Кинология қызметі: иісшіл иттерге есірткі берілетіні рас па

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Полицияның төрт аяқты көмекшілері өскелең ұрпақты тәрбиелеу жұмысына қатысады.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында иісшіл иттердің көмегімен 700-ге тарта қылмыстың беті ашылды. Әсіресе есірткі тасымалдаушылардың жолын кесуде төрт аяқтылардың тигізер пайдасы зор, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ИІСШІЛ ИТТЕР ҚАНШАМА АДАМДЫ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Полиция сержанты Рашид Сұлтанов қызметін Петропавл қалалық полиция басқармасының құрамындағы патрульдік полиция батальонында бастаған. Аздап тәжірибе жинағаннан кейін кинология қызметінен ұсыныс түскен. Көп ойланбапты. Өйткені иттерді бала кезінен жақсы көретінін айтады. Ал оларды үйрету, бағып-қағу әдістерін меңгеру – мақсатына айналған.

«Ит – адамның досы. Осы сөзге бірнеше мәрте көзім жетті. Ал қызметте сенімді серігім. Кинологтар итті күшік кезінен тәрбиелейді. Әр маманға бекітілген жануар болады. Адамдар сияқты олардың да жеке ерекшеліктері, мінезі бар. Кинолог осыны ескеруі шарт. Табиғаттан иттердің иіс сезу қабілеті өте мықты. Біздің міндетіміз – оны дамытып, мүмкіндікті пайдалану. «Иісшіл иттерге есірткі беріледі, сондақтан олар есірткіні тез табады» деген пікірді бірнеше рет естідім. Бірақ олай ойлау – қате. Олар есірткіні ғана емес, ақша, қылмыс айғақтары сынды тағы басқа да заттарды табады. Зілзала болып жатқан Түркияда да иісшіл иттер қаншама адамды тонналаған үйінділердің астынан тауып алып, белгі беріп жатқанын теледидар арқылы көріп жүрміз. Бәрі үйретуге байланысты», - дейді Рашид Сұлтанов.

Рашидтің серігі – Көкжал лақап атты бельгиялық овчарка. Жас жігіт пен төрт аяқты көмекшісі арнайы дайындық курсынан өтіп, батальон құрамында қызмет етіп жүр. Көкжал – із кесуге маманданған. Мұндай иттердің күдіктілерді, із-түссіз жоғалған адамдарды іздеуде көмегі зор.

«Бірде қылмыс орнынан сыңар қолғап табылды. Ұрлық болған еді. Оның қарақшыға тиесілі екеніне көзіміз жетті. Сипаттама бойынша үш күдікті анықталды. Оларды тексере келе ит қолғаптың иесін бірден көрсетті. Бізге жабық бөлмелерде, ашық аспан астында, кез келген ауа райында жұмыс істеуге тура келеді. Төрт аяқты көмекшілеріміз соның бәріне төзімді. Қызметтік иттің жұмыс істеуіне тек жауын-шашын ғана кедергі келтіреді. Әйтпесе ауа райын талғамайды», - дейді кинолог.

Ерекше айта кететіні СҚО полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы – мектеп оқушылары жиі экскурсияға баратын орындардың бірі. Қызметкерлер иттерді қолдану арқылы қылмыскерлерді ұстау мен есірткі іздеуді көрсетеді. Осылайша полицияның төрт аяқты көмекшілері өскелең ұрпақты тәрбиелеу жұмысына қатысады. Ал өз кезегінде Көкжал да балаларды жатырқамай, олармен бірге қуана суретке түседі.

«Тиімді қызмет атқару үшін жағдай жасалып келеді. Киім мен арнайы құрал-жабдықтар бөлінеді, баспана жалдап тұратын қызметкерлерге ақшалай өтемақы төленеді. Тек қызметке келетін адамның иттермен жұмыс істеуге қабілеті және жауапкершілігі болуы шарт. Кинолог болғысы келетіндер болса, қуана қарсы аламыз», - дейді СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы полиция майоры Самат Төлебаев.

Кинологтар күн сайын иттермен бірге қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Жұмысшы жетіспегендіктен, салмақ та көп. Мамандар төрт аяқтылардың да қатарында үздіктері болатынын айтады. Мәселен Гретт лақап аты бар төбет қызмет барысында жалпы салмағы 49 келіден асатын марихуана есірткісін әшкерелеген. Заңсыз айналымнан алынған қауіпті зат жүздеген адамның есірткіге уланбауына септескені айтпаса да түсінікті.

Қызметтік иттер өз иесіне адал келеді. Сондықтан бұл төрт аяқтылар тек басшысының ғана бұйрығын орындайды. Ол үшін кинологтар күніне бірнеше сағат бойы арнайы жаттығу жасап, түрлі айла-тәсілдерді үйретеді.

ИТТЕР ДЕ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒАДЫ

Талай жыл әскери қызметте болған – Нұрлан Жауар ауданнан арнайы келді. Себебі оның бұрынғы сенімді серігі зейнетке шықты. Енді оның орнын Дон атты неміс овчаркасы баспақ.

«Жуырда Жасқайрат ауылында бала жоғалып, біз оны екі күн бойы іздедік. Итім бос тұрған үйдің есігін тырналап тұрып алды. Сөйтсе бала ішке кіріп, құлыпты іліп алған екен. Қазір қыс уақыты, дала аяз. Кешігіп қалсақ, бәрі басқаша аяқталуы мүмкін еді. Өкінішке қарай ол итті зейнетке жібердік. Ал жаңадан алып жатқан мына сақ құлақ та өз қызметіне адал болады деген ниеттемін», - дейді Уәлиханов аудандық Полиция бөлімшесінің инспектор – кинологы Нұрлан Жауар.

Солтүстік Қазақстан облысында 52 иісшіл ит қызмет етеді. 2022 жылы олардың көмегімен 700-ге жуық қылмыстың беті ашылды. Көбі есірткі тасымалы, ұрлық және жарылғыш зат табуға байланысты. Алайда бұл салада маман тапшылығы байқалады.

«Кинологтардың жұмысы оңай емес. Иттің бабын табу керек. Ал оған асқан шыдамдылық қажет екені айтпаса да түсінікті. Одан қалды біздің мамандар жарылғыш затты іздеген кезде өмірін қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүреді», - дейді Самат Төлебаев.

Мамандар иісшіл иттердің күтіміне асқан жауапкершілікпен қарайды. Күніне екі мәрте арнайы дәрумендер қосылған тамақ беріледі. Сақ құлақтар – кез келген уақытта шақыртуға шығуға сақадай сай болуы шарт.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы елімізде кинологиялық бөлімшелердің қатысуымен 6023 құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде 2 360 ұрлық, 188 тонау, 26 қарақшылық, 55 кісі өлтіру дерегі бар.

Сондай-ақ, отандық кинологтар қызметтік иттерімен бірге есірткі контрабандасы фактілерін анықтау үшін пошта жөнелтілімдерін әрдайым тексеруге қатысады.

Осылайша, өткен жылы иісшіл иттердің көмегімен 636 келіден астам есірткі, оның ішінде 114 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберудің жолы кесілді. Кинологиялық қызметтің арқасында есірткінің заңсыз айналымының 900-ге жуық фактісінің жолы кесілді.

Ескерте кетейік, елімізде есірткіні жарнамаланып, насихатталғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Ол бойынша жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Бірер жыл бұрын Үкіметтің қаулысы күшіне еніп, онда бірқатар синтетикалық есірткілер мен прекурсорлардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Соңғы жылдары мемлекеттің бақылауына психобелсенді заттардың 100-ден жаңа түрі енгізілді. «Пировалерон» (жылдамдық), «мефедрон» (меф) және синтетикалық каннабиноидтар (спайсы) сияқты синтетикалық есірткілердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын есірткінің криминалдық салмағы (50 грамнан 1 граммға дейін) төмендеді. Мұндай шара есірткінің заңсыз айналымы үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған.