Әскери қоймада утилизациядан түскен қаражат ұзақ жылдар бойы ұрланған
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Казтехнология» компаниясы басшылығы бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы экономикалық тергеу департаменті хабарлайды.
«Казтехнология» АҚ Арыс пен Отар әскери бөлімдерінде қару-жарақты утилизациялағаннан кейін, лом металдарды сату кезінде 1,7 миллиард бюджет ақшасын ұрлаған. Бұл іс 2013 жылдан бері келе жатыр. Қазір тергеудің алғашқы кезеңі жүріп жатқандықтан анық-қанығын ашып айта алмаймын»,- деді бұл туралы департамент өкілі Болат Қамитов.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы экономикалық тергеу департаментінде 200-ге жуық жемқорлық ісі қаралып, оның 108-і сотқа жолданған. Сот нәтижесінен кейін 2,5 млрд жуық теңге бюджетке қайтарылды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан