Қытаймен қатынастың барлық түрі тоқтатылды
Коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары елдерде 95 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді.
Сонымен, Оңтүстік Кореяда – 35000, АҚШ-та – 40000, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 5100, Германияда – 5000, Ұлыбританияда – 3000, Италияда – 1800, Францияда – 1000 азаматымыз жүр.
«Олардың басым бөлігі студенттер, еңбек мигранттары, шетелдік мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, туристер мен бизнесмендер. Эпидемиологиялық жағдай ушыққанда оларды дер кезінде эвакуациялау мәселесі қарастырылады. Олардың арасында вирус жұқтырғандар жоқ», - деді М.Тілеуберді.
Қазір коронавирус әлемнің 60 елінде таралып, вирус жұқтырғандардың саны 87 мыңнан асқан. Оның 80 мыңы – Қытайда, 4 мыңы – Оңтүсік Кореяда, 879-і – Иранда, 128-і – Италияда, 241-і – Жапония, 102-і – Сингапурда.
Бүгінге дейін Қытайдан 480 адам эвакуацияланған. Қытаймен тұрақты әуе рейстері, жаяу жүру бекеттері, көлік қатынасы, теміржолмен жолаушы тасымалы тоқтатылды.
5 наурыздан Әзірбайжанмен әуе рейстері қысқарады. Иран азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан