Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатында 214 млн га жер бар
Елімізде егін егіп, мал өсіремін деген шаруалар мемлекеттен берілетін тегін жерді ала алмай жүр. Тіпті жердің кім алатынын «комиссия шешеді» десек артық айтпаймыз. Жер «көз қысты, бармақ бастыға» беріліп жатыр. Оған себеп – заң нормасы реттелмеген. Ұлттық палатаға шаруалар «таныс не жекжатсыз жер ала алмай жүрміз» деген уәжбен жиі келеді. Мәселенің мәнін «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан мәлім етті. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі ҰКП-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 272,5 млн га жердің 214 млн га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап. 184 млн га жайылым жер бар. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы айналымда – 113 млн га. Шамамен 70 млн га резервте бар. Көбіне жайылым жер игерілмей жатыр.
Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысу (егістік, мал өсіру т.б.) үшін жер учаскелері тек жалға беріледі. Оны мемлекеттен конкурс арқылы алуға болады. Ал конкурсқа үш адам қатысып, олардың ұпайы бірдей болса, жер комиссиясының мүшелері жерді кімге беретінін өздері шешеді. Басқаша айтқанда, кім комиссияның «көңілінен шықса», жер соған тиесілі. Бұл – жемқорлыққа әкелетіні сөзсіз. Мұндай жемқорлықты жойып, конкурстың талабын жетілдіру үшін Ұлттық палата сарапшылары салалық мемлекеттік органға – Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыныс жасаған.
«Жерді алу үшін конкурсқа қатысқанда бір критерий болатын және оған ұпай қойылатын. Кәсіпкер болашақта сол жерге қанша ақша саламын деп уәде берсе, ұпайы да сонша жоғары болатын. 1-20 ұпай арылығында есептелетін. Мысалы, жайылымның 1 гектары үшін 31 мың теңге саламын деп көрсетсе, онда ол кісіге 20 балл қоятын. Бірақ оны растайтын құжат талап етілмейтін. Тек бизнес жоспарда көрсетеді. Ал кім қаржыны көбірек көрсетсе, жерді сол алады. Кейін ол көрсетілген қаржы жерге жұмсалды ма – оны ешкім қадағаламайды. Тіпті конкурстың талабында қаржыны салу мерзімі де жоқ. Біз белгілі бір мерзімде уәде берген қаржысын – инвестициясын жерге салсын деген талап қоюды ұсындық. Яғни, көріп тұрғанымыздай, конкурстың өткізілуі «шикі» болатын», – деп түсіндірді Ернұр Әбжан.
Маманның айтуынша, бұл жағдай жемқорлыққа әкеп соғып жатыр. Осы конкурсты реттейтін қағидада «конкурсқа қатысқан екі немесе үш адамның ұпайы бірдей болса, онда жеңімпазды комиссия мүшелері дауыс беріп анықтайды».
«Мұндай жағдайлар көп. Мысалы, ауыл әкімі «Мен мына кәсіпкерді танимын, белсенді, жерді соған берейік» десе, жер сол адамға беріледі. Бұдан бөлек шаруалар «таныссыз, не жекжатсыз жер ала алмаймыз» деп шағымданады. Дәл қазір 3-4 кәсіпкердің жер алуы үшін конкурс құжатын реттеумен айналысып жатырмын. Оларға әкімдіктегілер тікелей айтады: «жердің иесі бар, босқа келіп жүрсің». Конкурс болмай жатып, иесі дайын тұрады. Себебі кәсіпкерлер бизнес-жоспарда кім көп ақша көрсетсе, жер соған берілетінін біледі. Талап сондай. Олар солай барынша жоғары сома көрсетеді. Жоғары ұпайды алады. Бірақ соңына келгенде жерді комиссия мүшелері береді. Жер учаскелері осы конкурс – Ауыл шаруашылығы министрлігінің «қисық қағидалары» арқылы жыл сайын шамамен 3-5 млн га жер шаруаларға беріледі», – деп атап өтті маман.
Ұлттық палата сарапшылары салалық мемлекеттік органға «шаруалардан осындай шағымдар келіп жатыр, қағидаңыз дұрыс емес» деп бір емес, бірнеше рет, бір емес, үш жыл бұрын хабарлаған. Заңнамадағы олқылықтарды ойып тұрып, нақты ұсыныстарын жеткізген. Бұдан бөлек Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына және Президент тапсырмасымен құрылған жұмыс тобына да шығарған. Ұлттық палата сарапшылары конкурс қағидасына Жер кодексіндегі талаптарды енгізуді ұсынған.
«Жер кодексінің 43-1-бабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді берудің шарттары жазылған. Жер беру кезіндегі инвестициядан (құятын қаржысынан) бөлек, қандай агротехнология қолданылады, техникасы, мамандары бар ма, малы бар ма – осы сияқты көптеген критерий көрсетілген. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі бұлардың бәрін конкурстың қағидасына енгізген, бірақ оған ұпай бермейді. Тек инвестициясына ұпай қойылады. Сонда қалған талаптардың мәні жойылады. Бұлардың бәрін айттық. Конкурстың қағидасына қандай өзгеріс керегін жеткіздік», – деді Ернұр Әбжан.
Бұған дейін мемлекеттік орган «елемеген» мәселелер енді қозғалып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі конкурстың қағидаларын өзгертуге кірісті.
«Өткен апта «Атамекенге» АШМ конкурс қағидасының өзгерістерін келісуге жіберді. Бұрынғы инвестицияға қойылатын ұпай төмендетілген – 5 ұпай. Конкурстағы бір өтінім бойынша 29 ұпай жинауға болады. Бірақ біз ұсынған қосымша талаптар енгізілген, бірақ бәрі емес. Сондықтан әлі де олқылықтар бар. Мысалы, біз инвестиция құюдың мерзімін – қаржысын қанша жылда игеретінін көрсетуі керек деген талапты ұсындық. Осы және басқа да талаптар қағидаға енгізілмеген», – деді маман.
Ұлттық палата сарапшылары бұл конкурстың қағидасы толық реттелгенше – жемқорлық фактілері жойылғанша мәселені көтеруді тоқтатпайды.