Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойындардың құрбанына айналған - психолог

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан жастар конгрессінің басшысы Тоқтар Болысовтың айтуынша, олардың көбі жасөспірімдер

Фотолар: ашық дереккөзден

Әлем халқының алдынан шығып тұрған қатерлердің бірі – құмар ойындар. Бұл әсіресе, Қазақстан қоғамында да өзектеніп тұр. Бұл мәселеге ерекше назар аударған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің құмар ойынмен күреске қатысты жасап жатқан шаралары жеткіліксіз деген еді. Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда мәселеге жан-жақты шолу жасап шықты.

«Соңғы жылдары жастар арасындағы ішімдікке әуестік, есірткіге тәуелділік сияқты қатерлермен қатар ойынқұмарлық қосылды. Осының салдарынан жастар ғана емес, олардың жақындары да зардап шегіп отыр. Букмекерлік кеңселер мен казинолар интернетте жарнама жасап қояр емес. Мемлекет жас ұрпақты құмар ойындардан қорғау үшін бірқатар шаралар қабылдады. Алайда бұл жеткіліксіз болып жатыр. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін жаңа шаралар керек. Жастарды құмар ойындарға қарай итермелегендерді әкімшілік жауапкершілікке тарту керек. Тіпті, қажет болса, оларды лицензияларынан айырамыз», - деген еді Тоқаев.

Құмар ойынға тәуелді адамдарды күшпен емдеуге бола ма?

Ал осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова әлем дәрігерлері ойын құмарлықты есірткі мен ішімдікке тәуелділік сияқты эмоционалды құмарлықтар қатарына жатқызғанын айтып, дабыл көтерді.

«АҚШ-тың құмар ойындар мәселесі жөніндегі Ұлттық қауымдастығы жүргізген зерттеуге сүйенсек, әлемдегі әрбір орташа деңгейде өмір сүретін адамның қылмысқа бару ықтималдығы 6 пайыз болса, ішімдікке салынып кетуі мүмкін деген болжамының деңгейі 34 пайыз, есірткіге тәуелді болуы мүмкін деген ықтималдық 32 пайыз болса, құмар ойындарға байланып қалады деген ықтималдық 48 пайыз. Міне, сол ойынқұмарлықтың салдарын қазір Қазақстанда байқап отырмыз», - дейді Рамазанова.

Ләззат Рамазанова Қазақстандағы заң бойынша ішімдікке, есірткіге тәуелді адамдар өз еркімен емделуден бас тартса, оларды күштеп емдеуге рұқсат бар. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі ойынқұмарларды бұл қатарға қосуға келгенде ешқандай шара қолданып отырған жоқ дейді.

«Солай бола тұра қазір құмар ойынға деген тәуелділіктен болатын қауіп артып келеді: құмар ойынға тәуелді адамның қарызы орташа есеппен 10 миллион теңгеге жуықтайды, ал Қазақстандағы он жұптың жетеуі осы құмар ойынның кесірінен ажырасып кетіп жатыр. Қазір Қазақстанда 350 мыңға жуық адам құмар ойынның кесірін тартып отырса да, олардың жарнамасына заң бойынша тыйым салатын тетік жоқ. Сонда бұл мәселеге жауапты органдардың назарын аудару үшін тағы қанша адамның тағдыры тәлкіге түсу керек?», - дейді дабыл қаққан Мәжіліс депутаты.

Бұл мәселе жоғарғы палатада да бірнеше рет көтерілген болатын. Мәселен, Сенатта өткен парламенттік тыңдау кезінде Қазақстан Жастар Конгресінің басшысы Тоқтар Болысов шағын несие беру жасын 18-ден 21 жасқа дейін ұлғайту керек деген ұсыныс айтқан еді. Бұның да себебі – сол құмар ойындар.

