«AMANAT» партиясы су тасқынына тап болған батыс аймаққа жол тартты - Елнұр Бейсенбаев

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ, аманаттықтар инфрақұрылым нысандары мен жолдардың жай-күйін тексереді

Өткен аптада партияның республикалық штабының мүшелері үгіт-насихат науқаны кезінде Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына барып, өңірдегі су тасқынының салдарын өз көзімен көрді. Бұл туралы партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«AMANAT» партиясы еліміздің батыс аймағындағы жағдайды үнемі бақылауда ұстады.

«Дауыс беру аяқтала салысымен, депутаттыққа кандидаттар делегациясы мен партия белсенділері су басқан үйлердің тұрғындарымен кездесіп, гуманитарлық көмек көрсету үшін осы аймақтарға қайта жол тартты. Сондай-ақ, аманаттықтар инфрақұрылым нысандары мен жолдардың жай-күйін тексереді. Олар зардап шеккендердің барлығы келтірілген залал үшін өтемақы алып, аймақтағы жағдайды қалпына келтіру үшін қажетті көмек туралы ақпарат жинайды», - деп жазды Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар, ол партияның бағдарламасында көзделген бірқатар міндеттерді атап өтті.

«Бағдарламамызда біз еліміздегі инфрақұрылымды жаңғыртуды, қала мен ауыл тұрғындарын маусымдық су тасқынынан қорғап, гидротехникалық құрылыстар жүйесінде тәртіп орнатуды көздеген болатынбыз. «AMANAT» әрдайым халықпен бірге!», - делінген жазбада.