Бүгін «Астана LRT» компаниясының атауы «City Transportation Systems» деп өзгерді
Тілшілер жаңа ребрендингтің «Aстана LRT» жобасымен байланысты болған бірқатар жемқорлық әрекетке, компанияға қатысты қоғам тарапынан қалыптасқан негативке қандай қатысы барын сұрады. Компания басшысы Бекмырза Игембердинов жаңа ребрендинг тек мекеме жұмысы аясының кеңеюіне қатысты жасалғанын айтады.
«Ешқандай да қатысы жоқ. Мен өз баяндамамда айтқандай, біздің компания басты қоғамдық көлік жүйесі үшін құрылған. Уақыт өте қызмет аясы кеңейді. Қазір басты бағыт – қоғамдық көлік жұмысы, автотұрақ қызметі, жол қозғалысын реттеу, ақылды технологиялар енгізу. Сондықтан өз қызметімізге сай компания атын өзгертетін уақыт келді деп есептедік», - деді ол.
Бұған дейін мекеме басшысы атауы қайта жаңарған компанияның логотипіне қанша қаржы жұмсалғанын айтқан еді.
«Тілшілер «ребрендинг компанияға қанша шығын келтірді» деген сұрақ қойып жатыр. Біздің компания өз-өзін қаржыландырады, бюджеттен ақша алмайды. Ребрендинг шығын келтірген жоқ. Бұл – компанияның қажеттілігі. Мысалы компанияның жаңа логотипін дайындауға бар-жоғы 100 мың теңге кетті», - деген Бекмырза Игенбердинов.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан