Қазақ тіліндегі құжат айналымға ең селқос қарайтын компания қандай?

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды

Фото ашық дереккөзден

Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің құрамына Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, оқытушылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері кірмек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жаңадан құрылған министрліктің алдына Мемлекет басшысы үлкен міндеттер қойып отыр. Ғылым мен жоғары білім саласына қатысты барлық шешімдерді өздеріңіздің талқылауларыңызға ұсынамыз. Себебі Қоғамдық кеңестің жұмысы арнайы заңмен айқындалған. Құзыреті де жоғары. Жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескеріп, бізге қолдау көрсетеді деп сенеміз», – дейді министр Саясат Нұрбек қоғамдық кеңестің жұмысы туралы.

Жалпы, бұған дейін Қазақстандағы тіл саясатымен айналысатын құзырлы орган бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің құрамында болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бұл министрлік екіге бөлінді де, Тіл саясаты комитеті осы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына енді. Осы ретте, тіл комитетінің туған тіліміз – қазақ тілінің қолдану аясын кеңету мақсатында жасап жатқан шараларына тоқтала кетсек.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰЖАТ АЙНАЛЫМҒА ЕҢ СЕЛҚОС ҚАРАЙТЫН КОМПАНИЯ ҚАНДАЙ?

Тіл саясаты комитетінің жұмысындағы бір бағыт – ұлттық компаниялардың құжат айналамында мемлекеттік тілдің үлесі қандай деген мәселені үнемі бақылауда ұстау. Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады» делінген.

Осыған байланысты, Тіл саясаты комитеті ұлттық компаниялардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін анықтау бойынша осы жылдың ІІІ тоқсанда жүргізілген мониторинг қорытындысын жариялады.  Мониторинг қорытындысына сәйкес ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 70% болған. Бұл ретте, қазақ тіліндегі құжат айналымына ең селқос қарайтын компания «Даму» қоры екені анықталған.

  • «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ -5%;
  • «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ - 34%;
  • «Қазақстан темір жолы» АҚ - 34%;
  • «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы -36%;
  • «QazExpoCongress» ҰК» АҚ - 39%;
  • «KEGOC» АҚ - 49%;
  • «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ - 51%.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ іс-қағаздарын 95% орыс тілінде жүргізетінін атап өтпеске болмайды. Айта кету керек, ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжатайналымының үлесі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 96,5% құрауы тиіс»,- деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.

Комитеттің ресми сайты хабарлап отырғандай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «Еліміздегі тіл саясаты мемлекет дамуындағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі болса, ұлттық компаниялардағы құжат айналымды мемлекеттік тілде жүргізу осы саланың дамуына серпін беретін шешуші тетіктердің бірі» - дей келе, Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің «Кеңсе тілі қазақша болмай іс оңалмайды» деген сөзімен ойын қорытындылаған.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БОЛАШАҒЫ ОНЫ IT-КЕҢІСТІККЕ ЕНГІЗУГЕ ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ»

Сарапшылардың айтуынша, қандай да бір тіл сол елдегі салалардың бәрінде дерлік қолданысқа енбей, дамымайды. Жасыратыны жоқ, көп жылдар IT саласының тілі орыс тілі болса, қазір ол ағылшын тіліне қарай ойысты. Дегенмен, Тіл саясаты комитетінің мәліметіне сүйенсек, «Astana hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ІТ-жобалар таныстырылған. Дәлірек айтсақ, 10 қатысушы онлайн және офлайн форматта Тіл саясаты комитетіне дайын және жобаланып жатқан өнімдерін таныстырды.

«Ұсынылған өнімдер мазмұны мен мақсаты жағынан әр-түрлі және іске асырылған жағдайда қазақ аудиториясының сұранысын толықтай қанағаттандыра алатындай деңгейде. Мәселен, Маржан Қалданқызы «Audaru» платформасымен таныстырды. Бұл – қоры 500 000 аударманы қамтитын Қазақстандағы алғашқы қазақ-ағылшын тілі онлайн сөздігі. Кез келген адам сөздікте жоқ сөздерді енгізіп, сөздік қорын толықтыруға өз үлесін қоса алады», - дейді Тіл комитетінің өкілдері.

Таныстырылым барысында, көңілден шыққан жобалардың тағы бірі «Speech Lab» дыбысты синтездеу жобасы. Динара Әлімованың айтуынша бұл жобаның ерекшелігі – сөзді бірден мәтінге және керісінше мәтінді дыбысқа айналдырады, жиындар мен отырыстардың цифрландырылған жазбасын алуға мүмкіндік береді. Осының барлығы көру қабілеті нашар азаматтардың проблемасын да ішінара шешуге зор үлес қоспақ.  

