттік кітап жазғандар да бар. «Ақ сарбаз» деген кітап та солай, ғылымға сүйеніп жазылған сияқты, бірақ ешбір негізге сүйенбейді. Карма деген ұғым бар. Ол кришнаидтер қолданатын сөз», - дейді дінтанушы.

Оның айтуынша, «бизнес жасағың келсе, секта аш». Интернетте оны ашудың жобалары да бар көрінеді.

«Атың шықпаса, жер өрте» дейді ғой бізде. Атақты біреуге тиісетін болсаң, өз атыңды тез танымал ете аласың. Бірақ бұл жерде Ислам діні болғандықтан, Алла емес, Жаратушы деу сыртқы қара күштердің ықпалы деп ойлайсың. Былай қарағанда дерті бар адам. Ол сияқтылар өте көп. Мені таңғалдырғаны осыған көпшіліктің қызығып, еруі. Айналып келгенде бұл 30 жылда ұлттық идеологияның болмағанын көрсетеді. Егерде әуел баста егемендік алған соң біздің ұрпақты дұрыс, тарих пен мәдениетімізге сай лайықты тұлға қалыптастырып үйрететін болсақ, мұндай дүниеге ермейтін еді. 2 млн-ның ішінде 40-50 мыңы оған неге қызығады десек, бұл жерде санасыздық бар», - дейді Мұхитдин Паттеев.

Дінтанушы атағандай, Жаратушы – Құдайдың бір сипаты. Осы сөзін кеңірек түсіндіріп те өтті.

«Жаратушы маған осылай айтты деп, артында тұрған перінің сөзін сөйлеп, оған көпшіліктің сенуі 30 жылда көпшіліктің жұтағанын көрсетеді. Ел арасында санасыздықтың көбеюі кез келген адамның өз тарапына қарай тартуын жүзеге асыра береді. Қазақ тіліне, қазаққа тіл тигізу арқылы көптеген компания өз атағын шығарып алды. Халықтың рухани азғындалуының әсері деп айтуға болады. Оны тек Жанат Бақыт қана емес, барлығы істеп жатыр. Бұл халықтың 30 жылда түскен деңгейін көрсетеді. «Аңқау елге арамза молда» демекші, мұндайлар шыға береді. Кезінде Сары әулие деген болған. Ол да сондай сыртқы рухани қара күштердің қысымымен жүрді. Кашпировский да гипноз арқылы халықты өзіне қаратқысы келді. Кеше Сары әулие болса, бүгін Жанат Бақыт. Бұл қай уақытта тоқтайды? Өзінің тарихына ден қойып, ұстаздардың орнын белгілеген жағдайда ғана мұны тоқтатуға болады. Әйтпесе, қазақтың осы кеткені-кеткені. Анаған да, мынаған да ере береді. Бұл – халықтың рухани күйреуі», - деді дінтанушы.

Маманның айтуынша, мұндайға сенетін халық бұл арқылы рухани, жүрегін тыныштандыратын байлық іздеп жүр.

«Кешегі ата-бабасының діни, рухани, ұлттық құндылықтарын іздеп жатыр. Оны бұлар таба алмайды. Барлығы ізденіс үстінде. Осы жасалып жатқан дүниенің өзі жарнама сияқты. Барлығы «не бар екен?» деп қызығады. Бұл айналып келгенде ұлттық идеологияның жоқтығына әкеледі. Тоқтау айтатын, былайша айтқанда «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Ол үшін мектепте дұрыс бағыт беру керек. Қазір болса, мұғалімдерді көрінгенге салып, күң, құл қылып жіберген. Оны жастар көріп отыр ғой. Ұстаз бен ата-анада қадір-қасиет болмағандықтан ұрпақ не болады?!» - деді ол.

Дінтанушы сондықтан мемлекет саяси бағдарламаны дұрыс қоя білуі керегін айтады. Қазақтың рухани құндылығын дұрыс насихаттау керек екенін айрықша қозғап өтті.

