Алматы тұрғындары автобусты неліктен сағаттап күтуге мәжбүр?

Автор: Әйгерім Ердәулет

Бір ғана «Алматыэлектротранс» ЖШС-да 1003 автобус пен 181 троллейбус бар

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Алматы тұрғындары қыстыгүні автобусты сағаттап күтетінін, салдарынан аязды күндері аялдамада ұзақ тұрып, жиі тұмаурататыны айтып шағымданады. Проблема осымен шешілсе бір сәрі, күткен қоғамдық көлікке кейде сыймай, келесі автобусты күтуге тура келетіні тағы бар. Қарбалас әсіресе таңертең және кешкі уақытта болады. Ал ол кезде такси бағасы шарықтап, қарапайым халықтың қалтасын көтермейтіні анық. Azattyq Ruhy тілшісі автобустардың аралық қашықтығы неліктін ұзақ екенін анықтап көрді.

«№38 автобусты күтіп тұрғаныма 45 минут болды. Аялдама тұрып, үсіп қалдық. Бұл деген сұмдық қой. Неге қадағаламайды. Менен басқа аялдамада қанша адам тұр, көріп тұрсыз. Алматының суығы өңменіңнен өтіп кетеді», - деп кейіді қала тұрғыны Ольга Кавтуненко.

Ал ата-аналар таңғы және кешкі уақытта адамның көптігінен оқушылардың да мінуі өте қауіпті деп алаңдап отыр.

«Қазір кез-келген автобусты ұзақ күтеміз. Әсіресе осы №38 маршруттың жүрісін түсіне алмайтын болдық. Кейде арты-артынша 1 минут өтпей жетіп келеді, одан қалды өзара жарысатыны тағы бар. Кейде сағаттап күтесің. Өзі онсызда толып келген автобусқа оқушылар сығылысып амалсыздан мінеді. Біреудің жүрегі қысылып жүріп кетсе де, ешкім көмекке келіп үлгермейді. Өліп кетуі де мүмкін. Бұл былықты реттеу керек» - дейді қала тұрғыны Бағила Мұхамедқызы.

Өз кезегінде қоғамдық көліктің қозғалысына жауапты «Алматыэлектротранс» ЖШС автобустарды қалалықтар шын мәнінде 1 сағат күтуі мүмкін екенін айтып мойындап отыр. Оған кейде қоғамдық көліктің бұзылып қалу себеп болады деп түсіндірді.

«№38 маршрутта жылжымалы құрам жеткілікті. Біз күн сайын жоспарланған сапарларды толығымен орындаймыз. Алайда қалада жалпы автобустардың тапшылығы сезілетіні сөзсіз. Бұл ең алдымен, урбандалу процесіне байланысты. Қала тұрғындары жыл санап өсіп келеді. Ал әлемдегі оқиғаларға байланысты логистика дәліздері өзгеріп, қосалқы бөлшектерді жеткізуде уақытша қиындықтар болғаны рас.

Қалада басқа да тасымалдаушылар бар, олар автобустарды сатып алу кезінде өз мүмкіндіктеріне сүйенеді. Жалпы жыл сайын кемінде 150 автобус сатып алынады. Бірақ қалада автобустың тозу деңгейі жоғары екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан қолданыстағы парктің бір бөлігі жыл сайын жарамсыз болып қалады», - деп мәлімдеді «Алматыэлектротранс» ЖШС баспасөз қызметі.

Алматыда бір ғана «Алматыэлектротранс» ЖШС-да 1003 автобус пен 181 троллейбус бар. Олар күн сайын 55 маршрут бойынша халықты тасымалдайды.

«Әр маршруттың өз интервалы бар және ол күнде өзгеріп тұрады. Интервал ұзақтығына кептелістер тікелей әсер етеді. Қарбалас уақытта автобустар бірінің артында бірі тізіліп тұрады. Олардың бірінен соң бірі шығуы кептелістерге әкеледі. Сол сияқты күтпеген жерден апатқа ұшырайтын сәттер де бар. Одан бөлек техникалық себептермен тоқтап қалатын кездері де болады. Мұның бәрі әсіресе қарбалас уақыттардағы қозғалыс интервалдарына әсерін тигізеді. Күту интервалы кейде бір сағатқа дейін созылуы мүмкін», - деп отыр «Алматыэлектротранс» ЖШС.

«Алматыэлектротранс» ЖШС-дан бөлек, қалада тағы 20 автопарк бар. Қоғамдық көліктердің жүру интервалына қатысты әлеуметтік желілерде де күн сайын видео жарияланып, қалалықтардан сын айтылып та жатыр. Бірақ мәселе шешілмейтініне көпшілік наразы.

Өткен айда Алматы әкімі Ерболат Досаев та автобусты тұп-тура 33 минут күткенін айтып, қоғамдық көліктің жұмысын сынға алған.

«Мен кеше BRT бойымен автобуспен жүріп өттім. 32-ші бағыттағы автобусты 33 минут күттім. Себебі бұл күні 4 автобус жолға шықпаған. Қалада қажетті автобус қоры жоқ. Сондықтан келер жылы мәселені қалай да шешіп, қозғалыс аралықтарын қысқарту үшін қосымша 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып аламыз», - деген еді ол.

Айта кетейік, «Алматыэлектротранс» ЖШС көлік жүргіушілері екі күн жұмыс істеп, екі күн демалатынын айтты. Кәсіпорындағы жүргізушілер құрамының орташа жалақысы 300 000 теңгеден басталады. Сөздеріне сенсек, жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы жауапкершілігін де, кәсіпорынның өз қызметкерлерінің әрекеті үшін жолаушылар алдындағы жауапкершілігін де сақтандыру толығымен қарастырылған.