Балалар құқығы туралы заң жобасында қандай мәселелер талқыланып жатыр?
Бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желілерді ашып қалсақ балаларға физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, қорлау және киберқорлау, кәмелетке толмағандарды нашақорлық пен маскүнемдікке тарту секілді ақпараттардан аяқ алып жүргісіз. Балаларға көрсетілетін әлімжеттік пен зорлық-зомбылық – елдегі маңызды проблемалардың бірі. Балалар жылы аясында бұл мәселелерді шешу екі есе өзекті болып отыр. Омбудсмен Аружан Саинның айтуынша балалардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша үнемі құқық қорғау органдарымен – Ішкі істер министрлігімен, Бас прокуратурамен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен байланыста. Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда проблеманың өзектілігін қозғап өтпек.
БАЛА ҚҰҚЫҒЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫНДА КӨТЕРІЛГЕН ПРОБЛЕМАЛАР
Сөз басында айта кетейік, биыл наурыз айында Парламент Мәжілісінің қабырғасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілген болатын. Мәжілісмендер заң жобасында кәмелет жасына жетпегендердің түрлі саладағы құқығын қамтамасыз ету мәселесіне жете көңіл бөлген. Мысалға баспана, білім алу, интернеттегі буллинг секілді проблемаларды шешетін нормалар қарастырылған. Ал ерекше қажеттілігі бар балалар үшін ауруханалар мен емханалар негізінде оңалту орталықтарын құру жоспарда бар.
«Бұл заң жобасы өткен жылдың 15 қыркүйегінде бірінші оқылымда мақұлданды. Онда балаларды кез келген зорлық-зомбылықтан, нақтырақ айтқанда отбасылық қатынастар, білім беру және ақпараттық кеңестік салаларында қорғау тетіктерін іске асыруға бағдарланған нормалар көзделген», - деді депутат Жәмилә Нұрманбетова.
Шыны керек, ерекше қажеттілігі бар балалардың жағдайы көңіл көншітерліктей емес. Олардың оңалту қызметтерін алуы жекелеген тұстарда үлкен проблема деп айтуға болады. Заң жобасында бұл мәселе де қаралыпты. Сол сияқты ата-анасының қамқорлығынан айырылған, жетім балалардың баспаналы болуы үшін есепке қою мерзімін қысқарту мәселесі де ескерілген.
«Кәмелетке толмаған балалардың проблемалары кеңейгені себепті депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді. Тиісті түзетулер жауапты мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайым Жәмилә Нұрманбетова.
Жуырда Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде балалар құқығының мәселесі талқыланып, проблемаларды кешенді түрде шешу жолдары талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқығын қорғауға ерекше мән беруді тапсырды. Осы себепті балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларында нақты шаралар қабылдау маңызды деп санаймыз.
Балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу жағдайлары Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында көбейіп барады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың, суицидтің алдын алудың және әр баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің кешенді жоспарының қажеттілігін талқылауды маңызды деп санаймыз. Тағы бір проблема – балалардың жеке балабақшадағы жағдайы. Жеке балабақшаларда қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді», - деді сенатор Нариман Төреғалиев.
«ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ САЛДАРЫМЕН ҒАНА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ...»
Осы отырыста Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин баяндама жасап, бала құқығын қорғаудағы кемшін тұстарға тоқталып өтті. Біз осы орайда уәкілдің баяндамасындағы маңызды тұстарына шолу жасап шықтық.
Аружан Саинның айтуынша, әйелі мен бала-шағасын ұрып-соғып, қорлық көрсетіп, қылмысқа баратын басқа адамдардың, балалардың құқығын таптайтын үлкендер қайдан шығады? Бір-бірін қудалауға, физикалық зорлық-зомбылыққа, өлтіруге дейін баратын балалар қайдан келеді? Айтуынша мұндай қылмыстар көп болса, қоғамда зорлық-зомбылыққа қабілетті адамдар да көп деген сөз. Ал мұндай жағдайға жол беруге болмайды.
«Балаларды толыққанды тәрбиелеу жүйесінің жоқтығы, олардың қабілеттерін ашу, әрбір баланың дарынын, бойындағы талантын жеке дамыту мүмкіндігінің жоқтығы, заңдарды бұзуға және басқа адамдардың құқығына қол сұғуға, зорлық-зомбылыққа бейім төмен деңгейдегі қоғамның туындауына әсер етеді. Сондықтан зорлық-зомбылықпен күресу туралы сөз қозғағанда, оның себептерін біздің қоғамда неліктен жиілеп бара жатқанын білуіміз керек. Әрине, полиция, прокуратура, сот, психологтардың жұмысы маңызды, бірақ олар салдарымен ғана жұмыс істейді. Ал ертең тіпті балаларды қорғау үшін полиция қызметкерлері мен психологтар жеткіліксіз болады. Сондықтан біз себептерді анықтап, жоюымыз қажет! Қалай? Бұл туралы Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға қатысты әр сөзінде айтып келеді», - деді ол.
Омбудсменнің айтуынша, қоғамды және бала тәрбиесіне қатысты мемлекеттік саясатты өзгерту керек. Өз сөзінде балаларды дамуға бағытталған еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етіп, виртуалды шындықта да, күнделікті өмірде де жеке басын бұзатын әрекеттерге, қарым-қатынасқа уақытының қалмауын қадағалап, олардың өсіп жатқан ортасындағы шарттарды өзгертіп отыру қажет. Өз сөзінде бала ешнәрсемен айналыспай, өз еркімен қалдырған кезде есірткіге, алкогольге құмар болып, интернеттегі деструктивті идеяларға ұшырайды. Тиісті деңгейде көңіл бөлгенде ғана зорлық-зомбылыққа жол бермейтін қоғам жасауға болады.
«Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің балаларды оқытуға (ал бұл әлемдік түсінігінде тек академиялық білім ғана емес, өнер мен спорт) бөлетін қаражаты оның экономикалық көрсеткіштеріне ғана емес, елдегі қылмыстық деңгейге, соның ішінде жасөспірімдер, суицид деңгейі және басқа да жағымсыз факторларға әсер етеді. Сондықтан да қазір балалардың сүйікті спорт түрлерімен және өнерлерімен айналысуына, олардың қабілеттері мен дарындарын дамытуға, ал елде лайықты азаматтарды тәрбиелеуге, және жоғары сапалы адами капиталды алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізуге үлкен үміт артылып отыр», - деді ол.
«ӘКІМДІКТЕР БІР ФУТБОЛ КОМАНДАСЫНА 1,2 МЛРД ТГ БӨЛІП ОТЫР...»
Аружан Саин атағандай «ARTSPORT» бағдарламасын жүзеге асыру барысында алға қойылған міндеттер мен қабылданған заңдар мен құқықтық актілердің орындалмауына тағы да тап болғанымызды мойындау керек.
«Ел үшін ең басты басымдық, демек, мәдениет пен спорт саласына бюджет қаражатын жұмсау – бұқаралық балалар спорты мен өнері екенін түсіндіруге тура келетіні өкінішті. Шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялар ата-аналар үшін тегін болуы керек және әр бала өз қалауы бойынша спортпен және шығармашылықпен барынша қамтылуы керек.
Әу бастан-ақ өңірлерде балалар спорты мен шығармашылығын жан басына шаққандағы қаржыландыруға мүлде жеткіліксіз қаржы бөлінді, ал біз 2022 жылы жыл бойы ата-аналармен және қызмет көрсетушілермен бірлесе отырып, балалардың өздерінің сүйікті спорт түрлерімен және шығармашылығымен тегін айналысу құқығы үшін күресіп келдік. Әкімдіктер реформаға ақша жоқ деп жатады, бірақ сонымен бірге кәсіби спорт клубтары мен мәдени іс-шараларды қаржыландыру жалғасып жатқанын, облыс билігі 300-400 мың балаға 80-100 миллион теңге ғана бөле алатынын, ал бір футбол командасына – 1,2 млрд теңге бөле алатындықтарын көріп отырмыз», - деп омбудсмен проблеманың бір шетін қозғап өтті.
