«Алыпсатарлар. Техниканың аздығы. Саудаға шығару»: алма бизнесімен айналысу қаншалықты табысты?

Аян Бекжанұлы

Түркістан облысындағы бау-бақша 17,7 мың гектарды құрайды

«Алыпсатарлар. Техниканың аздығы. Саудаға шығару»: алма бизнесімен айналысу қаншалықты табысты?

Жуырда жолымыз түсіп, базарға, танымал сауда желілеріне барып едік, сөреде тұрған жеміс-жидектің бағасы еріксіз назар аудартты. Әсіресе өзімізде өсетін алмаға көңіл бұрдық. Бағасы аттандап тұр. Сорттарына қарай бір келісі орташа есеппен 600 теңге тұрады. Шетелден жеткізілетіндері де аз емес. Мандарин, апельсин, киви секілді өзге жеміс түрлерін тіптен қымбат, бір келісі 1000 теңгеден асып жығылады. Кеше Парламент Мәжілісінің отырысында осы мәселе көтеріліп, депутаттар бір ғана алма жемісінің төңірегіндегі мәселелерді қозғап өткен болатын. Жалпы алма шаруашылығы қаншалықты табысты? Azattyq Ruhy тілшісіне пікір берген кәсіпкер бір ғана алма жемісінің төңірегіндегі проблемаларды тізбектеп берді.

Кеше Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты саладағы бірқатар кемшіліктерді қозғай отырып, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринға сауал жолдаған болатын.

ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАУ МӘСЕЛЕСІ

«Отандық бау-бақша саласында жинақталған проблемалар біздің депутаттық сауалымызға негіз болып отыр. Соңғы жылдары оңтүстіктегі бау-бақша шаруашылығына үлкен мән берілуде. Өңірдің табиғи климаттық жағдайлары бақша өсіруге, Қазақстан халқының қажеттіліктерін жеміспен толық қамтамасыз етуге, ал артығын экспорттауға мүмкіндік береді. Түркістан облысындағы бау-бақша 17,7 мың гектарды құрайды. Оның 4,7 мың гектарында қарқынды алма бақтары өсіріліп жатыр. Бұл жалпы еліміз бойынша бау-бақша алаңының 43 пайызын құрап отыр», - деді депутат Фахриддин Қаратаев.

Сөз арасында халық қалаулысы делдалдардың шаруаларға ұсынған бағасы айтарлықтай қиындық тудыратынын тілге тиек етті.

«Балығы болмаған көл құрысын, киігі болмаған шөл құрысын» демекші елімізде өткен жылы алма ағаштары жақсы өнім берді. Алайда оның басым бөлігін өткізуге қатысты үлкен проблемалар болып, ағаш басында жиналмай қалып қойды. Негізгі мәселе – сауда желілері мен делдалдар ұсынатын сатып алу бағаларының төмендігі. Бір килограмм алманы құны – 100-150 теңге. Сондықтан бақшаның бір бөлігін жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Өйткені шығындар болжамы кірістен асып түседі», - деді депутат.

Депутат сөзін жалғай отырып, бау-бақша өнімдерін шетелге экспорттау мәселесіне де ерекше көңіл бөлу мәселесін қозғап өтті.

«Бақша өнімдерінің бір бөлігін Беларусь еліне немесе Ресейге экспорттау – осы тығырықтан шығу жолдарының бірі. Еуразиялық экономикалық одақ бойынша солтүстік көршілер тарапынан жеміске деген сұраныс өте жоғары. Әрі олар бір килограмм алмаға ең аз дегенде 300 теңгеден төлеуге дайын. Бірақ елімізде жеміс саласының тағы бір проблемасы – дайындау және өткізу жүйесінің болмауы. Жемісті тиеп жөнелтуге айтарлықтай кедергілер бар. Ал ішкі нарықтағы алма өндірушілер сауда желілерін артықшылық беретін импорттық өнімдермен бәсекелесуі керек. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері бақша егуге және күтіп ұстауға үлкен қаражат жұмсады және өсірілген дайын өнімді полигонға тастауына тура келетін жоғарыда аталған жағдайларға тап болып отыр», - деп депутат шаруалар тап болатын проблеманың негізгі бөлігін айтып өтті.

Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Фахриддин Қаратаев сөз соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге мынадай тиісті іс-шаралар қабылдау керектігін қозғап өтті:

  • Бірінші – алма экспортына жағдай жасау, Қазақстандағы көтерме база орталықтары желісін дамыту барысы туралы ақпарат беру, экспорттық өнім, салқындату, сұрыптау және орау үшін жағдай жасау.
  • Екінші – сауда желілерінің сөрелерінде отандық өнімге басымдық беру мәселесін пысықтау, ынталандыру шараларын қамтамасыз ету.
  • Үшінші – ірі қалаларда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін делдалдарсыз, тікелей сата алатын көтерме сауда нүктелерін қамтамасыз ету.
  • Төртінші – ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған тауар өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін интернеттегі электронды сауда алаңын, мәселен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері секілді іске қосу.

КӘСІПКЕР ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ТІЗБЕКТЕП ШЫҚТЫ

Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы проблеманың бір ғана шеті. Алайда ауқымы өте кең. Түйткілді проблемалардың салдарынан базардағы баға да жоғары, оны тұтынатын халықтың қалтасына да үлкен соққы.

Біз осы орайда алма жемісін өсіріп, осы істі дөңгелетіп отырған кәсіпкер – Сырымбек Қазыбайұлына хабарласып, алма шаруашылығының проблемалары мен шешілмей тұрған кемшін тұстар туралы білдік.

«Алматы бұрын апорттың астанасы саналатын еді. Бірақ оның қазіргі жағдайын бәріміз білеміз. Осы саланы қайта дамытпақ ниетте бірер жыл бұрын Алматы облысындағы Есік қаласының іргесінен бірер гектар жер алып, алма жемісіне көңіл бөлдім. Бау-бақша саласының бір ғана түрі болғанмен проблемалары шаш етектен.

Ол да адам баласы секілді ауырады, ерекше күтімді қажет етеді, оның үстіне жұқтыратын ауру түрі де аз емес екен. Ішінде жазылмайтын түрлері де бар. Қанша жерден көбірек өнім алуға ұмтылғанмен ауру жұқтырған болса өнімділігіне үлкен әсер етеді. Ал оны емдеу үшін себілетін дәрі-дәрмектің бағасы да арзан емес. Бір жазда кем дегенде 7-8 рет, ал тезірек жазылып, сапалы өнім беруі үшін орташа есеппен 13-15 мәрте себілуі керек. Ал мұндай дәрілер адам ағзасына зиянды болып келеді. Сол сияқты уақытылы суару мәселесі де бар. Ол да әжептәуір жұмыс, жекелеген тұстарда шығынды қажет етеді», - деді кәсіпкер.

Сөзін жалғай отырып, алма бағына қажетті техника түрлері де жеткіліксіз екенін, сол сияқты жинаған өнімді сату мәселесін де қозғап өтті.

«Ауылды жерлерде қажетті техника түрлері жетіспейді. Бар, бірақ аздық етеді. Әрбір шаруаның қолында техникалары болмағаннан кейін жалдап шақыруына мәжбүр болады. Ол да арзан емес. Уақытылы үлгеріп жасау қиындау. Осыдан барып өнімнің сапасына немесе өнімділігіне үлкен зиян тиеді.

Жаз өтіп, күз жеткенде шыққан өнімді жинау науқаны басталады. Ол да қып-қызыл шығын. Қара жұмыс болған соң ешкім арзанға істемейді. Күндік ақысы 8 мың теңгеден жоғары қарай. Үлкен бақты өсіргеннен кейін бір-екі адам жалдамайсың, сапасын жоғалтпай, тез жинау үшін бір топ адам шақыру керек. Міне осындай үлкен шығындар алманың негізгі бағасына да әсер етеді.

Жинаған өніміңді сату да үлкен проблема. Тіпті мүмкін емес деуге болады. Бұрын колхоз уақытында әркім базарға барып, орын алып, сата берген. Ал қазір базардың бәрінде орын жоқ. Бәрі алып-сатарлардың қолында. Көшеде тұрып сатуға заңды тұрғыда рұқсат жоқ. Айыппұлдың астында қаласың. Міне осындай шығындар алманың қымбаттауына әкеп соғады», - дейді Сырымбек Қазыбайұлы.