«350 мыңға жуық қазақстандық құмар ойындардың құрбаны болып отыр. Олардың көбі – жасөспірімдер. Студенттер құмар ойынға ақша таппағанда шағын несие беретін ұйымдардан несие алады. Алайда, ары қарай құмар ойынға байланып, тығырыққа тіреледі. Қаншама ата-ана қазір балаларының шағын несиесін төлеп жүр. Сондықтан, біз шағын несие рәсімдеуге болатын жас мөлшерін 18 жастан 21 жасқа дейін ұлғайтуды ұсынып отырмыз», - деген еді.

Ол сондай Қазақстанда құмар ойынның шырмауына түскен жастарға көрсетілетін психологиялық көмектің жүйесін өзгертуді ұсынған. Өйткені құмар ойынға деген тәуелділік өте қауіпті құмарлыққа жатады. Яғни Тоқтар Болысовтың айтуынша, «міне, жеңемін» деп азарттың соңына түскен әрбір адамның өз өмірі, осындай қадамға барудағы психологиялық себептері бар. Және оларға тек психологтар ғана көмектесе алады.

«Өкінішке қарай, елімізде психологтардың институты қатты дамымаған. Білім беру ұйымдарындағы психологтар балалармен жұмыс істеу үшін жан-жақты жетілмеген. Сондықтан да біз психологиялық көмек беру жүйесін қайта қарауды ұсынып отырмыз», - дейді Болысов.

Осы ретте, Azattyq Ruhy психолог Шолпан Әбілованы сөзге тартып, ойынқұмарлыққа тәуелді адамды емдеуге бола ма, азарттың артынан қуып кеткен жақыныңды құтқару үшін не істеу керек, жалпы, қандай адамдар құмар ойынға тез кіріп кетеді деген сауалдардың жауабын сұраған едік.

- Шолпан, міне, көп жылдар болды, ойынқұмарлық, яғни құмар ойындарға әуестік, интернетте бәс тігу психологиялық аурулар қатарына қосылды деуге болады. Жақынын құтқарамын деп жанталасқан көп адам бұл дертті жеңе алмағандарын айтады. Жалпы ойынқұмарлық түбегейлі емделе ме? Әлде мұндай адамдарға үнемі бақылау жасап жүру керек пе?

- Әрине емделеді, егер тәуелді жан саналы түрде кіріссе және ол оның қалауы болса. Жалпы адам баласы айқын түрде мақсат етсе орындайды. Жеңемін, өз-өзімді алып шығамын деп ынталанған жанға жақындары сенім білдіріп қолдау керек. Тәуелділікке ұшыраған көп жандар, қолдау болмаған соң сондай зиянды дүниелердің түбіне түсіп жатады.

- Ойынқұмарлықты жеңу адамның ерік-жігеріне байланған ба? Яғни ерік-жігері онсыз да мықты адам бұған тіпті жоламайтын еді ғой?

- Бұл жерде ерік-жігері мықты немесе мықты емес деп бөлуге болмайды. Өйткені ондай әрекеттерге белгілі себептердің салдарынан барып жататындар да болады. Адам өмірінде қиын жағдай болды деп алайық , және шешім тек осы дүниеге келіп тірелсе бейсаналы тұрғыда адам оны талдап тұрмайды . Тек әрекет етеді. Қандайда бір әрекетті жасау үшін мотив керек. Жеңу де саналы мотив арқылы орын алмақ.

- Тағы бір көп айтылатын дүние – азарт ойындарға көбіне өте білімді адамдар көп әуес болады дейді. Бұл рас болса, бұған қандай да бір психологиялық түсінік бар ма?

- Бұл көбіне «когнитивті іс-әрекет жиынтығына» жатады. Яғни білімді адам ізденісті жаны сүйеді. Ондай жандарға өз қызығушылықтарының схемасы қызық. Құмар ойындардың жүйелілігін, ішкі кухнясын білуге. Оны зерттеуге асығады және де барлық ортада бірінші болып жүрген жанға, бұл ортада да бірінші болуға тырысудың арқасында тәуелділікке қалай ұшарғанын саналы түрде байқай алмайды.

- Сіз өз тәжірибеңізде құмар ойындарға кіріп кеткен адамдармен жұмыс істедіңіз бе? Бірнеше мысал келтіре кетсеңіз.

