Елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны 2021 жылы 175 жағдайды құраған
Суицидке бару - әлем бойынша өткір әрі өзекті проблеманың бірі. Қазақстандағы суицид статистикасы көңіл көншітпейді. Орталық Азия елдері ішінен де Қазақстан бұл сала бойынша көш бастап тұр. Жасөспірім кезеңде балалардың суицидке бейім болуының себебі мен салдары не деген сұраққа Azattyq Ruhy тілшісі мамандардың пікірі арқылы жауап табуға тырысты.
ДСҰ мәліметі бойынша Қазақстан 2019 жылы суицид жасау көрсеткіші бойынша 20-орында тұрған.
Ал Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны 2020 жылы 144, 2021 жылы 175 жағдайды құраған.
Осыдан он жыл бұрын, яғни 2012 жылдары балалар суицидінің саны 211-ді құрады. 2021 және 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында сәйкесінше 53 және 46 жағдай тіркелген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша суицид санының өсуі 18,3%-ды құраған. Алайда 2022 жылдың басында өз-өзіне қол жұмсау 13,2% - ға төмендеген.
«Мен кетсем, барлық проблема шешіледі»
Психолог Райгүл Жеңісқызы суицидке бару адам өміріндегі тығырықты әрекеттердің ең соңғысы екенін айтады.
«Кез келген бала жайдан-жай ол әрекетке бармайды. Проблемадан шығатын жол таппағанда, ешкім оған көмектесе алмайтынын білген кезде сондай қиянат жасауы мүмкін. Оның себептері өте көп. Ол әлеуметтік жағдай, достары арасындағы түсініспеушілік, ата-ана арасындағы кикілжің, тәрбиенің осалдығы әсер етіп жатады. Бала ешқандай шешім таппаған кезде, жанының тыныштығын ойлап, «мен кетсем, барлық проблема шешіледі» деп ойлайды», - деді маман.
Райгүл Жеңісқызы мектепте жұмыс істейтін психолог ретінде жасөспірімдерге біліммен қатар өмір қауіпсіздігі мен жан-дүниесінің тыныштығын сақтай отырып, дұрыс жол көрсету маңызды екенін атап өтті.
«Жасөспірім кезеңінде адам оң-солын ажыратып, жақсы-жаманды жіктей алады. Бала өскен сайын оларға қатысты мәселе де өзгереді, көбейеді. Олардың сана-сезімі, мінез-құлқы өзгеріске ұшырайды. Сол кезде ата-ананың олармен қарым-қатынасының дұрыс қалыптасуы өте маңызды. Бұл кезеңде ата-аналар баламен өзара іс-қимыл орнату қиынға соғады деп айтады. Себебі 13-14 жаста ересек өмірге бетбұрыс жүріп, әлемге көзқарас алуан түрлі болады. Осы уақытта сырттан болатын барлық жағдайға адам психологиялық тұрғыда әлсіздік танытады. Ересектер тарапынан қысымға жиі ұшыраса, оның жеке тұлғалық қасиеттері жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан жасөспірім тәрбиелеп отырған барлық баланың ата-анасы осы мәселені ескеруі керек», - деді ол.
Райгүл Жеңісқызы осы кезеңде балалармен тең, ересек ретінде сөйлескен абзал екенін атап өтті.
«Жеткіншектерді салыстыру, оларға салмақ түсіру немесе оларға мүлдем көңіл бөлмеу - оларды стресске түсіруі мүмкін. Мамандар да айтады, жасөспірімдердің көңілі қалып, буллинге ұшырап, қиындыққа кездессе, олардың ойларында суицид жасау туралы ой болады. Ол асқынып, әрі қарай жалғаса берсе, суицид жасаудың амалын қарастыра бастайды. Қазақстандық мектептерде суицид туралы көп айтыла бермейді. Көптеген мамандар суицид туралы айтса, керісінше олардың жадында кері әсер қалыптасады деген таптаурын бар. Бірақ, психиатр мамандар суицидтің алғашқы кезеңінде диагностика жасап, оны сыртқа шығару дұрыс деп есептейді. Сондықтан мектепте суицид туралы айту өте дұрыс шешім», - деді ол.
Психолог атап өткендей, суицидке барған баламен де жұмыс істеу кез келген маманның қолынан келе бермейді.
«Ертең менен құтыласыңдар»
«Онымен психиатр немесе психотерапевт айналысуы керек. Жалпы суицидке баратын адамдар алдын ала ескерту белгілерін береді. «Ертең менен құтыласыңдар» деуі мүмкін, сүйікті затын біреуге сыйлауы мүмкін. Осындай әрекеттерді жасаса, бала соған дайындалып жүруі мүмкін деген сөз. Суицид туралы ойлаған адам іс-әрекетінінің дұрыс-бұрыстығына түпкілікті сенімді болмайды. Күмәні мен күдігі басым болады. Сол себепті де ол міндетті түрде айналасындағы адамдарға байқатады», - деді Райгүл Жеңісқызы.
Өз кезегінде психолог Нұргүл Молдабайқызы көп жағдайда балалар үлкендерден көмек сұрай алмай, қор болатынын алға тартады. Ал көмек сұрау бұл – адами қасиет.
«Адамның көмек сұрай алу қабілеті сонау бала кезінде басталады. Маған жақында 9 жасар қыз келді. Ол анасына: «Мен өз эмоцияларымды түсіне алмаймын, біресе жылағым келеді, біресе күлгім келеді. Менің ішімде не болып жатыр?» деген сұрақ қойыпты. Сол жағдайдан соң анасы ойлана келе, қызын психологқа алып келген. Біз қыз балаға оның бойындағы өзгерістерді, жас ерекшелігі туралы түсіндірген соң, ол бала кейіннен тынышталып, бойындағы қорқынышын жеңген. Біреуден көмек сұрау, арқа сүйеу мәселелері балалық шақта жолға қойылғаны дұрыс. Қазір полицияның да құрылымдары бар. Суицидке дейін көмек сұрай алмау мұндай құрылдымдардың жоқтығынан емес, бұл көмекке жүгіне алмайтын, адамның арқа сүйеу қабілеті балалық шақтан қалыптаспағанын білдірсе керек», - дейді Нұргүл Молдабайқызы.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі елдегі балалары арасындағы суицид тақырыбын зерттеген. Зерттеуде халықаралық зерттеу нәтижелері мысалға алынады. Суицидке әрекет жасау бірқатар әлеуметтік, экономикалық және отбасылық факторлардан тұрады. Оларды жіктеп көрсетуді жөн көрдік.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы
Суицидке бейім балалар мен жасөспірімдерді зерттеудің нәтижесінде, олардың басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған қоғамның өкілдері екені анықталған. Отбасылық жағдайы төмен, кедей, біреудің көмегімен немесе жәрдемақыға күн кешіп отырған отбасылардың, академиялық жетістігі шектеулі жанұядан шыққан балалар арасында суицид жасау жиі болуы мүмкін.
Ата-анасынан бөлек тұру немесе ажырасқан отбасы
Зерттеу нәтижесі суицидке бейім жасөспірімдерің қатарына ата-анасынан бөлек тұратын немесе ажырасқан отбасылардың балалары бейім екенін көрсетті. Суицид әрекеттеріне «толық емес» отбасының балалары баруы мүмкін. Сондай-ақ, өмірін суицидпен аяқтағысы келген жасөспірімдердің отбасында жанұяның бір мүшесі ауысқан. Яғни, анасы өгей әке немесе өгей шешенің пайда болуы. Ата-анасының біреуі бөлек тұруы немесе ажырасуы бала бойындағы психопатологияны арттырып, депрессия мен суицидтік әрекетке алып келуі мүмкін. Оған қарағанда ата-анасының біреуі қайтыс болғанының жарасы жеңіл.
Отбасы мүшесінің психопатологиясы
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, отбасының бір мүшесі депрессияға бейім, кейбір заттарға тәуелді және әлеуметтенбеген ата-аналардың балалары суицид жасауға жиі бекінеді. Суицидтің құрбаны болғандардың отбасында зиянды заттарға тәуелділікке қатысты депрессиялық ауытқу болған.
Отбасы мүшесінің суицидке баруы
Зерттеулер суицидке әрекет жасаушылардың арасында бұрын отбасының бір мүшесі суицидке әрекеттенген немесе жасағанын көрсеткен.
Отбасылық кикілжің
Суицидке барған балалардың басым бөлігі отбасындағы кикілжіңнің куәгері болған. Олардың суицид жасауға әрекеттенуі отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты да болған.
Бала кезде отбасылық, жыныстық зорлық-зомбылық көру
Бала кезінде зорлық-зомбылық көрген жасөспірімдер суицид жасауға немесе өмірін өліммен аяқтауға ұмтылуы мүмкін. Зорлық-зомбылық және жыныстық зорлық - суицид жасау әрекеттерін қайта жасауға алып келуі мүмкін.
Ата-ана мен бала арасындағы қатынас
Ата-ана мен бала арасындағы әлсіз қарым-қатынас, ата-аналардың баласынан күтетін үміттің үлкен болуы немесе оған сенбеуі суицид әрекетіне алып келуі мүмкін. Ата-ана тарапынан көрсетілген қысым пен шектен тыс бақылау да суицид әрекеттерін арттырады.
Жанға дауа
Елімізде психологиялық ауыр жағдайда жүрген жасөспірімдерге жәрдемдесе алатын орталықтар бар.
Ұлттық сенім телефоны – 150. Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы балалар мен жастарға тәулік бойы психологтардың тегін онлайн-консультациялар жасайды. Оның барлығы құпия түрде өтеді және жеке деректеріңізді атаудың қажеті жоқ.
Janym (https://janym.org/) жобасы - балалар мен жасөспірімдерге уақытылы кәсіби психологиялық көмек көрсетуге бағытталған. Ол үшін бала немесе ата-ана сайтта өтініш қалдыра алады. Өңделген ақпараттан кейін маман тегін кеңес береді.
Жасөспірімдер қорқыту, тұрмыстық зорлық-зомбылық, алкоголизм, есірткі қолдану, суицид немесе бақытсыз махаббат туралы ойлар мазалаған кезде осы орталыққа жүгіне алады.