ТОП-5: Қазақстанның ең танымал көрікті жерлері

Azattyq Rýhy

Былтыр Қазақстанға 610 мыңнан астам шетелдік турист келген

ТОП-5:  Қазақстанның ең танымал көрікті жерлері

Ішкі туризм көрсеткіштері де біршама өскен. Саяхатшылар мен тұрғындар көбіне қандай жерлерге барған үздік бестікті Мәдениеті және спорт министрлігі анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Шарын» шатқалы  - саяхатшылар құмартатын үздік бестіктің 5-орнында тұр. Былтыр бұл орынды 45 мыңнан астам адам аралаған. 4-орынға Баянауыл жайғасқан. Былтыр ұлтық саябаққа  84 мың турист барған. Үшінші орындағы Көлсай көлдеріне 190 мыңнан астам турист барған. Бурабай ұлттық саябағы екінші орынға жайғасса, Іле-Алатауы ең танымал орын атағын жеңіп алған. Іле-Алатауға өткен жылы 628 мың турист барған. Оның ішінде алматылық Гүлтай Хасенова да бар.

Оның айтуынша, біздің еліміз көркем жерлерге бай, табиғаты керім, дархан дала. Шетелдік туристер арасында да танымалдылыққа ие.

«Мен барған жерлердің көбінде ресейліктер көп болды. Көлсай көлдерін Швейцария деп те атар едім. Әдетте, «Кіші Швейцария» деп Бурабайды атайды. Бірақ Көлсайдың табиғаты да одан кем емес. Мен күз мезгілінде болдым. Таудағы күздің суреті өте керемет.Жерде сары кілем іспеттес жапырақтар жайғасқанын көрудің өзі – бір бақыт. Ал ол жердегі қарағайлардың бейнесі мәңгі жадыңда сақталардай. Туристер әртүрлі турлардың көмегімен ағылып жатты. Табиғат  өзінің ең асыл, көркем жерлерін таудың басына тығып тастағандай көрінеді. Көлсай, Қайыңды көлдері, Іле – Алатау  ұлттық паркіндегі Есік таудың ішінде, орманның ортасында орналасқан. Алайда адамзат бәрібір оған жетіп, керемет жерлерді көру үшін, онымен бірұтас болу үшін жол салып алған», - деді Хасенова.

Оның айтуынша, бұл әсем орындарға жасалатын турлардың бағасы барлығына қолжетімді.

«Бір күндік, екі күндік турларды алып, табиғаттың әсемдігіні  куә болуға болады. Мен барған кезде елдің түкпір-түкпірінен туристер жиналды», - деді ол.

Сондай-ақ Гүлтай Іле-Алатау ұлттық паркіне кіретін Есік көлі мен Түрген шақалындағы сарқырамаларға барған.

«Түрген шатқалына көтерілу өте қиын. Дегенмен адамдар оның үстіне шығып, табиғаттың сыйын көруге ағылып жатқанын көруге болады. Еңбекшіқазақ ауданына жататын орында ежелгі сақтар мекендеген. Сақтардың қорғандары қазір қоршалып жатыр. Жолдар салынып, туристерге арналған арнайы орындар да жасақталып жатыр. Сондықтан еліміздің әсем жерлерін барып тамашалауға жақсы жағдай жасалып жатыр деп ойлаймын», - деді ол.

Шарын шатқалына жолы түскендердің бірі  - Ботагөз Сәрсенова. Ботагөз шатқалды көру үшін Маңғыстау облысынан барғанын айтты.

«Мен Маңғыстаудың киелі жерлерін аралап, Бозжыра, қызылқұп деген ерекше шатқалдарды көргеннен кейін елдің басқа өңірлеріндегі әсемдікті көруге құмарттым. Әрине, бірден Алматы облысы басты назарға алынды. Себебі бұл облыста әсем, көркем жерлер өте көп. Мен шетелде болғанымда, оның ішінде АҚШ-тың гранд каньонын көрген едім. Осы Алматы облысындағы Шарын шатқалы гранд каньоннан еш жері кем емес деген соң арнайы салыстырғым келді. Шынымен де, Шарын шатқалы менің ойлағанымнан асып түсті. АҚШ-тың каноны сияқты үлкен, ауқымды болмаса да, өте жақсы әсер қалдырды», - деді Сәрсенова.

