Бала тәрбиесімен ата-ана айналысып жүр ме? Әлде интернет пе?
Болашағы үшін алаңдайтын әр халық ұрпақ тәрбиесіне баса мән береді. Өзінің тарихи тәжірибесін құрал ретінде пайдаланып, жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды, пайда мен зиянды т.б. толып жатқан өмір қайшылықтарын айыру білімін жас ұрпақтың зердесіне құяды. «Қазақ тәрбие тал бесіктен басталады» деп балаға ерте жастан тәрбие беруге ұмтылған. Бұл орайда мына жайтқа баса назар аударуымыз керек. Біз қай уақыт кеңістігінде өмір сүріп жатырмыз, «тал бесік» ұғымының мәні қандай? Сонымен қатар, қазіргі бала тәрбиесінде «Баланы ата-анасы емес қоғам тәрбиелейді» деген ұғым бар. Алайда, талғаусыз, таңдаусыз ағылып жатқан ақпараттар ағыны, оның еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолжетімділігі «қоғамдық тәрбиенің» де екпінін бәсеңдетіп отырғаны шындық. Бала бұрын сыртқа шығып, қатарластарымен бірге жүріп, ой-әрекет алмасып, жақсы, жаман қылықтарды үйренетін болса, қазіргі кезде өзімен-өзі болу, барлық ақпаратты телефон арқылы алу, соның қызығына түсіп, ешкімді қажет қылмау т.б. секілді түрлі дағдылар белең алып барады. Бұл көріністің болашақ үшін пайдасы мен зияны қандай? Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселеге қатысты ой жүгіртіп көрді.
Кейде интернет ойынға кіріп кеткен баланың айналада болып жатқан жайттарға назар аудамауы, тіпті не ішіп, не жеп отырғанын да білмей, қолына тигенін аузына сала беруі қорқынышты ой ұялатады. Міне адамзат өркениетінің ХХІ ғасырында біздің тәрбиеміздің тағдыр-талайы, қоғамымыздың белгілі бір бөлігінде осылайша дағдарысқа ұшырап тұрғандай әсер етеді.
Айналамызға қарасақ, өркениетке қол созып жатқан алыс-жақын елдер. Ғарыш кеңістігін игеріп, ол жерлердегі бізге белгісіз жайттардан хабарлар алып жатыр. Ұлттық экономикасын құрып, өз жаңалықтарын өзгелермен бөлісу арқылы өзін әлемге паш етуде. Кім не жасаса да, ұлттық болып есептеледі, сөйтіп өз мәдениетін өзгелерге сіңіреді. Өзгені өз дегенімен жүргізеді. Ал осындай жағдайда біздің де қарап отырмауымыз аса қажет-ақ. Түрлі тарихи себептермен бүгінгі халге келген қазақ баласының жарқын болашағы, өркениет әлемінен алар орны келешек ұрпақта. Мұндай жағдайда өткенімізді мақтап, жастарымызды бұлыңғыр әлемге итере салу жағдайды жақсарта алмайды.
Уақыт талабы «балам бақытты болса болды», «жыламай жүрсе болды», «нанын тауып жесе болды» т.б. секілді «болдылармен» аяқталатын әсіреқанағатшылдықты көтермейді. Ғарыш кеңістігі өз алдына, адамзат баласының жер бетінің өзінде ашып жатқан жаңалықтары, пайда болып жатқан жаңа техникалар мен технологиялары таң қалдырады, қызықтырады әрі қорқытады. Адамзат өркениетінің дамығанына әрине қуанасың, алайда сол өркениетке өзіңнің қосарың бар ма? Осы сұрақ ойлы адамды емтихан алдындағы дайындықсыз студенттің күйіне түсіреді.
Жаңа техника мен технологиялар дамыған сайын уақыт та жеткізбейтін жылдамдықпен өтіп жатыр. Таң атса – кеш батады, арасындағы уақытты тиімді пайдалану үшін, уақыт берекелі болу үшін біздің де әлемдегі жаңа құндылықтарды игеруіміз керек. Алтындай уақытты телефон немесе гаджет алдында ойынмен өткізетін, ойы интернет-ойындарға байланған ұрпақ аманат арқалай ала ма? Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, артынан ырықтан шығып кеткенде «қайда жүрсе аман болсын!» деген тілек кімді жұбата алады. Бұл баласы жау қолына түсіп кеткенде, амалсыздан айтылған тілек болатын. Оңы мен солын танымаған жас баланың қолына сыры түсініксіз техниканы беріп, оған тәуелді етіп қойып, осы тілекті айтып отыра берсек, уақыт оны кешіре ме?! «Нанын тауып жесе болды» деген тілек соңынан «қайда жүрсе де аман болсынға» ұласса кінәні қайдан іздейміз?
Бала тәрбиесі туралы түрлі көзқарастар бар. Кей адамдар баланы тыйыммен тәрбиелеуге үндейді және өткен ғасырлардағы ұстанымдарды түгел көшіріп әкеліп, бүгінгі күнге қоя салғысы келеді. Уақытпен есептеспей, үнемі артқа қарай беру де қазіргі тәрбиеге жол емес. Екінші көзқарас – баланы барынша еркін өсіруге шақырады. Кез-келген ортада еркін болуына, өзін-өзі қорғауына, құқығын таптауға жол бермеуге осы тәрбие көмектеседі деп есептейді. Үшінші бір көзқарас – баланың бар мүмкіндігін сыртқа шығаруына жол ашуды көздейді. Егер басқа да жағдайларды ескере отырып, жүзеге асырса осы айтылғандардың үшеуі де дұрыс. Ал шектен шығып кетсе, теріс әсері аз емес. Қазіргі қоғамның жетістіктері болса да, зардап шегіп жатқан жері болса да, жалаң біржақты ұстанымдардан туындап отыр деген қорытынды жасай аламыз. Тым еркіндік – еркелеп кету немесе эгоизм, өзінікінен басқаны жөн санамауға апарса, артық қаталдық – айтқаннан шықпайтын, өзгенің жетегінде кететін, өзіндік пікірі жоқ ынжықтыққа әкеледі.
Не істемек керек?! Қай жағдайда болсын, тығырықтан шығатын жол тәжірибеге жүгінуден табылған. Бүгінге дейінгі жаңалықтардың барлығы да өткеннен жеткен білімнің негізінде ашылған. Бізге де осы тәжірибеге сүйену жетіспейді. Қай тұрғыдан жетіспейді? Тәрбие де жағдайлармен, заман талаптарымен есептеспей тұра алмайды. Қазақ халқы өзінің жақын ғасырдағы тарихында бірнеше қоғамдық даму сатыларын басынан кешірді. Байырғы дәстүрлі жүйесі бұзылғаннан кейін, жаңаны қабалдай алмай, ескіні толық сақтап қала аламай, қоғам дағдарысқа ұшырады. Санамызда қалыптасқан біршама ұғымдарымыз амалсыз ескірді. Оны мойындамасқа болмайды. Соның ішінде бала тәрбиесі де бар еді. Қазақтың дәстүрлі қоғамында баланы жеке ата-ана емес, ауыл болып тәрбиелеген. Ауылдағы үлкенді жастар ғана емес, жасы кіші егделер де тыңдап, пікірін құрметтеген.
Ал қазіргі кезде оның бәрі өзгерді. Балаға отбасының ғана құқығы бар. Мектепте мұғалім тек білім беруші ғана, бұрынғыдай балаға ұрыса алмайды. Мұндай жағдайда «тәрбиенің тал бесігі» де өзінің мазмұнын өзгертеді. Бұрын «тал бесік» – ауыл болса, қазір – отбасы (оған интернет-тәрбие қосылып отыр). Барша салмақ негізінен екі адамның мойнында. Бұндай жағдайда қазақтың дәстүрлі педагогикасының классикалық үлгілерін басшылыққа алуға болады. Мысалы байырғы отбасы мүшелерінің үй ішіндегі мәртебесін сақтау.
Отбасы қандай болса, (кей жағдайларды есептемегенде) ол жерден өсіп шыққан бала да негізінен сондай болып шығады. Әуелгі кезекте ата-ананың өз тәрбиесі мен білім-білігі маңызды фактор. Бір-бірін құрметтеуі, балаларына бар махаббатын төгуі, ал соның ішінде ерекше айта кететіні – дұрыс жол көрсете алуы. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге салғымыз келсе, әке мен шешенің орны айқын болуы тиіс. Отағасының беделі баланың ата-анаға деген құрметін арттырады. Әйел адамның балаларына әкесін қорған тұта сөйлеуі балалардың да әкесін асқар таудай тірегім деп білуіне жол ашады. Ол имену, қорған тұту көзқарасын қатар қалыптастырады. Артында қорғаны тұрған баланың жігері мұқалмайды, именген жағдайда бейбастақтыққа салынбайды. Әкесін құрметтеген бала анасына да махаббаты шексіз болады. Бұл жерде әкенің «Аналарыңды сыйлаңдар!» деген бір ауыз сөзінің өзі жеткілікті. Отбасындағы тыныштық пен сыйластық баланың мерейін өсіреді, еркіндігіне жол ашады.
Отбасындағы қатынас тәрбиесі. Ата-ана балаға назар аударуы тиіс. Назардың жетіспеушілігінен баланың психололгиясына үлкен салмақ түседі. Ата-анадан ала алмағанын бала басқа жақтан іздейді. «Басқа жақ» – әртүрлі. Баланы байқаусыз тағдырдың тәлкегіне салып жіберудің бір жол осы болуы мүмкін. Отбасы, ата-ана, бала (оның ішінде ұл мен қыз) өзара тығыз байланыста өмір сүреді. Бала алдында беделді ата-ананың сөзі өтімді. Орнымен еркелеп, орнымен именеді, орнымен өз көзқарасын айта алады. Мұны үлгі-өнеге көрсету тәрбиесі деп атауға болады. Отбасында ұсталмайтын принцип туралы мың түрлі әңгіме айтқаннан гөрі, бір ғана жақсы үлгі көрсету артық.
Еңбек тәрбиесі. Сену, жас шамасына қарай тапсырмалар жүктеп, одан нәтиже күтетінін білдіру – бала мерейін өсіреді, шамасы келгенше талпынуға жетелейді. Сонымен бірге өз тәжірибесі арқылы қиындықтан шығудың жолдарын іздейді. Жаңаша ойлауға жетелейді. Бұл орайда ауыл баласы мен қала баласының жағдайы бөлек. Ауыл баласы еңбекпен өседі. Айналадағы қайнап жатқан тіршілік оның араласпауына қоймайды. Еңбек арқылы денсаулығы да шымыр болып өседі. Алайда біржақты жұмыстың соңынан кету жұмысшыны ғана тәрбиелеп шығаруы мүмкін. Қала баласының көп уақыты бос, оларға осы уақытты тиімді пайдалануын, қажетті істерге жұмсауын ұйымдастыру керек. Бала қайда болсын міндетті түрде еңбекке араласуы керек. Еңбек етуді «беделі түсу» деп емес, «ашылу жолы» деп қабылдауы тиіс. Осы ұғымды санаға сіңіру бағытында арнайы шаралар жүргізілуі тиіс. Адам неғұрлым қарапайым болған сайын соғұрлым көптеген проблемалардан алыс болады.
Білім тәрбиесі. Балаға пайдалы білім қажет. Халық даналығы «әке балаға сыншы» дейді. Отбасында баланың зейіні мен бейіміне ата-ана барынша көңіл бөлуі тиіс. Мектеп бітіргенде «балам заңгер, экономист, айтишник т.б. болады» деп, бойында жоқты таңып, зорлық жасамай, мүмкіндігіне қарау керек. Қазіргі қоғамдағы көзқарас, қызмет атының беделіне емес, баланың бақытты болуына қарай бұрылып барады. Талап та солай – оны оң өзгеріс деп бағалауымыз керек. Жаны сүйген еңбектің наны да тәтті – балаларымыз да бақытты. Алайда, білім деген ұғымның өзіне жаңаша, бүгінгі күннің көзімен қарауымыз керек. Әлемдегі білім жүйесі қазіргі кезде белгілі дәрежеде дағдарысқа ұшырағандай. Өйткені ашылып жатқан жаңалықтар білім мазмұнын да қамтып үлгере алмай жатқан сыңайлы.
Осы тұрғыдан келгенде жалпы білім жүйесіне ірі реформалар керек екені байқалады. Білімге қойылатын талап сұрақ пен жауаптың немесе білім стандарттарының айналасымен шектелмеуі тиіс. Білім жүйесі ашық кеңістік ретінде жаңаша ойлай алатын балаға еркіндік беруі шарт. Білім сапасы ақпарат көзінде барды оқып, қайталап айтып беру емес, керісінше жаңаша ойларға, өзіндік идеяларға қарай бағалануы тиіс. Осы еркіндіктің нәтижесінде балалардың жаңалыққа құштарлығы артып, жаңаша ізденістеріне жол ашылады. Ішкі ойлары жүзеге асып, өмірден оның нәтижелерін көріп жатса, ол өз алдына бір бақыт.
Бала тәрбиесі – жан-жақты әрі кешенді құбылыс. Оның негізгі көзі отбасы, қоғам және түрлі ақпарат көздері. Бұл үшеуі қандай болса, нәтижесі де сондай. Бала тәрбиесі жеке адамдардың ғана емес, барша қоғамның, кеңірек алғанда мемлекеттің мүддесімен де тығыз байланысты. Сондықтан, отбасында берілетін тәрбие, қоғамдық ортадан алынатын тәрбие, ақпарат көздерінен алынатын тәрбие бір бағытта болу тиіс. Бұл үшеуінің бірлігі бала санасын бір бағытқа жетелейді, егер әр жаққа тартатын болса, балаларымыздың бойына біткен қасиет те бытыраңқылыққа ұшырайды, барлық қуатын бір мақсатқа шоғырландыруда қиналатын болады.