«Жаңа бастамалар керек»: депутат Алматының экологиялық ахуалына қатысты сауал жолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Алматы әлемдегі экологиясы нашар 100 қаланың ішінде 5-орынға жайғасқан

Фото: әлеуметтік желі

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министріне, Алматы қаласы әкімдігі мен  Алматы облысының әкімдігіне Алматы қаласының экологиялық ахуалына қатысты арнайы сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутат өз сауалында Қазақстанның қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығару бойынша 221 елдің ішінде 20-орынға тұрақтағанын, ал жан басына шаққанда алғашқы ондықта жүргеніне тоқталып өтті.

«Алматыда күніне 700 000 астам автокөлік қатынайды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қалада 508 000 көлік ресми тіркелсе, оның сыртында шамамен 250 000 автокөлік жақын аудандар мен ауылдардан кіреді. Бұл соңғы 10-15 жылдан бері өзгермей келе жатқан мәлімет. Алматыда жұмыс күндері автоккөліктен аяқ алып жүру мүмкін емес. Көбі жұмыс істеу үшін келгендіктен, күні бойы жолдың бойын тұраққа айналдырып, көлік қозғалысын қиындатады.

Ертеңгі және кеші «час-пик» уақытында Қонаев, Талғар, жоғарғы және төменгі Қаскелең бағыты бойынша көлік кептелісі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Көліктерден шығатын газ – Алматы ауасының ластануына басты себепші. Урбанист мамандар қала тәулігіне 700 мың автокөлікті қабылдауға қауқарсыз деп дабыл қағады», - деп атап өтті депутат.  

Оның айтуынша, қарапайым арифметика бойынша шаһарға кіретін әр автокөлік төрт адамнан алып келгенде, қаланың өз тұрғындарынан басқа, тәулігіне 1 миллионға жуық адам кіріп-шығады. Бұл – қаланың инфрақұрлымы мен еңбек нарығы үшін айтарлықтай салмақ. Алматы әлемдегі экологиясы нашар 100 қаланың ішінде 5-орынға жайғасқан. Былтыр «Қазгидромет» Алматыда ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан 367 есе көп екенін анықтаған.

«Биыл 16 қарашада Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы көлік инфрақұрылымы мен экология проблемасын ашына айтты. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заманауи қоғамдық көлікті, оның ішінде метро, LRT, BRT және Қаскелең, Қонаев, Талғар бағыттарына электрлі пойыз жүргізу мәселесін төтесінен қойып отыр. Сонда 30 жылда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бұл мәселені шешуге неге қауқарсыз болды? Енді Президент берген тапсырмалар бойынша нақты қандай жоспарлар бар? Алматыға жақын орналасқан аудан орталықтарына ұзақтығы 100 шақырым радиуста «электричка» салуға не кедергі?», - деген сауал қойды депутат.

Ол Алматыда ластану концентрациясы текше метрге 500 микрограммға жеткенін, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стандартынан 15 есе жоғары екенін, оның автокөліктегі бензол, алкилбензол, фенолдар және бензинде кездесетінін атап өтті.

«Қалада қоршаған ортаға тарайтын лас қалдықтар көлемі жылына 135 мың тоннадан төмендемей отыр. Халық Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл катастрофаның алдын алу үшін нақты қандай шаралар қолданатынын білгісі келеді. Алматы билігі ауаның ластануын қаладағы басты проблема деп тануы керек. Экология белсенділері шынайы статистикалар айтылмайды деп жүр. Қазіргі уақытта ластанудың қауіпті деңгейі туралы халықты хабардар ету жүйесі жоқ. Ауа сапасы туралы ақпараттар халыққа күнбе-күн ауа райы туралы мәліметтерімен бірге берілуі керек деп сесптейміз», - деді ол.

Зәкіржан Кузиевтің айтынша, бүгінде қала аумағында 3000 үй газға қосылмаған. Одан тыс Қаскелең, Талғар бағытында от жағатын жер үйлер өте көп. Осы бағыттан жел соқса, түтін Алматыға тарайды. Қала маңындағы ауылдарға газ кіргізу құны қымбат. Тұтынушы үшін орташа баға 350- 500 мың теңге. Осыған орай Алматы облысының әкімдігі тұтынушыларға нақты көмек көрсетуі тиіс.

«Автокөліктен келетін зиянды қалдықтар мәселесін тез арада шешу керек. Қазақстанда қыруар қаражат бөлініп жүргізілетін экологиялық мониторинг те, бюджет есебінен салынатын экологиялық тексеру посттары, олардың саны қазір Алматыда 19-ға жеткен, жүргізушілерге салынатын айыппұлдар да мәселені шешпейтіне көз жеткенін мойындау керек. Енді жаңа бастамалар мен жүйелі жұмыс керек деп санаймыз.

Ташкент пен Сарақанд арасына сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүреді. Төрт жүз шақырымды 2 сағатта жүріп өтеді. Пекин-Шанхай бағытындағы жүрдек поезд сағатына 350 шақырым жылдамдықпен қатынайды. Москва-Санкт Петербург сағатына 240 шақырым жылдамдықпен тез жеткізеді. Ал жақында ашылған Алматы-Қапшағай бағытындағы электричканың жылдамдығы амалсыз күлкіңді келтіреді. Бар жоғы 65 шақырымды 2 сағатта жүріп өтеді. Ал автокөлікпен 30-40 минутта жетуге болады. Осыдан өздеріңіз қортынды шығара беріңіз», - деп сөзін қорытындылады депутат.