$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.03.2023, 19:06
Қоғам

Exit poll-дың жұмысы алдын ала болжам жасауға бағытталмаған - сарапшылар

Саясаттанушы өз болжамын айтты

Exit poll-дың жұмысы алдын ала болжам жасауға бағытталмаған - сарапшылар

Бүгін Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің аумағында мыңдаған бақылаушылармен қоса,  интервьюерлер де жұмыс істейді. Azattyq Ruhy тілшісі Exit poll өкілдері сайлаушылардың кімге дауыс бергені туралы деректерді қалай жинақтайтынын сұрады.   

«Экзитполдың методикасы сауалнама арқылы жасалады. Сайлаушы өзінің таңдауын жасап болғаннан кейін оның көңіл-күйіне қарай ауызша 5-6 сұрақ қоя отырып, сауалнама алынады. Жауап беру немесе бермеу респонденттің өз еркінде. Егер респондент жауап беруден бас тартса,  оны арнайы қағазға  түртіп алады. Онда ешқандай респонденттің мәліметтері көрсетілмейді. Тек қана жасы, жынысы және ұлты жазылады. Кейін дауыс берушілердің жауабын пайыздық мөлшерлемен есептеп шығарады»,- дейді саясаттанушы Мақсат Жақау.

Сарапшы exit poll өкілдерінің негізі жұмысы дауыс берушілердің кандидаттарын анықтау емес екенін айтты.

«Бұл жұмысты сауалнама жүргізетін азаматтар ерікті түрде атқарады. Бірақ exit poll-мен айналысатын ұйымдар міндетті түрде Орталық сайлау комиссиясында тіркеледі. Орталық сайлау комиссиясы әр екі сағат сайын тек келушілердің қарқынын біліп отырады. Кімнің кімге дауыс бергені тек кешкі сағат 20:00-ден кейін белгілі болады. Заң бойынша 12 сағат санақ жүргізіледі.

Сайлау процесі болашақты анықтайтын процесс. Exit poll-дың жұмысы алдын-ала болжам жасауға бағытталмаған. Азаматтық белсенділікті электорат қалай жасап жатыр, қай жерінде қателіктер кетті немесе оң тұстары бар, соны сауалнама арқылы ашып көрсетіп береді. Exit poll қоғамдық көмекші ретінде. Яғни, заң аясында сайлау қай деңгейде жүріп жатыр, халықтың көңіл-күйі қандай, кандидаттардың бағдарламалары халыққа өтімді болды ма, жоқ па, осыны анықтап отырады және заңдық негізде жүргізілуіне көмектеседі», - деп түсіндірді саясаттанушы. 

Десе де, Мақсат Жақау әдетте exit poll мен сайлау қорытындысының нақты нәтижесінің арасында аса алшақтық болмайтынын алға тартты.

«Бұған дейінгі сайлауларды мен көп байқадым, Президенттік сайлау болсын exit poll мен сайлау қорытындысының нақты нәтижесінің арасы +- 5 пайыз болды. Бұл дұрыс. 100 пайыз болжау мүмкін емес. Соңғы шетелдегі дауыс берген ел азаматтырының дауысы саналғанша тек алдын-ала сайлау нәтижесі жарияланады», - деп топшылады сөзін ол.  

Ал саясаттанушы Әсел Қайдарова басым дауысқа ие болуы мүмкін партияларды олардың бағдарламаларына қарай тізіп шықты.

«Партиялардың ішінен «AMANAT» басым дауысқа ие болады деп ойлаймын. Өйткені ол партияның бағдарламасы ерекше. Одан кейін «Ауыл» партиясы. Өйткені, халықтың 40 пайызы ауыл-аймақта тұрады. Содан соң «Respublica» партиясы да көштің басында болуы мүмкін. Бұл партия медицина, білім сапасы, жастардың мәселелеріне басымдық берді»,- дейді Әсел Қайдарова. 

Сондай-ақ, ол сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға енгізіліген оң өзгерістерді құптады. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілгенін ерекше атап өтті.

«Әйелдердің саясатқа көптеп баруын құптаймын. Ана мен бала, отбасылық зорлық-зомбылық мәселерін шешу үшін саясатта қыз-келіншектердің көп болғаны жақсы. Оның үстіне ел халқының 51 пайызы нәзік жанды.

2021 жылғы Мәжілісте 27  пайыз әйелдер болды. Бұл жолы 30 пайызды қамтиды деген ойдамын», - деді ол.   

Бұдан бөлек ол, партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайғаны да үміткерлерге үміт отын жаққаны жасырын емес екенін алға тартты.

Айта кетейік, экзитпол өкілдері жастардың бұл сайлауда белсенді екенін айтты.  Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жолы университеттер ішінде үгіт-насихат жүргізілмегенін алға тартқан еді.

«Біз студенттер сайлауға ұйымдасқан түрде қатысуға мәжбүр болады деген дәстүрлі сынға өте байыпты қарадық. Барлық ректорларға, деканаттарға, кафедраларға маңызды нұсқаулар берілді. Арнайы ахуалдық орталықтар құрылды, сондай-ақ, министрлік жанынан арнайы лауазым құрылды – студенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен, ол - Айсұлу Ерниязова. Осы алты айда ол барлық студенттермен, студенттік ұйымдардың президенттерімен жеке танысты. Кез-келген студент, егер оның құқықтары бұзылды немесе қысым жасалды деп санаса, оған тікелей жүгіне алады. Әр студент өз таңдауын жасайды. Біздің жоғары оқу орындарындағы кеңестердің шешімдерімен бұл жолы университеттер ішінде үгіт-насихат жүргізілген жоқ», - деді Саясат Нұрбек.

Соңғы деректерге сәйкес, 18:10-дағы жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 53,11%-ы бюллетеньдер алды.

Серіктес жаңалықтары