- Иә, жасы 30-дан асқан ер кісі болды. Ата-анамның өтінішімен жұмыс істедім, өйткені таныстары еді. Ойынқұмарлықтың соңғы ширегінде жүрген азамат еді. Отбасы бұзылған, ортасынан ажыраған, өз отбасынан оқшауланған жан алдыма келді. «Қай жерде болмасын абыройым қалмады, ешкім мені адам ретінде көрмейді. Мен шынында өзіммен жұмыс істегім келеді, бірақ қорқамын. Қолымнан келмесе, не істеймін? Соңы не болады деп ойлаймын» деді.Ол кісімен 6 сеанс жүргіздік. Жанында сенетін адам қалмаған соң, жақсылыққа сендіру оңайға соққан жоқ. Бірақ жоқ дегенде өзіне сенуіне және отбасымен бірге болмаса да көп араласуына, олардың сенуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысу керектігін түсіндірдім. Қазір білетінім, тұрақты жұмысы бар, отбасымен араласады бірақ бірге емес. Әрине, барлығы уақыт еншісінде.

- Сізге келген адамдардың арасында әйел адамдар көп пе, әлде ер адамдар ма?

- Ер адамдардың қарасы әрине көп, бірақ қандай да бір құмарлық не тәуелділік болмасын әйел адам ұшыраса одан айығуы ер адамнан қарағанда 20% төмен болып келеді. Өйткені әйел адам, сезіммен эмоция арқылы өмір сүреді. Ер адам суық санаға бейім болып келеді.

- Жастардың бойында азарт байқалса, ол азаратты құмар ойынға емес, басқа бағытқа, мәселен жұмыс көп істеу, ақша көп табу, көп тіл үйрену сияқты бағыттарға бұрып жіберуге бола ма?

- Әрине, дер кезінде танымды кеңес болса, барлығы мүмкін. Жалпы адамның азартқа әуестігі бала кезден туындайтын болады. Өзіне ұнайтын істі соңына дейін ыждаhаттылықпен орындап, қайта-қайта жасағысы келіп тұрады. Гипербелсенді болса, спорттық ойындарға бағдарлау қажет. Жалпы спорт адам бойындағы азартқа тәуелділікті физикалық тұрғыда басады.

- Қазақ халқының менталитетіне сай, құмар ойынға, ішімдікке түсіп кеткен жақынын адамдар көбінесе емшіге, бақсыға апарып, «оқытып», тіпті, «код» қойдырып жатады. Бұның зияны қандай? Адамдар неге психологтың көмегіне жүгене бермейді деп ойлайсыз?

- Жалпы біздің мемлекетте дәстүрлі емге сенім көп. Бұл ата-бабаларымыздың кезіндегі жүріп өткен жолы әрі сол дүниеден қалған тәрбие, әрекет. Және де психология саласы елімізде енді айқын сұранысқа ие болып келеді. Сондықтан да тәуелділікті жоюға деген қандай да бір әдіс болмасын зияны жоқ деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде мән беретін бір жағдай: тәуелді адамның өзі өзгеріске ынтасы болмаса, кімге жүгінсеңіз де өзгерістің орын алуы екіталай.

- Құмар ойындарға кіріп кеткен адамдардың жақындарына қандай ақыл-кеңес айтасыз. Шыны керек, өзімнің бір жақыным интернет арқылы бәс қойып, ұтылып, көп қарызға кірді. Менің ол адамға деген қарым-қатынасым қандай болуы керек? Оған қалай көмектесе аламын?

- Эмоцияға қатты берілмеңіз, онымен ештеңе шеше алмайсыз. Тек оны тыңдап, психологиялық жағдайы қаншалықты ауыр екенін бағалаңыз. Бұрынғы бақытты сәттерді шәй үстінде еске түсіріп шынайы жеткізіңіз. Бірақ басымдылық танытпаңыз. Содан кейін ғана ол кісіге әрі қарай сене аласыз ба? Өзгеріске мүмкіншілік бар ма белгілі болады.

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сымбат Молдатай