«Алдымен бұл жерде Исламға, Алаш зиялыларына тиісіп жатыр. Алаш зиялылары әйел болып түсіп жатыр деп отыр. Оның әр жағында ЛГБТ саясаты да жатуы мүмкін. Алаш зиялылары деп жүрген тұлғалар кармалық ұғымға келеді. Саяси астары осындай болуы мүмкін. Ақшасы болса, секта осылай ашыла береді. Алаш зиялыларын кешегі күні насихаттай алмадық. Енді насихаттайық десек, оларды әйел болып көрсетіп жатса, одан не таптық. Бұл елдің ұлттық ұстанымына, ар-намысына тию. Оны тыңдап, оған ерген адамның болашаққа деген сенімі қалмайды. Бұл қоғам қайда барып тоқтайды? Сондықтан оның астарында саяси мәселе болуы әбден мүмкін», - дейді дінтанушы.

Ал исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Жанат Бақытты оқыту қажет екенін айтады.

«Жанат қарындасымыз адасты, ол анық. Меніңше, ол кісіні оқыту керек. Ішіне жын кіріп кеткен сияқты. Арнайы таныстары болса, бір жолын тауып, емдету жағын қарастыру керек. Бір жағынан жаным ашып отыр. Бірақ былай көрсетпесе де болмайды. 2 млн аудиториясы бар. Оның ішінде барлығы сенбеген күннің өзінде кейбір білімсіз, гипнозға түсіп қалғандар немесе әдемі түрге алданған адамдар жаңсақ пікірге еріп, иманынан айырылып қалуы мүмкін», - деді Қайрат Жолдыбайұлы.

ПСИХОЛОГИЯ, ГИПНОЗ ЖӘНЕ САНДЫРАҚ

Өздерін Алаш зиялысы сезініп жүрген қыз-келіншектер мұндай күйге қалайша түсті? Гипноз ба? Психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, психологияда гипноз жасау техникасы бар.

«Сана мен бейсананың ортасындағы, мидың белгілі бір бөлігіндегі нақты ақпаратқа қол жеткізу үшін гипноз жасалады. Бірақ бұл техника ешбір проблеманы шешпейді. Бұл тек жұмыс істейтін психолог үшін қажетті жол. Пациент ол жаққа барса, ашық тастап немесе оны ретке келтіріп кетуі мүмкін. Сол себепті гипноз ешқашан нәтиже бермейді дегенді нақты шегелеп айта аламын. Ал енді Жанат Бақыттың айтып жүрген дүниелері сандыраққа келеді. Ең қауіптісі адамға тікелей көрінетін, білінетін сандырақ болады. Сандырағы бар адамдар жындыханада жатыр. Қазір мен сондай үш адаммен жұмыс істеп жүрмін. Ол үш адаммен психиатр да қатар жұмыс істейді», - дейді психолог.

Маманның айтуынша, психиатр оған нұсқаулықтар беріп тұрады. Осылайша, екі маман сандырағы бар науқастармен бірлесе жұмыс істеп жүр.

«Көзге көрінетін сандырағы бар адамды ауруханаға жатқызады. Ал осындайларды әлі жатқызуға болмайды. Себебі бұл науқастармен салыстырғанда сандырағы қатты емес. Бірақ саналы, есі дұрыс адамдарға көрінетін сандырақ болады. Қалғандары оны көрмейді. Мендегі үш адам психикалық аурухананың науқасы емес. Олардың әңгімесі мен айтатын дүниесіне 100 пайыз сенуге болады. Оны өрбітіп, тарқатуға болады. Осының жасырын, көрінбейтін түрі кездеседі. Сондықтан өте көп жағдайда сандырағы бар адамдар артынан бұқараны ертіп әкетеді. Өзінің сандырағына сендіртеді. Оған білімі мен өресі төмен адамдар оңай еріп кетеді. Осылай өздерінің адасып қалғанын білмей қалады. Адам өзінен өзі адаспайды, біреудің артынан еріп адасады. Жеңіл сандырағы бар деген диагноз бар. Бұл жағдай осыны көрсетіп отыр. Ол кісілер ақылды, білімді болған соң сандырағын дәлелдеп жеткізеді. Оның қармағына түспеу адамдардың ақыл-ойы, зияткерлігінің жоғары деңгейіне байланысты болады», - дейді Серікгүл Сәли.

Психолог атағандай, осыдан 5-6 жыл бұрын отандық бағдарламада өзін пайғамбар деп санайтын, сезінетін адамдар шыққан.

«Осындай «пайғамбарлардың» ішінде кәсіби заңгер болған, білікті, білімді қарағандылық азамат болған еді. Ол да осылай ауырған. Ауруы асқынған кезде психикалық ауруханаға жатып шықты. Ұзақ уақыт емделген соң оның артынан бұл диагнозды дәрігерлер алып тастады. Бірақ жеңіл сандырақ қалған еді. Ол өзін пайғамбар сезінетін. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) емес дегенді шығарды. Жеңіл сандырағы бар адамдар міндетті түрде Құдаймен жағаласады. Періште, шайтан, пайғамбар болады. Осы тақырып қызықтырған соң мен психолог ретінде сол адаммен ұзақ уақыт бойы телефонмен сөйлесіп, сұрақтарымды қойып жүрдім. Онымен ұзақ уақыт әңгімелесуден кейін егер адамның қорғануы әлсіз болса, оның сандырағын ақиқат қылып қабылдайтынына көзім жетті. Себебі барлық параметр бойынша, өрмекті тоқығандай алдыңа алып келеді. Саналы адам ғана өрмектің ішінен емес, сыртынан қарап, оның сандырған тануға болады.

Одан кейін осындай диагнозы бар адамдарды танитын болдым. Мысалы, қазір жұмыс істеп жатқан адамның бірі былтырғы қыркүйекте осы диагнозға шалдыққан. Осыған дейін мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибесі мол адам болған. Ата-анасы қаржыны аямай, оны емдетуге алып келген. Оны медициналық емес, психологиялық жұмыс арқылы емдейміз деп ойладық. Бірақ олай емделмеді. Қазір біз қатаң медициналық емдеуге көштік. Инъекция алып, система арқылы емделіп жатыр. Ол жақында өзінің сандырақтағанын байқай бастады. Бұл басқа адамдар үшін тылсым, ғажап дүние. Мұндай адамдардан халықты қорғау керек. Көзі қырағы адамдардың шырылдап жатқаны да сондықтан», - дейді маман.

Психологтың айтуынша, мұндай сандырақ басталмас бұрын бұл адамдар ұзақ депрессияда болады.

«Өзін жоғалту, өмірден түңілу сынды күйзеліс кезеңінен өтеді. Ол ұзақ мерзімді болады. Бұл кезеңнен осындай сандырақ арқылы шығады. Олардың ақиқаты осы сандырақ болады. Бұл сандырақты өзгелерге насихаттайды. Өзі сияқты ұзақ мерзімді депрессияда жүрген адамдар осындайға қосылып, депрессиядан шықса, олардың күш-жігері арта түседі. Себебі бұл доминантты психотип. Барлығы 8 психотип болса, оның үшеуі доминантты болады. Ең мықты психотипі бар адамдар осындайға шалдығады. Олар өте қуатты күшке ие. Сондықтан олардан сақтану керек», - дейді маман.

«АҚ САРБАЗ» КІТАБЫ НЕ ТУРАЛЫ?

Дінтанушы айтып отырған ешқандай ғылыми негізге сүйенбей жазылған «Ақ сарбаз» кітабының авторы Жиһан Желтоқсан деп көрсетілген. Кітап авторы өзін Тәңір жауынгері ретінде есептейді.

Блогер Айжан Хамит «Ақ сарбаз» кітабы жайлы былайша пікір білдірді.

«Кешеден бері бұл не деген кітап деп іздене бастадым. Қарасам, ең алғаш рет Алматыда 1993 жылы басылып шыққан, авторы – Жиһан Желтоқсан (шын аты Еділхан Шаймерденұлы Сәбит). Өзі инженер болып істеген. Енді сол кітапты жүктеп алып кезекте отырғанда оқи бастадым. Ең біріншіден айтылатын нәрсе – бұл жай ғана философофиялық ізденіс, автор ешкімге сілтеме жасамайды, сілтеме жасаса тек өзіне ғана. Ондай авторларды білеміз, бір де бір дереккөзге сүйенбейді. Оны енді критикалық ойлау қабілеті төмен адамдар шындық ретінде қабылдайды. Ғаламның сатылары, ментальды физикалық дене тағы басқа нәрселер туралы жазылған. Өзі тәңіршіл. Шынымды айтсам, мынаны 100 грамм ішпей оқу қиын сияқты. Мен тырыстым, шын. Бірақ арақ ішпеймін, оқи алмайтын болдым. Берген анықтамалардың барлығы үлкен әріппен жазылған. Мысалы: Космический Рыцарь Вселенной сияқты. Жалпы «Ақ сарбаз» деген өзі екен, ақ сарбаз ғасырдан ғасырға секіріп жүретін рух екен, ол бұрын Эхнатон да болған (Мысыр фараоны), Александр Македонский, Тимур Фрунзе, Степан Разин тағы басқа тарихи тұлғалар болған екен», -деп жазады Хамит.

Осылайша, ендігі келген түрі Ақ сарбаз Еділхан Шаймерденұлы болып шығады.

«Қазақты құтқарып жерұйыққа апаратын адам. Мына кісі 90 жылы тегі жұмыссыз қалған ба деп болжадым, өйткені ол биографиясын тізіп шыққан да, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін бір екі сөйлеммен жаза салған. Ол кезде талай адам ішіп кеткен, өзін таба алмай. Сосын кішкентай кезіндегісін оқыдым, сонда ғана түсіндім. Ол кісі кішкентайынан бері медитацияға түсіп әруақтармен сөйлесетін немесе билеп жүрген кішкентай адамдарды көрген екен. Барлығын оқыған жоқпын, бір бетте өзін Ақ сарбаз десе, келесі бір бетті «я» деп көшіп кетеді. Тіпті Люцифермен (Ібіліс) кездесіп, шайқасқанын да жазады. Кітапқа қарағанда өзін ауылдағы балалардан жоғары санайтын, өйткені бұрынғы өмірлерде жиған білімі оны басқаларға қарағанда эволюцияның жоғары сатысына қояды екен», - дейді ол.

Блогер өз сөзінде бұл адамда мегаломания бар деп есептейтінін қозғап өтті. Мегаломания – өзінің маңыздылығын асыра сілтейтін сандырақ түрі.

«Ондай адамдар өзін Наполеон, пайғамбар және тағы басқа тарихи тұлға деп санайды. Өзінің маңыздылығын арттырып, өзін өте танымал адам деп санайды. Жанаттың да сондайы бар, жаратқан оны таңдап алып сол арқылы сөзін жеткізеді дейді. Былықтың барлығы осыдан басталған. Достар, күлмеңдерші, адам психикалық ауруға шалдыққан. Ауру адамдарға күлуге болмайды. Мен де жазба жазғаныма өкінемін. Қатты аяймын ол кісіні. Ал осыған сенгендер бір сөзбен айтқанда өте надан адамдар, бүгінгі өмірде күн көрістен басын көтере алмай жүрген адамдар осындайға қатты құмар. Өйткені қатыгез өмірден құтылғысы келіп, өзінің қияли өмірлеріне қамалып қалады. Осы жақта осындайлар көп, өмір қатыгез, бір сынсаң, сындың деген сөз. Жақын адамдарыңа қорған болыңыз, мұндайға әркім тап болуы мүмкін», - деп жазды Айжан Хамит.

«АЛЛАНЫҢ АТЫНАН ЖАЛҒАН СӨЙЛЕУ – АУЫР КҮНӘ»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тележүргізуші Жанат Бақыттың жалған сөзіне қатысты ресми мәлімдеме де жасады.

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар халықтың жалған сөзіне сенбеуге, ел ішінде арандатушылық тудырудан сақ болуға шақырды.

«Әлеуметтік желідегі Жанат Бақыттың Алла Тағала туралы айтқан ауыр сөздері мұсылмандар арасында үлкен түсініспеушілік тудырды. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына әр өңірден түрлі пікірлер білдіріп, наразылық білдірген хаттар түсуде. Жалпы, шариғатта Алланың атынан жалған сөйлеу өте ауыр күнә екені айтылады. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құранның «Әл Анғам» сүресінің 144-аятында: «Адамдарды надандықпен адастыру үшін Алланың атынан жалғанды жалпағынан басатын пендеден өткен залым бар ма» деп баяндаған. Жалған сөйлеуден артық іс жоқ. Адамдар атынан наразылықтар көп түскен соң ресми мәлімдеме жасауға тура келді. Осы ретте барша мұсылман қауымын, барша отандастарымызды Жанат Бақыттың сөзіне еріп, дәстүрлі сенімімізге селкеу түсіріп, ел ішінде арандатушылық тудырудан сақ болуға шақырамыз», - деді ҚМДБ төрағасының орынбасары.