Қазақстанда дәл бүгінгідей сайлау форматы тереңдей бергенін қалаймын – Мақсат Жақау

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Сарапшының пікірінше, бүгін өтіп жатқан сайлауда саяси технологиялар көрініс тауып отыр

Қазақстанда Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауының дәл осындай форматы одан әрі дами беруі керек, дейді Azattyq Ruhy тілшісіне пікір білдірген саясаттанушы Мақсат Жақау.

«Ең алдымен айтарым, бүгінгі саяси науқан - сайлаушылардың көптен бері күтіп жүрген сайлауының бірі деп ойлаймын. Сарапшы ретінде де, саясаттанушы ретінде айтарым, дәл осындай сайлау форматы елімізде одан әрі дами берсе екен, тереңдей берсе екен деген тілегім бар. Мен сайлау науқандарына 2004 жылдан бері қатысып келе жатырмын және осындай саяси технологияларды кеңінен қолдану форматы соңғы рет 2004 жылдары болған болатын. Одан кейінгі сайлаулар саяси партиялар тізімімен болғандықтан, ол науқандарда саяси технологиялар көп қолданылған жоқ. Міне, бүгін өтіп жатқан сайлаудың ерекшелігі осында», - дейді Мақсат Жақау.

Жалпы, Мақсат Жақаудың пайымынша, сайлау кезіндегі саяси технологиялар Қазақстанда сайлау мәдениетін қалыптастыруға да зор үлес қосады.

Естеріңізге сала кетейік, 19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды.

Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кіреді.

Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.