Өңірдегі су тасқыны салдарын жоюға 38 бірлік мамандандырылған техника, 277 адам жұмылдырылды
Қобда ауданы Қобда ауылындағы баспаналары су астында қалған тұрғындар үшін 24 үй салынады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданына сапары барысында тиісті тапсырма берді.
Белгілі болғандай, 13 наурыздан бастап Қобда ауылында 79 үй, 22 аула аумағы еріген қар суының астында қалған.
«Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын-ала мәліметтеріне сәйкес, 3 үй қалпына келтірілмейді, 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 17 үй суда тұр. Өңір басшылығы үш отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен тұрғын үй сатып алуды жоспарлағанымен, елдімекенде бос тұрғын үй болмай шықты. Соған байланысты үй салу жөнінде шешім қабылданды», - деп жазды Ержан Байтанаев.
Қазіргі уақытта елдімекенде су тасқыны деңгейінің төмендеуі байқалады. Жасанды су жинау, құм төсеу және су айдау жұмыстары жалғасуда.