Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады
Қазақстанда ең төменгі жалақының өсуі 1,8 млн-нан астам жалдамалы жұмыскердің кірісіне әсер етті, деп хабарлайды Azattyq ruhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін артты.
Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі.
Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, ең төменгі жалақы еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарт және жыл сайын тиісті қаржы жылына сәйкес «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен белгіленеді.