«Бұл жоба іске асқан жағдайда басқа әлемдік сервистермен интеграциялау арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге мол мүмкіндік бермек. Мәселен «Яндекс.Аударма» платформасында қазақ тіліндегі мәтіндерді дыбыстандыру қызметі жоқ. Ал бұл жоба осындай мүмкіндікке жол ашады», - дейді Тіл комитеті.

Келесі бір жоба қазақ халқының мәдени мұрасын, атап айтқанда, 1200-ден астам ең танымал туындыны қамтитын «Qonzhyq.app» мобильді қосымшасы. 500-ден аса халық әні, 150-ден аса ертегі, 450-ден астам әртүрлі ұлттық аспаптардағы күйлер, балалар әндері және бесік жырлары және т.б. бөлімдер қарастырылған бұл жобаның балалар мен ата-аналарға, балабақша тәрбиешілеріне берері мол.

«Жалпы бұл кездесудің басты мақсаты тіл саясатын іске асырудың маңызды тетігі ретінде дайын немесе жобаланып жатқан ІТ-өнімдерге шолу жасап, осы нарықтағы ІТ-мамандармен танысу болды. Қазақстандық нарықта қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі жобалар әзірленуде. Комитет тарапынан осы жобаларға негіз болатын дыбыстық қор әзірлеу жұмыстарын жүзеге асыру жолдары қарастырылатын болады. Алдағы уақытта «Astana hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркімен бірлесіп, тіл саясаты саласына қатысты тиімді ІТ-жобаларды іске асырылады деген сенімдеміз», - дейді Тіл комитетінің өкілдері.

ПРЕЗИДЕНТ:ҚАЗАҚ ТІЛІН ПАЙДАЛАНЫП, САЯСИ ОЙЫНДАР ЖҮРГІЗУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевөз сөздерінің бірінде атап өткендей, қазір қазақ тіліндегі фильмдерге, әндерге, өзге де өнімдерге деген сұраныс жоғары. Және Қазақстан үкіметі бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра бермек.

«Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ.

Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз», - деген еді  Президент қазақ тілінің қолданыс аясына қатысты айтқан сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар, латын әліпбиі негізінде қазақ тілін жаңғыртуға бағытталған «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жұмыс істейді. Айтып өткенімздей, бағдарламаның  мақсаты - қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.

Бағдарламаның міндеттері:

1. Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту
1.1 Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін ортологиялық кодтау.
1.2 Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілінің салалық терминдер жүйесін жетілдіру, біріздендіру және кодтау.
1.3 Ономастикалық кеңістікті латын графикалы әліпби негізінде реттеу және стандарттау.
1.4 "Қазақ тілінің ұлттық корпусы" жобасын іске асыру.
2. Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту
2.1 Білім беру саласындағы қазақ тілінің функцияларын кеңейту және оны қолдану мәдениетін арттыру.
2.2 Мемлекеттік және мемлекеттік емес сектор ұйымдарында қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру.
2.3 Ақпараттандыру және коммуникация саласындағы қазақ тілінің қолданылуын жетілдіру.
2.4 Мәдениет, халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын реттеу, әлеуметтік беделін арттыру.
2.5 Халықаралық коммуникацияда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту.
3. Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту
3.1 Орыс тілінің коммуникативтік-тілдік кеңістікте қолданылуы.
3.2 Этностық топтардың тілдерін дамыту.
3.3 Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын арттыру.

Нысаналы индикаторлары:

1) латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесі: 2022 жылы – 10 %, 2023 жылы – 20 %,  2024 жылы – 30%, 2025 жылы – 50 %;
2) мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі: 2020 жылы – 90,5 %, 2021 жылы –  91 %, 2022 жылы – 92 %, 2023 жылы – 93 %, 2024 жылы – 94 %, 2025 жылы – 95 %;
3) мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесі: 2020 жылы – 74 %, 2021 жылы – 75 %,   2022 жылы – 76 %, 2023 жылы – 77 %,  2024 жылы – 78 %, 2025 жылы – 79 %;
4) үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген халықтың үлесі: 2020 жылы – 26%, 2021 жылы – 27%, 2022 жылы – 28%,  2023 жылы – 29%, 2024 жылы – 30%,  2025 жылы – 31%. 

Сымбат Молдатай