Бекболат Тілеухан бұқаралық спортты «I Like to Move It» сияқты насихаттауды ұсынды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды

Үкімет сағатын жүргізген Мәжілістің вице-спикері Гүлмира Исимбаеваның айтуынша, қазір Қазақстан бойынша бұқаралық спортпен шұғылдануға арналған 30 мыңнан аса ғимарат бар. Бірақ, халықты түгелдей спортқа тарту үшін бұл жеткіліксіз, дейді ол.

«ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы бұйрығының бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес, елімізде әрбір мың адамға 80 шаршы метр спорт алаңы болуға тиіс. Бірақ, қазіргі таңда елімізде әрбір мың адамға 47 шаршы метр спорт алаңынан тура келеді. Бұл мемлекеттік нормативте белгіленген деңгейден екі еседей төмен», - деді Гүлмира Исимбаева.

Осы мәселе төңірегінде баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2020 жылдың көктемінде мәжіліске «Бұқаралық спорт туралы» заң жобасы түседі дейді. Заң жобасымен қатар, «Бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары»  да әзірленіп жатыр. Дәл осы нормативтік құжаттар бұқаралық спортқа кәсіби спортпен тең дәрежеде қаражат қарастыруға мүмкіндік бермек.

«Қазіргі заңға сәйкес, спортты қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардан түседі. Республика бойынша бұл шамамен  153 млрд теңге. Осы қаражаттың қайсысы кәсіби спортқа, қаншасы бұқаралық спортқа бөлінетінін де жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Статистика көрсетіп отырғандай, қаражаттың көбі спорттың белгілі бір түріне, яғни, кәсіби спортты дамытуға жұмсалып отыр.  Бірақ, осы саладағы уәкілетті орган ретінде біз үшін медальдардан қарағанда, халықтың денсаулығы маңызды. Біздің ендігі мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Сондықтан, «Бұқаралық спорт туралы» заң жобасын және  бұқаралық спортты дамыту туралы кешенді жоспар әзірлеп, парламентке енгіземіз», - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген депутаттың бірі Бекболат Тілеухан болса, инфрақұрылым мен қаражаттан бөлек, бұқаралық спорт мықты насихатсыз дамымайды дейді. Бұқаралық спортты насихаттау үшін депутат атақты «Reel 2 Real” тобының 1993 жылы шыққан «I like to move it» музыкасы сияқты «қозғалысқа шақыратын» ұрандар керек деді. Бекболат Тілеухан үгіт-насихаттың арқасында дауысы жоқ талай адамды әнші қылғанын айтып отыр.

«Бұқаралық спорт деген не? Ол халықтың денсаулығы. Ел жаппай қимылдаса, қанын қыздырып, сіңірін создырса, халықтың денсаулығы мықты болады, халқының денсаулығы мықты елдің болашағы зор болады. Бұны дамытуға қаржы керек деп жатырмыз, оған дау жоқ. Бірақ идеология, насихаттың маңызы да кем емес. Мысалы, насихаттың арқасында әнші емес адам қалмады. Дауысы бар ма, жоқ па, бәрі бір. Бұрын дауысы бар әнші болатын, қазір аузы бардың бәрі әнші», - деген ол спортта да тура осындай насихат керек деді.

«Он үш жасқа дейін бала өмірінің негізгі мәні - ойында. Ағылшындар «I like to move it» деп айтады ғой, сол сияқты, қозғалған баланың денсаулығы мықты болады. Бала күнімізде ешкім бізге инфрақұрылым жасап берген жоқ, штакетникті (қашаның ағашын) жұлып алып, жылқының қиынан шайба жасап ойнаймыз, сосын терлейміз, терлеген соң бойымыздан қызу шығады, баланың тамыры жазылады, денсаулығы мықты болады. Сонда мына көлеңкеде өскен шөп секілді ілмиген баланы, көзіне лупа секілді көзілдірік киіп алған баланы, семіріп кеткен, ауланы екі айналса, ентігіп қалатын баланың майын сылып, бұлшық етін қалыптастыру үшін, компьютер  немесе смартфонға шұқшиып қалған баланы далаға алып шығу үшін бұқаралық спортты насихаттау керек», - деді пікірін түйіндеген ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан