Жұлдызай Ысқақова әрбір депутаттың бағдарламасын зерттеп, дауыс беру керектігін айтты
Саясаттанушы Жұлдызай Ысқақова Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауындағы белсенділікке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бұл - соңғы 19 жылдағы қызықты сайлау. Сағат 14:10-дағы жағдай бойынша келушілердің саны 46,84 пайызды құрады. Бұл - осыған дейінгі президенттік сайлау мен референдумдағы дәл осы уақыттағы көрсеткіштен аз. Әлі адамдар сайлау учаскелеріне жете алмай жатыр деп үміттенемін. Себебі, қазіргі біздегі реформа, партиядан ғана емес, өзін-өзі ұсынғандар да сайлауға түсіп жатыр. Біз саясаттанушылар ретінде осы адамдар сайлауға баруға мотивация болады деп ойладық. Адамдар әлі де сайлауға қатысады деген ойдамын. Ол өте маңызды. Қазір біз тек партияны ғана емес, жеке тұлғаларды да таңдап жатырмыз», - деді Ысқақова.
Саясаттанушы атағандай, әрбір депутатты жіті зерттеп барып дауыс берген жөн.
«Егер біз бүгін дауыс бермесек, кімнен нені талап етеміз? Сондықтан, барлығы бір адамдай дауыс беруге келгенін қалаймын. Мен өзім 12-ге дейін дауыс берушілердің көрсеткіштер қатарына қосылдым», - деді Жұлдызай Ысқақова.
19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды.