Елімізде 90 млн гектар жер эрозияға ұшыраған
Ауыл шаруашылығы саласында түйіні тарқамай тұрған түйткілді мәселелер аз емес. Солардың бірі – эрозияға ұшыраған жерлер. Ауызекі тілде айтқанда жердің өзіне тән құнарлығын жоғалтуы. Бұл егін еккен диқандардың жұмысына қолбайлау болып отыр. Құнарсыз жерге егілген астық, дәнді-дақылдар бітік шықпай, жұмсалған шығын күзде өзін ақтамай жатады. Жердің пайдаға жарамсыз болып қалуының негізгі себебі неде? Оны қалпына келтіру үшін қандай шаруалар қолға алынуы тиіс? Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап көрді.
БІР ЕЛДІҢ АУМАҒЫНДАЙ ЖЕР ЭРОЗИЯҒА ҰШЫРАҒАН
Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен айда ғана таратқан хабарламасында эрозияға ұшыраған жерлер туралы айтқан. Ведомствоның хабарлауынша меншік иелері мен жер пайдаланушылардың немқұрайлығы салдарынан жер эрозияға ұшыраған. Ал эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы алаңы 90 миллион гектардан асады, оның ішінде 29,3 миллион гектар жер іс жүзінде толықтай эрозияға ұшыраған әрі ары қарай пайдалануға жарамсыз.
Жауапты саланың министрі Ербол Қарашөкеев Президент тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылдан бері 205,4 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері цифрландырылғанын мәлім еткен. Бұл республиканың 272,5 миллион гектар аумағының 75 пайызын құрапты.
«Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толығып, халықтың жайылымға байланысты түйткілді мәселелерін шешу үшін жердің жем-шөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтиды. Бұл карта 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізуге негіз болады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Министрлік келтірген 90 млн гектар жер кімді болсын алаң күйге салатыны белгілі. Ал оның 30 млн гектарға жуық жері мүлдем жарамсыз. Қазақстанның жалпы аумағын гектар бойынша есептесек, 272 500 000 га-ны құрайды. Демек Қазақстан жерінің үштен бір бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында қолдануға жарамсыз.
Осы орайда гектар өлшемі бойынша әлемнің бірқатар елдерімен аздаған салыстырмалы жұмыс жүргізіп көрелік. Мәселен Испанияның жалпы жер аумағы – 50 599 000 га, Италия – 30 207 300 га, Ұлыбритания – 24 361 000 га, соғыс жүріп жатқан Украинаның жері – 60 370 000 га, ал жер сілкінісі болған Түркияның жер өлшемі – 78 356 200 га. Осыған қарап-ақ Қазақстанның эрозияға ұшыраған жер көлемінің ауқымын түсінуге болады. Былайша айтқанда бүтін бір мемлекет болатын жер бізде құнарсыз күйде жатыр.
Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында. Иә, бұл мәліметті естігенде кеудемізді қуаныш кернейді. Алайда... Эрозияға ұшыраған жер көлемі сол қуанышымызға су сепкендей әсер қалдырады.
ЖЕР НЕЛІКТЕН ЭРОЗИЯҒА ҰШЫРАЙДЫ?
Жағдайдың мұндай күйге айналуына не себеп? Жердің құнарсыздануы өнімдердің сапасына, оның бітік шықпауына әсер етеді. Ал ол түптеп келгенде азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп соғады. Бұл қара халықтың тұрмысын тіптен қиындататыны анық. Біз осы орайда эрозияға ұшыраған жерді қалпына келтіру жолында еңбек етіп жүрген, «QazVerm» кооперативінің жетекшісі Пернебек Оразұлының пікіріне жүгіндік. Маман бұл проблеманың негізгі себебі ретінде жердің құнарлануы үшін нақты жұмыс жүргізілмейтінін, керісінше өнім бітік шығуы үшін химиялық тыңайтқыштар өте көп мөлшерде себілетінін жеткізді.
«Өнімнің өнімділігіне әсер ететін жердің беткі қабаты эрозияға ұшырап, құнарсыз топыраққа айналуына химиялық тыңайтқыштар ерекше әсер етеді. Бұл тек біздің елімізде ғана емес әлемнің біраз мемлекетінде бар проблема. Ал оны құнарландыру үшін не істеу керек? Табиғи жолмен, табиғаттың өзіне тән заңдылығымен, үйлесіміне сай қалпына келтіру қажет. Ол үшін шұбалшындарды мал көңіне жіберіп, бидай, арпа секілді дәнді дақылдардың қалдықтарын араластырып, органикалық өнім өңдеп шығару қажет. Мұны ауызекі тілде биогумус десе халықаралық тілде компост деп атайды. Бұл тәсіл соңғы жылдары ерекше қарқын алып келеді. Осылайша жерге қажетті тыңайтқыш химиялық жолмен емес табиғи күйде шығарылады.
Жердің ең құнарлы, нәрлі жері – гумус қабаты деп аталады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Украинада жердің нәрлі қабатының бірнеше сантиметрі табиғи жолмен 100-200 жылда барып пайда болса, ал біздің елдің оңтүстігінде мыңдаған жылдарда барып шығады. Яғни жердің табиғи жолмен қалпына келуі ұзақ уақытты алатынын көреміз. Ал шылаушындар арқылы жердің гумус қабатын қалыптастырып, құнарландыру мүмкіндігі туындайды. Жоғарыда айтқанымдай, малдың көңіне салып, өңдеп, жерге себетін болса алдымен құнарлығын арттырады, екіншіден адам ағзасы секілді сол жерге отырғызылған өсімдіктің де иммунды жүйесі күшейеді», - дейді Пернебек Оразұлы.
Кооператив жетекшісі сөзін жалғай отырып, химиялық тыңайтқыш жердің беткі қабаты мен егілген өнімнің бітік шығуына ғана емес, сол сияқты сапасына да зиян тигізетінін тілге тиек етіп өтті.
«Шын айтайын, бала күнімде қауын-қарбыздың дәмі ерекше тәтті еді. Ал қазір жаздыгүні жеміс-жидек алсаң дәмі су татиды. Мұның басты себебі – химиялық тыңайтқыштар өте көп қолданылады, содан нитрат жоғары болады. Ал ол адам ағзасына зиян. Қазір неше түрлі аурулардың жылдам тарауына пайдаланып отырған тамағымыз бірден бір әсер етіп отыр. Сол себепті биогумус қазір нағыз қолға алатын шаруалардың бірі. Шылаушын арқылы табиғи тыңайтқыш шығарып, жердің құнарлығын арттыру қажет. Ал оны жүзеге асыруға толықтай мүмкіндігіміз бар.
Жалпы бізде арпаны, бидайды жинап болғаннан кейін өртеп жіберетін жағдайлар кездесіп тұрады. Ал оның экологияға да, қоршаған ортаға да әрі сол өртенген орнына да зияны әжептәуір. Міне оны жойып жібергеннің орнына пайдалы мақсатта жұмсауымыз қажет», - деп ойын жеткізді.
«БОЛАШАҒЫ ЗОР ӘРІ ШЫҒЫНДЫ ЕТПЕЙТІН КӘСІП»
Пікір арасында Пернебек Оразұлы боигумус – болашағы зор әрі шығынды етпейтін жаңа кәсіптің бірі екенін қозғап өтті.
«Биогумус кәсібін ашу арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, сол аумақты гүлдендіруге болады. Кәсіп бастаған адам мемлекеттен белгілі бір деңгейде қолдау алып, ісін жүргізгеннен кейін бюджетке салық та төлеп тұрады. Осылайша кооперативтер де жанданар еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды гүлдендіру туралы тапсырмасы да осы бастама арқылы орындалар еді.
Органикалық тыңайтқыштардың 90-95 пайызы елімізге берісі Ресей, арысы Еуропа елдерінен, Америка Құрама Штаттарынан жеткізіледі. Ал өзімізде өндіріліп жатқан табиғи тыңайтқыштар жоқтың қасы. Жекелеген кәсіпкерлер болғанмен импорт арқылы жеткен тауарлардың арасында бар-жоғы көрінбей қалып жатады.
Міне осыны қолға алып, қазір табиғи тыңайтқыштарды өндіру ісімен айналысып жүрміз. Қазір құрамымызда үш мыңға жуық мүшеміз бар кооператив құрдық. Осы бағыт бойынша бүкіл Қазақстанға арнап өнім шығарамыз. Шетелдік тыңайтқыштарға бәсекелес болып, болашақта дамып жатсақ экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Яғни алдымен өзімізге пайдамызды тигізуді мақсат етіп жүрміз», - дейді ол.
Бір ғана кәсіп арқылы ауыл шаруашылығына қатысты біраз мәселенің басын қайыруға болар еді. Оның айтуынша ауылдағы бір сотық жерден-ақ мол табыс табуға болады. Ол үшін 2 шаршы метр аумақты алатын шұбалшын мен бір көлік малдың қиы жеткілікті.
«Бұл бизнеспен жас балалар да, ересектер де, тіпті зейнеткерлер де айналыса алады. Бір жылдың ішінде үлкен табысқа кенелуге болады.
Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе диқандарды субсидиялау жөніндегі пилоттық жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы мәселені толықтай қаузап, жан-жақты шаралар қолданылуы керек.
Шылаушындар негізінен Америка Құрама Штаттарынан жеткізілгені рас. Калифорния шылаушыны деп аталады. Бірақ қазақ жеріне бейімделіп, тиісті құжаттары да жасалып, заңдастырылған.
Шылаушынның әрбір данасы жылына 500 есеге дейін көбейеді. Мысалға мал жылына бір рет төлдесе олар 500 есе көп таралады. Сол сияқты Қазақстанның климаты да шылаушын өсіруге өте қолайлы. Қыс қаншалықты қатты болса да олардың көбеюіне зиянын тигізе алмайды», - деп Пернебек Оразұлы ойын аяқтады.
Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, Қазақстандағы үш мемлекеттің аумағына пара-пара жер ауыл шаруашылығы мақсатында қолдануға жарамсыз. Бұл проблема уақыт оздырмай шешімін табуы тиіс. Оның негізгі шешім жолдарының бірі – біз қозғаған шылаушындар арқылы жердің құнарлығын арттыру. Осы арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өнімдердің сапасын арттыруға, ауылды жерлердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік зор. Ыңғайын келтіріп, өзге елдерге де экспорттау мүмкіншілігі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы істің алға басып, эрозияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру ісімен белсене айналысуы қажет.