Сөз арасында шенеуніктердің реформа жасаудағы проблемаларына да тоқталып өтті. Бәрі ашық түрде болмаған соң «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болып жататынын қозғап өтті.
«Шенеуніктер реформаның төңірегінде орасан көп өтірік жасап жатыр. Бұл күтілген еді, өйткені біз бюджет қаражатының ашық емес, халыққа пайдасы жоқ және сыбайлас жемқорлықтың «иелену әдісі» бойынша тәуекелдері үлкен жағынан басталып, халықтың нақты қажеттіліктеріне, атап айтқанда – әрбір балаға соңғы орында бөлінуі жайлы айтып отырмыз. Процестерді цифрландырған ArtSport.kz платформасын шенеуніктер дұшпандықпен қабылдайды, өйткені бұл оларға қаржылық ағындарды өз қалауы бойынша басқаруға және әртүрлі бөлімдердің деректер базасымен максималды түрде біріктірілгендіктен ата-аналармен немесе балалармен манипуляциялауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, NOBD және медициналық ақпараттық жүйелерден бастап қолданыстағы барлық ұқсас платформалардан айырмашылығы, бұл платформа ай сайын азаматтың өзі қызметтерді алуын растауды талап етеді, бұл тәуекелдерді жылдам анықтауға және жосықсыз жеткізушілердің мемлекеттік тапсырыстарды заңсыз алу әрекеттерін тоқтатуға мүмкіндік береді», -деді ол.
Омбудсмен атағандай, дәл осы ашықтық көптеген жергілікті шенеуніктерге қажет емес. Сөз арасында қазірдің өзінде жүздеген ата-ана реформаның арқасында қаржылық қиындықтарға байланысты спортпен немесе өнермен айналыса алмайтын балаларының сабаққа қатыса бастағанын және бұл балаларды шынымен өзгерткенін тілге тиек етіп өтті.
«Олар өздеріне жаңа достар тауып, жаңа қызығушылықтары мен мақсаттары пайда болып, мектептен тыс өмірі қызыққа толуда. Басқа ата-аналар бұл реформаның отбасы бюджетін едәуір үнемдейтінін сезінгендерін, балалардың сабақтарына кететін шығынның едәуір бөлігі отбасында қалып отырғанын, және ата-аналар бұл қаражатты отбасы мен балалардың өмірін жақсартуға жұмсай алатынын айтып жатыр. Бұл реформаның да орасан зор экономикалық әсері бар: мыңдаған жұмыс орындары ашылады, жаттықтырушылар мен мұғалімдер еңбегі үшін лайықты жалақы алады, зейнетақы, медициналық сақтандыру және т.б. төлемдер аударылатын болады», - деді ол.
Ол кәмелетке толмағандар арасында және оған қатысты қылмысты азайтудағы басты рөл ретінде алдын алу жолдары қажет деп есептейді.
«Бала тәрбиесі – бұл мемлекеттік басты бағдарлама. Кез келген мемлекеттің негізгі инвестициясы – Халыққа, демек, балаларға инвестиция! Бұл жолды бүкіл қоғамның, әсіресе ата-аналардың, секциялар мен үйірмелерді жасайтын кәсіпкерлердің қолдауымен өтуіміз керек. Сингапурдағы білім беру реформасының ұрандарының бірі: Creating tomorrow starts today. Яғни болашақты құру – бүгіннен басталады. Біз осы жолмен жүруіміз керек, өйткені бұл қадамдар миллиондаған қазақстандық балалардың тәрбиесіне орасан ықпалын тигізеді», - деді омбудсмен.
Оның пікірінше, балалар өздерінің ең жақсы қасиеттерін жүзеге асыруға, жеке қабілеттерін дамытуға, ең маңызды дағдылар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды меңгеруге, өз еңбегі мен жетістіктеріне, басқа балалардың еңбегіне құрметпен қарау мүмкіндіктеріне ие болады.