Алматы мен Нұр-Сұлтандағы баспана құны елдегі орташа бағадан 240 пайызға қымбат, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі
Дүниежүзілік банктің есебінше, бұл екі қаладағы тұрғын үй Сан-Франциско, Сидней және Ванкувер сынды әлемдегі ең қымбат мегаполистерге қарағанда қолжетімсіз. Халықаралық кедейлікпен күрес күні қарсаңында Қазақстандағы экономикалық жағдайды саралаған Дүниежүзілік банк өкілдері біздің елде кедейлікпен күресу өте баяу жүріп жатыр дегенді айтты.
Елдегі орта топ өкілдері негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі қалалардың төңірегіне топтасқан. Тұрғындардың көбі ірі шаһарлардағы еңбек нарығына араласа алмай отыр. Бұл да кедейшілікпен күрестің баяу жүруіне себеп. Сарапшылардың сөзінше, кедейліктің орташа деңгейі 8,6 пайыз шамасында тұр. Яғни, күніне әрбір тұрғын орташа алғанда 5,5 доллар жұмсайды.
«Қымбат қалаларда баспанасы бар адамдар ауқатты саналады. Өйткені жекеменшік үй құнды акция ретінде есептеледі. Дүниежүзілік банк баспана қолжетімді қалаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін саясатты ұстанады. Оған қоса, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін жалақының өсуіне ықпал етіп, сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал топтарға, оның ішінде жастар мен әйелдерге қолдау көрсету өте маңызды», - деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі Уильям Зейтц.
Экономистің пікірінше, адамдар баспана үшін табысының 30 пайызын жұмсамауы тиіс. Алайда, біздегі халықтың 60-70 пайызы тұрғын үйге айлық табысының жартысына жуығын жұмсайды екен. Бұл елімізде баспана қолжетімсіз дегенді білдіреді.
Сарапшылар Қазақстанның кейбір аймақтарында кедейлік 30 пайыздан асқанын айтты. Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы, Сарыағаш аудандарында, ШҚО-ның Аягөз қаласында, Жамбыл облысының кейбір аудандарында кедейлік басым. Жұмыссыздық әйелдер мен жастар арасында көп.
Кедейлікті жоюдың бір жолы – тұрғын үй бағасын төмендету деп есептейді Дүниежүзілік банк сарапшылары
«Орта Азияның басқа елдеріндегідей, Қазақстанда 2002-2009 жылдары кедейлікпен күрес қарқынды жүрді. Бұл аралықта жоқшылық деңгейі жылына 4 пайыздық тұғырға түссе, 2013 жылы 6% көрсеткішке жетті. Қазір ол орта есеппен 8,6 пайызды құрайды. Егер Қазақстан экономикасы қазіргі қарқынмен дами берсе 2021 жылы кедейлік көрсеткіші 6 пайызға дейін төмендеуі тиіс», - дейді банк мамандары.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы