Әлеуметтік кодекс: Бұл - өмірдің барлық кезеңінде адам құқығын қорғайтын құжат

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Күні кеше Сенат Қазақстанда жаңа құжат – Әлеуметтік кодексті қабылдады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Нұрсұтан Жорабаев

Сенат депутаттары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі мен бірқатар ілеспе заңдарды қабылдады. Әлеуметтік кодекс 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енеді, сәйкесінше, құжат аясындағы өзгерістердің бәрі шілдеден басталады, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Әлеуметтік кодексті әзірлеу - халықаралық стандарттарға сай келетін әлеуметтік қорғау жүйесін құру жөніндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызды шешімдері мен нәтижелерінің бірі. Әлеуметтік кодекс әртүрлі заңнамалық актілердің орнына әлеуметтік саясаттың құқықтық негізі болмақ, оның негізгі басымдықтары - халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі құрылады және әлеуметтік қамсыздандыруға жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінеді», - деді осы мәселе бойынша баяндама жасаған сенатор Ләззат Қалтаева.

КОДЕКС ҰЗАҚ ТАЛҚЫЛАНЫП, БІР ЖЫЛ ӘЗІРЛЕНДІ. ҚҰЖАТ МАЗМҰНЫ ОСЫ ЖҰМЫСТЫ АҚТАЙ АЛА МА?

Осы ретте біз Әлеуметтік кодексті әзірлеуге білек сыбана атсалысқан маман, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязовты сөзге тартып, құжатты әзірлеуге не түрткі болғанын, түгел Кодексті дайындау үшін қанша уақыт кеткенін және бұл Кодекстің ережелері қазақстандықтардың өміріне қандай әсер беретінін сұрап, білдік.

«Ең алдымен айта кететін мәселе, Әлеуметтік кодекс ұзақ уақыт дайындалған құжат емес, ол «біздің қоғамға қажет пе, жоқ па» деген тұрғысынан ұзақ талқыланған мәселе болды. Ал, дайындауға қабылданғанға дейінгі мерзімді қоссақ бір жылдан астам уақыт кетті. Яғни, Қазақстанның Әлеуметтік кодексін біз 2022 жылдың басында әзірлей бастадық», - деді Кодекстің талқылануына біраз уақыт кеткенін айтқан Асқар Ниязов.

Ал «қоғамға пайдасы тұрғысынан осынша уақыт талқылау мен дайындықты ақтайтын құжат болды ма?» деген сұрағымызға Еңбек министрлігінің өкілі былай жауап берді:

«Бұл сұрағыңызға былай жауап берейін: жалпы, әлемдік тәжірибеде Әлеуметтік кодекс барлық елдерде бола бермейді екен. Дамыған елдердің көбінде жоқ екен. Мәселен, Франция мемлекетін алсақ, бұл елде әлеуметтік кодекс ретінде 20 томдық құжат бекітілген. Әлеуметтік кодексті дайындауға Франция елі 10 жыл уақыт жоғалтыпты. Енді, 20 томдық құжаттың көлемі қандай болатынын да елестете беріңіз. Ол оқуға да ыңғайсыз, адамның түсінуіне де ыңғайсыз. Сондықтан, біз ондай құжат болмау керек деген ұстанымда болдық. Әлеуметтік кодекс туралы талқылау неге ұзақ болды десеңіз, біз ең алдымен құжатты қандай форматта жасаймыз, құжатта әлеуметтік салаға қатысты сұрақтардың бәрі қамтылу керек пе деген сияқты мәселелерді зерттедік. Өйткені, әлеуметтік салаға тек әлеуметтік-еңбек қатынастары емес, мәдениет, білім, денсаулық салаларының мәселелері кіреді. Егер біз осы саланың бәрін біріктіріп, үлкен әлеуметтік кодекс жасаймыз десек, құжатты бір жыл ішінде әзірлеу утопия болар еді. Екіншіден, Франция еліндегідей, том-том кітап болып шығатын еді», - дейді Асқар Ниязов.

Сондықтан, Еңбекмин өкілі атап өткендей, құжатты дайындаудағы басты мақсат – халық әлеуметтік құқығын қорғауға келгенде сүйенетіндей ортақ бір құжат дайындау болған.

«Әлеуметтік кодекстің ең бірінші мақсаты – халыққа ақпарат жеткізудің жеңілдігі болсын дедік. Мысалы, азаматтар әлеуметтік салада жұмыс істейтін заңдардың бәрін біле бермейтіні анық. Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты жеке заң, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға қатысты заң, мүгедектікке қатысты заң сияқты әлеуметтік салада жиырмадан астам заң бар. Ол заңдардың тізімін азаматтар біле бермейді. Құзырлы орган ретінде біз ол заңдарды Әділет министрлігінің сайтына, Еңбек министрлігінің сайтына, әртүрлі заңнамалық базаларға жариялап қоямыз. Бірақ, соған қарамастан, азаматтар «бұл салада қандай заң бар, оны неге біз білмейміз, қайдан оқи аламыз» деп сұрап жатады. Өйткені, заңдар көп, атауы да көп, халық бәрін бірдей біле бермейді. Міне, осы себепті, бірінші мақсатымыз – осы заңдардың бәрін бір құжатқа тоғыстыру болды. Яғни, енді кез келген азамат осы кодекс негізінде өзінің әлеуметтік құқығын көре алады, біле алады», -дейді Ниязов.

«БҰЛ - АДАМ ӨМІРІН ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС»

Асқар Ниязовтың айтуынша, Үкімет азаматтың өміріндегі әр кезеңге қатысты әртүрлі міндеттеме алады. Бірақ, сөз басында айтқанымыздай, оның бәрі жеке-жеке заңнамалық құжаттармен реттелетіндіктен, бір жүйе жоқ жұмыс орнайтын. Оның үстіне, мәселен, Қылмыстық кодекс, Әкімішілік кодекс сияқты азаматтың мемлекет алдындағы міндеттерін айқындайтын жеке кодекс бар да, ал мемлекеттің азамат алдындағы міндеттерін бір жүйеге келтірген кодекс болмаған. Сондықтан, жаңадан қабылданып отырған Әлеуметтік кодекс адам өміріндегі бүкіл кезеңді қамтитындай етіп әзірленген. 

«Бір сөзбен айтқанда, Әлеуметтік кодекстің ішінде адамның дүниеге келгеннен бастап, дүниеден өткенге дейінгі әлеуметтік жәрдемақылардың бәрі қамтылған. Мысалы, бала тумай жатып-ақ, анасының бойына біткенде ол жүктілікке байланысты жәрдемақысы, туғаннан кейін босануға байланысты берілетін мемлекеттен беретін жәрдемақысы, бала бір жарым жасқа толғанша төленетін жәрдемақы, көпбалалы отбасылар үшін бала кәмелет жасына толғанша, кейін, оқуын аяқтағанша төленетін жәрдемақы бар, міне, осылайша, бала туып, есейгенге дейін берілетін жәрдемақылардың бәрі қалыптасқан. Одан кейін, есейген бала оқуын аяқтап, жұмысқа тұрады, міне, сол кезден бастап санағанда, бұл кодекс жұмыспен қамту заңнамаларының ережелерін біріктіріп әкетеді. Яғни, жұмысқа орналасу, жұмыстан айырылған жағдайда әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жәрдемақы, жұмыс кезінде немесе жалпы өміріндегі қауіп-қатерлердің салдарына (мүгедектік алатын азаматтар – ред7) қатысты жәрдемақылар, содан барып, бұл тізбекті зейнетақы жүйесінің заңдары алып кетеді. Зейнетақы жүйесіндегі мемлекеттің міндеттемелерінен кейін адам көз жұмғаннан кейін берілетін төлем де орындалады. Яғни, бала тумай жатып төленетін жәрдемақы мен адамды жерлеуге берілетін жәрдемақы кезеңінің бәрі бар», - деді сөзін түйіндеген А.Ниязов.