Ал Гүлжан Раманқұлова Баянауыл ұлттық паркіне достарымен бірге алғаш рет  күз мезгілінде барғанын айтты.

«Күз болғандықтан, ауа райы  құбылмалы болды. Жауын-шашын, салқын болса да, біз ерекше табиғатты тамашалай алдық. Баянауыл мен Бурабайдың табиғаты екітүрлі. Баянауылда Жасыбайға барып, үй жалдап тұрдық. Күз мезгілі туристік кезең болмады. Дегенмен, Баянауыл тауының «Ақбет» деген ең биік шыңын бағындырдық. Қасиетті үңгір деп танылатын Қоңыр әулиеге бардық. Баратын әсем жерлер өте көп. Баянауылдың суының емдік қасиеті бар екенін де көбі айтады. Тарихи жерлерді аралу үшін 2-3 күн арнау керек», - дейді Гүлжан Раманқұлова.

Оның айтуынша, Баянауылдың керемет жерін көру үшін жаз мезігілінде барған дұрыс.

«Қазақстанның әсем жері көп. Баянауыл да  - солардың бірі. Инфрақұрылымды әлі де дамыта түсу керек. Сол кезде туристердің саны арта түседі. Мысалы, қазір қыс мезгілінде маусым болмаса да, туристерді тартатын жағдай жасау керек. Ол үшін қонақ үйлер мен демалатын, тамақтанатын орындарды көбейтсе, абзал болар еді. Оған қоса, Визит орталық сияқты жерлер де керек. Себебі біз барғанда кімнен сұрайтынымызды, қай жерлерге қалай бару керегін білмедік. Сол сияқты туристерге арналған анықтама орталығы қажет деп ойлаймын», - деді ол.

Ал Астана халқы үшін ең жиі баратын әсем жердің бірі – Бурабай ұлттық паркі.

«Бурабайға жылдың барлық мезігілі саяхаттап бардым. Ең қызығы бұл жер төрт мезгілде төрт түрлі күйде болатын сияқты. Бурабайда жаның мен тәніңе қажет дүниенің барлығы бар. Жазда тауға мініп, суға түсіп, атпен жүруге болады. Қыста тау басынан шаңғымен сырғанап, мұздың үстінде жүріп тамашалауға  болады. Бурабай туристік жағынан дамыған, инфрақұрылымы бар орын деп ойлаймын. Себебі қысы, жазы мұнда келген адамдар қайда тұрамын, не істеймін деген сұрақтарға жауапты жылдам таба алады», - дейді Шолпан Шідербаева.

Оның айтуынша, таза ауамен тыныстап, көлдің жағасында бір серуендеп келудің өзі – ғанибет.

«Қазір үлкен мегаполистердің тұрғындары күйбең тіршіліктен, қаланың у -шуы мен қарбаласынан шаршайды. Миын тыныштандырып, жаны бейқам болатын тыныш жер іздейді. Бұл- Асан қайғының Жерұйығы сияқты. Елорданың түбінде Бурабай сынды ұлттық паркіміздің барына қуануымыз керек деп ойлаймын. Себебі бұл ауасы саф, табиғаты керім жер екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ, үлкен нығымет. «Арқада Бурабайға жер жетпейді» деуіміз де содан шығар. Қыс болсын, жаз болсын көлдің бойымен судың дауысын естіп, бір серуендеп келудің өзі жаныңа дауа сыйлап, бір сергітіп тастайды», - дейді Шолпан.

Айта кетейік, ел  Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 360 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітілген.

Елдегі туризмнің дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше көңіл бөлу керегін айтады.

«Біз салалық мемлекеттік бағдарламаны қабылдадық. Оны толық жүзеге асыру туризм үлесін ЖІӨ-дегі 8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Келушілердің саны 9 миллионға дейін, ал ішкі туристердің саны 8 миллионға дейін өсуі тиіс. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың санын 650 мың адамға жеткізу керек», - деген еді Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.