Кінәсі дәлелденсе, қаржы пирамидасын құрған күдіктілер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың айтуынша, халыққа жалған ақпарат таратып, қаржылық пирамидаларды жарнамалағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық кодекс бойынша жауапкершілік бар. Сондықтан, мыңдаған адамды сан соқтырып кеткен алаяқтардың жұмысын насихаттаған жұлдыздар да жауап береді. Оның айтуынша, танымал жұлдыздар жарнама жасамас бұрын тапсырыс берушінің алаяқ еместігіне, қылмыстық топқа жатпайтынына көз жеткізуі тиіс.
«Тергеу енді басталды. Жұмыс көп. Арыз күнде түсіп жатыр. 42 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Күдікті 12 адамға халықаралық іздеу жарияланды, екеуі шетелге қашып кеткен. Оларды қолға түсіру үшін арнайы топ құрылып, іссапармен Ресей мен Қырғызстанға жіберілді», - деді Санжар Әділов.
Департамент басшысының мәліметінше, күдіктілердің көбі әрекеті әшкере болмас бұрын ізін суытып үлгерген. Қазір қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген 15 адам қамауда отыр. Күдіктілердің саны күн сайын көбейіп келеді.
«Тінту барысында 40 млн теңге тәркіленді. 21 пәтер, 3 үй, 30 автокөлік бұғатқа қойылды. Жалпы шығын 5 млрд теңгеден астам. Күдіктілер халықтан қолма-қол қаржы алып отырған. Қазір мемлекеттік органдармен бірге зардап шеккендердің мүлкін қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тергеу барысындағы басты мақсат - қолма-қол ақшаны тауып, қайтару», - деді Санжар Әділов.
Күдіктілердің кінәсі дәлелденген жағдайда, олар қаржы пирамидасын құрғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидаларын жарнамалаған жұлдыздар жауапқа тартылады – Бас прокуратура
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан