«Өз ұлыма үлгі болғым келеді»: соңғы жылдары еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге ынтық

Автор: Azattyq Rýhy

«Сөйле» тілдесу клубы еліміздің 12 өңірінде қазақ тілін тегін үйретеді

Технологиялар заманында тілді онлайн меңгеру тәсілдері жетерлік. Бірақ өзара көзбе-көз әңгімелесу практикасы қашанда ұтымды. «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында «Сөйле» тілдесу курсын жүзеге асыруда. 

Алматылық Леонид Борисенко есімді азаматтың Астанаға қоныс аударғанына көп болған қойған жоқ. Мамандығы геолог-барлаушы. Леонидтің отбасы әзірге Алматыда қалғандықтан бос уақытын қазақ тілін үйренуге жұмсауды жөн көріпті.

«Сөйле» клубы туралы әлеуметтік желіден естіп білдім. Бұған дейін де қалай тілін үйренемін де талай мәрте оқталған едім. Бірақ тиімді құралын таппай жүрдім. Осы жаңалықты оқығаннан кейін бірден қатысамын деп шештім, оның үстіне тегін. Сабаққа келу уақыты да тиімді. Мен қалада өскендіктен, өкінішке қарай, араласқан ортамның басым бөлігі орыс тілді болды. Бала күнімде қазақ тілін үйрену үшін тіпті ауылдағы ата-әжемнің де қолына барып көрдім, бірақ ол жақта керісінше жергілікті балалар менен орыс тілін үйреніп жүрді», - дейді ол.

Леонидтің жасы 38-де. Бірақ оған қарамастан тіл үйренуге деген құлшынысы мықты. Айтуынша, қазақ тілін білу – әрбір қазақстандықтың парызы.

«Өкінішке қарай, мен қарапайым тұрмыстық сөздерді де жақсы түсіне бермеймін. Менің мақсатым – тілді жетік меңгере алмасам да, жоқ дегенде айналамдағы адамдардың не айтып жатқанын түсінгім келеді. Мен қазақ тілінде ғылыми жұмыс жазуды көздемеймін. Дегенмен, тұрмыстық сөздерді білу керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, осы әрекетім арқылы мен өз ұлыма үлгі болғым келеді. Ол да келешекте қазақ тілін жақсылап меңгеріп алса деген ниетім бар. Жасыратыны жоқ, орыс тілді ортада «қазақ тілін қайтемін, орыс тілі бар ғой» деп қолын сілтейтіндер де кездесіп жатады. Ал мен ұлыма мемлекеттік тілді білу керектігін және болашақта елімізде қазақ тіліне деген сұраныстың арта түсетіндігін жеткізгім келеді», - дейді Леонид.

Курста оқытушылар қатысушыларға мейлінше қазақ тіліндегі видеоларды көруге кеңес береді. Әсіресе YouTube желісіндегі қазақ тілді подкасттар да тілді тезірек үйренуге ықпалын тигізеді. Себебі ондағы диалогтар көбіне күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым сөздерді қамтиды.

Сөйле клубының тиімді тұсы – мұнда оқытушылар келушілерге үйіп-төгіп үй тапсырмасын бермейді. Өйткені көбі қызметтегі кісілер болғандықтан, сабақ орындауға уақыттары бола бермейді. Курстың сабақтары аптасына екі мәртеден өткізіледі.

«AMANAT» партиясының қолдауымен ашылған «Сөйле» тілдесу клубы еліміздің 12 өңірінде қазақ тілін тегін үйретеді. Қатысушыларға сабақты жай ғана мұғалім емес, жаңашыл әдістерді меңгерген мамандар береді. Жобаның іске асуына себепші болғандардың бірі белгілі блогер, қазақ тілінің жанашыры - Яков Федоров. Оның сөзінше, курста тіл тиімді әдіс бойынша үйрететіледі.

«Бізде бір күннің ішінде екі сабақтан өтеді. Оған барлығы 60-тан аса адам қатысады. Сонымен қатар, түсінбей қалған адамдар үшін арасында қосымша сабақтар өтікізіледі. Қатысушылардың тіл үйренуге деген ынталары өте керемет деуге болады. Өзім де осындай адамдармен жұмыс істеп жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл жерге тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де көп келеді. Олардың әсіресе демалыс күндері уақыт тауып келетіндері өте ерекше қуантады. Бұл жерге кез келген жастағы адамдар келе алады. Тілді жастар тез, үлкендер бояу үйренеді деп айта алмаймын. Барлығы да адамның ниетіне байланысты», -дейді курстағы оқытушылардың бірі Алуа Асанбай.

«Сөйле» клубының тілді үйрету форматы ерекше. Мұнда оқытушылар ереже түсіндіріп, диалог құрумен ғана шектелмейді. 

«Практика, сұхбат, Speaking, тест тапсырмаларында түрлі жанраларды қолданамыз. Одан бөлек, қазақ тарихына да қатысты дүниелерді айтуға тырысамыз. Ол үшін театрларға барып, тарихи қойылымдарды тамашалаймыз. Сондай-ақ, арасында музейлерге барамыз. Яғни мұнда қатысушыларға қазақ тілін үйретіп қана қоймай, сонымен қатар тарихты да оқытамыз. Осылайша, сабақты барынша қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Мұндай тәсілдер көпшіліктің қызығушылығын оятатыны сөзсіз. Өйткені әлеуметтік желі арқылы маған күніне 10 шақты хат келеді. Барлығы осы клубқа қалай қосыламыз деп сұрап жатады. Бізде резервтегі тізімімізде өте көп адам бар. Сондықтан да менің ойымша, мұндай клуб біздің елімізге өте қажет және оның ғұмыры ұзақ болатынына сенімдімін», - дейді Алуа Асанбай.

Курста шеберлік класын өткізетіндердің бірі – поглиглот Владислав Тен. Ол да қазақ тілін өз еркімен жетік меңгергендердің бірі.

«Мен клубка айына екі мәрте келіп, қатысушыларға өз білген-түйгенімді үйретемін. Мен көбінесе қазақ тілінің грамматикасына мән беремін. Яғни қазақ тілінің грамматикасын орыс тілінің ережесімен салыстыру арқылы түсіндіремін. Жалпы курсқа қазақ тілін үйрену үшін келетіндердің тілді үйренудегі себептері әртүрлі. Байқағаным көбінесе орыс тілді қазақтар келеді. Олар өз ана тілдерін білігісі келеді, өз ана тілдерінде сөйлегілері келеді. Ал өзге ұлт өкілдері туралы айтар болсақ, оларға көбінесе қазақ тілі жұмысқа қажетті болып жатады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары да келеді. Мектеп оқушыларының ішінде әсіресе отбасында орысша сөйлейтін қазақ балалары көп. Солардың ата-аналарына айтарым, егер балаларыңыз қазақша жақсы сөйлесін десеңіз, онда үйде барынша қазақ тілінде сөйлесу керек. Балалар емтихан тапсыру үшін, жақсы баға алу үшін осындай орталықтарға келіп, қазақ тілін үйреніп жатады», - дейді Владислав Тен.

Алматылық ерікті Ариана Белобжицкая да осы жоба арқылы қазақ тілін наисхаттауға өз үлесін қосып жүргендердің бірі. Бұл туралы ол AMANAT партиясының XXV съезінде айтқан еді.

«Мен мақтан ететін жобалардың бірі – «Менің елім – менің тілім». Осы жобаның арқасында Астана, Алматы және өзге 10 облыста қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін «Сөйле» атты клуб ашылды. «Сөйле» клубы арқылы қазақ тілін үйренуге құштар жандардың саны күннен күнге арттып келе жатыр. Алматыдағы осындай жобаның бірінде мен мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесімді қосып келемін», - деді Ариана Белобжицкая.

Айта кетерлігі, клубтың филиалдары Астана, Алматы қалаларында және Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында бар.

Айжан Жанатқызы