Өткен жылдың қорытындысы бойынша урбанизация деңгейі 61,5 пайызға жеткен
Қазақстанда қала мен ауыл тұрғындарының саны арасындағы алшақтық күшейе түсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша урбанизация деңгейі 61,5 пайызға жетті. Билік болжамынша бұл 2025 жылға дейін болатын көрсеткіш еді. Соңғы жылдары (2018 жылдан 2022 жылға дейін) елдегі қала халқының үлесі шамамен 4 пайызға өсті. Ауыл тұрғындарының үлес салмағы тиісінше төмендеп, 2023 жылғы 1 қаңтарға қарай 38,5 пайызды құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚАЛА ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ ҮЗДІКСІЗ ӨСІП КЕЛЕДІ
2018-2022 жылдар аралығында қалаларда өмір сүріп жатқан азаматтардың саны 1,5 млн адамға көбейді. Осылайша, қалалықтардың саны 12 млн адамға жақындады. Шаһарлар туу көрсеткіші және көші-қон ағынының арқасында да өсті. Осы жылдар ішінде қалалардың көші-қон сальдосы оң болып, 2022 жыл соңында 60,1 мың адамды құрады.
Ауылдарда тенденция басқаша. Finprom.kz мәліметінше, Соңғы бес жылда ауыл халқының саны 193 мыңға (минус 2,5%) азайып, 7,5 млн адамды құрады. Мәселен, 2022 жылы ауыл халқының көші-қон сальдосы минус 67 мың адамды құрады.
Статистикаға сүйенсек, ауыл тұрғындары Қазақстан ішінде, ірі елді мекендерге және шетелдерге қоныс аударған. Өңірлер ішіндегі басты бағыт – облыстың ірі қалалары. Өңірлік көші-қон статистикасы Қонаевтан басқа барлық облыс орталықтарының оң сальдосы бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар, қалалардағы олардың халқымен салыстырғанда өсім айтарлықтай көп емес. Мысалы, 2022 жылы Қарағанды өңірішілік көші-қон сальдосы 3,3 мың адамды құрады. Жарты миллион халқы бар кеншілер астанасы үшін бұл тек 0,6% құрайды. Тағы бір мысал — Түркістан, онда өз өңірінің тұрғындары есебінен көші-қон сальдосы небәрі 583 адамды құрады (жалпы санының 0,3%).
Ең үлкен урбанизация тек Алматы мен Астанада болды. Бұл мегаполистерде көптеген жылдар бойы оң көші-қон сальдосы болды. Өткен жылы елорда халқы өңірлерден 33,8 мың қазақстандықпен толықты. Алматыда ішкі көшіп-қонушылар қала халқының жалпы санына 35,3 мың адамды қосты.
Өңіраралық көші-қонға келетін болсақ, тек мегаполистер мен Алматы облысы 2022 жылы келгендер мен кеткендер арасындағы айырмашылықтың оң көрсеткіштеріне ие болды. Барлық басқа аймақтарда теріс сальдо тіркелді. Бұл дегеніміз, бұл аумақтардан олар келгеннен гөрі көбірек кетеді. Өткен жылы облыстар арасындағы көші-қон екі негізгі бағытқа ие болды. Оңтүстік өңірлердің тұрғындары жақын маңдағы ірі мегаполистерге, Алматы мен Шымкентке, ал солтүстік және орталық облыстардың азаматтарының басым бөлігі астанаға көшкен.
КӨШІ-ҚОН АҒЫНЫ ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ БАСЫМ?
Ең маңызды көші-қон ағыны Түркістан облысында тіркелді (минус 18,1 мың адам). Бұл көрсеткіш Шымкент, Алматы және Алматы облыстарына қоныс аударушылар есебінен жасалып отыр. Екінші орында Жамбыл облысы (минус 10,3 мың адам) тұр, оның тұрғындары да өткен жылы Алматы агломерациясына көшіп келген. Оңтүстік ағынның негізгі үштігін Жетісу облысы (минус 8,9 мың адам) аяқтайды. Онда аумақтық бөліністен кейін айқын көші-қон ағыны көрінді. Бұл аймақтан қазақстандықтар негізінен Алматы мен Алматы облысына көшіп келген.
Адамдар тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, жоғары жалақы алатын жұмыс табуға болатын жерге көшеді. Еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан өңірлер де, мегаполистер де мұндай көші-қонға дайын емес.
Қазақстанда урбанизацияның бақыланбайтын сипатқа ие екендігі бір жыл бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (ЕХӘҚМ) танылған болатын.
Бұл туралы 2022-2026 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасында айтылды. ҚР Еңбек ресурстарын дамыту орталығының талдаушыларының болжамына қарағанда, еңбек нарығындағы жағдай 2023-2030 жылдар шегінде және одан әрі қолданыстағы теріс сценарийге сәйкес келетін болады. Солтүстік пен Шығыста жұмыс күшіне ең аз сұраныс қалыптасады деп күтіліп отыр. Ең көп бос жұмыс орындарын Астана, Алматы және Шымкент ұсынады.
БОЛЖАМ БОЙЫНША СОЛТҮСТІК ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ 34 ПАЙЫЗҒА АЗАЯДЫ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, қазіргі тенденциялар сақталған жағдайда, Қазақстанның солтүстік облыстарының халқы 2050 жылға қарай жалпы саны 600 мың адамға қысқарады. Оңтүстікте тұратындардың саны (Алматы мен Шымкентті есептемегенде) 1,6 млн азаматқа өседі. Нәтижесінде оңтүстік өңірлердегі халық тығыздығы солтүстікке қарағанда төрт есе жоғары болады.
Демографиялық ахуалдың базалық сценарийіне сәйкес 2050 жылға қарай Астана, Шымкент және Маңғыстау облыстарының халқы екі есеге өседі (2022 жылмен салыстырғанда). Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы азаматтар саны 15% -16%-ға, Қостанай облысында — 22%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында — 34% - ға қысқарады.