«70 ПАЙЫЗ ТАБЫС ДЕЛДАЛДАРДЫҢ ҚАЛТАСЫНА ТҮСЕДІ»

Жоғарыда Мәжіліс депутаты шаруалардың еңбегіне алып-сатарлар айтарлықтай кедергі болып отырғанын айрықша атап өткен болатын. Біз осы тұста кәсіпкерге осы мәселе жайлы сұрақ қойғанымызда мынадай жауап алдық:

«Базар мен шаруалар арасындағы делдалдардың ақшасын шамамен былай есептеуге болады. Базардағы бағаға мән берсек, шамамен 70 пайыз табыс делдалдардың қалтасына түседі. Олар бізден арзанға сатып алып, неліктен базарда қымбатқа сататын анықтап көрдім. Делдал деген бір адам ғана емес, өзгелерді жұмыспен қамтып отырған шағын бір кәсіпкерлік секілді. Қарамағында қызметкерлері бар. Таситын жүк көліктері бар. Ал базарға кірер кезде көтерме саудагерлердің төлейтін ақысы бар. Кіргеннен кейін тұрған орнына төлейтін тағы ақысы бар. Бір қызығы бізден алған тауарларды сол алыпсатарлардың өздері сатпайды екен. Олар апарып базардағы сатушыларға өткізеді. Содан кейін барып қана сөреге шығады. Міне осылай бір алманың өзі бірнеше қолдан өтіп барып қана сатылады. Осылайша негізгі құнынан бірнеше есе қымбатқа сатылады», - дейді ол.

Әңгіме барысында алманы орап сақтайтын, қолжетімді бағадағы қоймалардың мәселесін де қозғап өтті. Айтуынша қойма да санаулы екен.

«Күзде емес, қыста қымбатырақ бағаға өткізгісі келетін кәсіпкерлер бар. Ол үшін сақтайтын қойма қажет. Ал біздегі қоймалардың басым бөлігі негізінен жекеменшік қолда. Хабарлассаң бос емес деген жауап естисің. Бос тұрғанның өзінде арзан емес. Қойма иелерінің шығыны аз емес көрінеді. Осыдан барып жалға алу құны да қымбатқа түседі», - деп кәсіпкер Сырымбек Қазыбайұлы алма жемісінің проблемаларына қатысты ойын аяқтады.

«АУЫЛДЫ АЙМАҚТАРДА ЖЕРДІҢ КӨБІ ЭРОЗИЯҒА ҰШЫРАҒАН»

Кәсіпкер ауыл шаруашылығы саласындағы біраз жердің эрозияға ұшырағанын айтып, порблеманың тағы бір шетін қозғады. Ал оны шешу мақсатында жасалып жатқан шаруалардан да хабардар етті.

«Қазір ауылды жерлерде калифорниялық шұлбалшындарды өсіру ісі қарқын алып келеді. Біраз адам осы шаруамен айналысып жатыр. Бұл топырақтың құнарлығын арттырады. Яғни шұбалшындарды малдың тезегіне жіберіп, одан топыраққа қажетті, бір ғана алмаға ғана емес жалпы өсімдік атаулыға қажетті тыңайтқыштар алынады.

Біздегі ауылды аймақтардағы жердің көбі эрозияға ұшыраған, яғни құнарлығы өте төмен. Бұл өнім сапасына да тікелей әсер етеді. Химиялық тыңайтқыштар жердің құнарлығын нашарлатып жіберсе, шұбалшындар табиғи жолмен сапасын арттыра түседі», - деп кәсіпкер ойын түйіндеді.

Бірер күн бұрын Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев эрозияға ұшыраған жерлердің көлемі туралы қозғап өткен. Айтуынша меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлығынан эрозияға ұшыраған. Эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 миллион гектардан асады, оның 29,3 миллион гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз.

Қорыта келе айтар болсақ, Қазақстанның бау-бақша саласын дамытып, алыс-жақын елдерге экспорттауына толықтай мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өзге де құзырлы органдар осы мәселеге жете мән беруі қажет.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.