Елордадағы №201 сайлау учаскесіне келген ақ жаулықты анаға құрмет көрсетілді
83 жастағы Күлзира Бөктербай Астана қаласындағы өзі тіркелген 201 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
11 баланы өмірге әкеліп, отыздан астам немере, алты шөбере сүйіп отырған әженің айтуынша, оны сайлау учаскесіне үлкен ұлы ертіп келген.
«Дауыс беру әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы деп ойлаймын. Менің балаларымның арасында Қазақстанның өзге аймақтарындағы сайлау комиссиясына мүше болып, осы саяси науқанға ат салысып жатқандары бар. Мен балаларымды үнемі адалдыққа үйреткемін, сондықтан, олардың сайлау учаскесінде дауыс беру әділ өткеніне сенемін. Бүгін үлкен баламның қолы босағанда, учаскеге келіп, тағдауымды жасадым», - дейді Күлзира Бөктербай.
Осы аумақ бойынша сайлау учаскесіне келген ең жасы үлкен азамат ретінде Күлзира Бөктербай сыйлық алды.
«Ең бастысы - еліміздің тыныштығы. Қазір әлемнің біраз елінде тыныштық бұзылғаны рас, сондықтан, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан жастар Қазақстанның дамуы үшін, балаларымыздың әділ болашағы үшін еңбек ете берсін», - деді тілегін жеткізген әжей.