«Бақытты отбасы - бақытты мемлекет»: отбасы институты қалай күшейтіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандар отбасындағы келіспеушілік неден болатынын айтты

Былтыр елімізде 50 мыңға жуық отбасы ажырасып кеткен. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып отыр. Сондықтан да елімізде отбасын институтын күшейту - негізгі идеологиялық саясаттың бірі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда жыл сайын 12 қыркүйекте отбасы күні тойланады. Бұл мерекемен құттықтаудың бірінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет отбасы институтын қолдап, ол бойынша кешенді отбасылық саясат жүргізілетінін айтқан еді.

Ал отбасы қуатты болуы үшін жастардың санасына отбасы құндылықтарын ерте кезден сіңірген абзал.

Елімізде бір жылға жуық жүзеге асырылған «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі шараларды институционализациялау» жобасының үйлестірушісі Варвара Марховец атап өткендей, жоба жастар мен жасөспірімдер арасында отбасы құндылықтарын кіріктіруге бағыттылған.

Жоба аясында психолог пен педагогтар жастар мен жас отбасыларға 100-ге жуық кеңес өткізген.

Консультация сұрағандардың жасы:

  • 13-15 жас- 3%
  • 16-20 жас -14%
  • 21-29 жас - 60%
  • 30-40 жас – 17%
  • 40 жас - 6%

Олардың өтініштері тұлғааралық қақтығыс, ерлі-зайыптылардың біреуінің тәуелділігі, балаларды тәрбиелеу, отбасынан тыс қақтығыстар, шаршау, шаршау, ерлі-зайыптылардың біреуіне опасыздық жасау, клиент немесе жұбайының ауруы, ажырасқаннан кейінгі балалармен қарым-қатынас, жалғыздық, артық салмақтан арылу, достармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты болған.

Жоба аясында ерлі-зайыптыларға ажырасу істері бойынша соттардың жолдамасы бойынша кеңес берілген. Сондай-ақ соттың 25 ұйғарымы алынып, 50 жұбайымен жұмыс жүргізілген.

«Замандас» қоғамдық қоры 13 жылдан бері қиын жағдайға түскен отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Бұл жоба аясында жұмыс істеу қиындық туғызбады. Жоба аясында 17 меморандум түзілді. Астана қаласының соттарымен тығыз қарым-қатынаста болдық», - дейді ол.

Варвара Марховец атағандай, жоба аясында өткізілген іс-шараларға 501 отбасы қатысқан.

«Білім беру саласында жұмыс істеп жүрген педагогтермен де жұмыс жүргіздік. Біз тек Астана қаласында ғана емес, барлық ел аумағын қамтуға тырыстық. Отбасы күні, Балаларды қорғау күні мерекелерінде отбасыны біріктіретін байқаулар мен іс-шараларды жүзеге асырдық. Ол шараларға 169 отбасы қатысты», - деді ол.

Оның айтуынша, ажырасудың себептерін бақылау кезінде  барлық отбасы  бастапқыда деструктивті және дисфункционалды болып құрылды, бұл жастар арасында білім беру жұмысын маңызды ететіні анықталған.

Ал Астана қаласының Алматы аудандық сотының судьясы Айгүл Молдыбаеваның айтуынша, сот отбасылық жанжалдардың ең соңғы нүктесі болып табылады.

«Сотқа ажырасуға келген отбасылармен психологтардың жұмыс істеуі өте маңызды. Себебі кейде адамдар тек әңгімелсуге мұқтаж болады. Оның нәтижесінде шешілмей тұрған мәселесін жинақтап, ретке келтіргісі келеді. Мәселен, Үндістанда ажырасу көрсеткіші 2 пайызды құрайды. Себебі ерлі-зайыптылар бір-бірімен үнемі әңгімелеседі. Олардың отбасылық қарым-қатынасы үлгі  бола алады. Бізде ажырасуға келген отбасылардағы бала кәмелетке толмаған болса, олардың құқығы бұзылды деп айтамыз. Себебі кәмелеттік жасқа толмаған балалар шешім қабылдай алмайды. Олар таңдау жасай алмайды», - деді Молдыбаева.

Бұл жауапкершілікті сот орындаушыларға артады.

«Отбасын құрғанда ерлі-зайыптылар бала сүйгісі келеді. Ешкім ажырасамыз деп үйленбейді ғой. Бірақ ажырасу балаларға өте үлкен травма. Жанұяда болған бір проблеманы шешкісі келмей, өздерімен жұмыс істегісі келмеген отбасылар ажырасу соңғы шешім деп ойлайды. Алайда олардың отбасында бала болғандықтан, көзқарас басқаша болу керек. Бұл жобаның соңғы нәтижесі адамдардың құқығын қорғау. Әрине, егер де отбасында экологиялық сау қарым-қатынас болмаса, ондағы балалар жапа шегіп, бақытты болмаса, басқаша қарау керек. Бірақ отбасы ол қажырлы еңбек. Отбасын құрған ерлі-зайыптылардың өзі жеке отбасында, өзге мәдениетте өскенін ескеру керек. Бұл жерде екі мәдениет үйлесіп отыр. Сондықтан тек қана әңгімелесу арқылы бақытты отбасы құруға болады», - деді ол.

Психолог Светлана Нұркенқызы әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнама туралы айтып берді.

«Біздің сауалнамаға 24-25 жастағы желі қолданушылары қатысты. Психология тақырыбы дәстүрлі түрде тек қыздардың арасында қызықты деген түсінік бар. Алайда біздің сауалнамаға жігіттердің 16 пайызы қатысты. Бұл - өте қуантарлық жағдай. Отбасы құндылықтары туралы әртүрлі әлеумметтік желілерде ақпараттық хабарламалар жарияладық. Онда отбасы институты, отбасындағы дағдарыстық кезеңдер мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жастарға 20 қазақ тілінде, 20 орыс тілінде ақпараттық бейнежазбалар көрсетілді. Оларды көрген адам өзіне кем дегенде бір-екі жаңалық аша алады», - деді ол.

Астана қаласы бойынша әйелдер жөніндегі комиссия мүшесі Наталья Семененко атағандай, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілікке экономикалық жағдай да әсер етеді.

«Бұл - екі адамның ақша жұмсаудағы көзқарасы. Мысалы кездесіп жүргенде жігітінің қанша жалақы алатынын білмеген қыз, тұрмысқа шыққан соң 4 айдан кейін ажырасып кетіп жатады. Ол қаражатты екі күннің ішінде жұмсауы мүмкін ғой, ал тұрмысқа шығып, жолдасының айлығы 150 мың болса, оны жұмсау бойынша сұрақ туындайтыны анық. Әрине, бұл екі адамның отбасы, түсінігі мен еңбекті бағалауына байланысты. Алайда отбасы болғанда осындай ұсақ-түйек дүниелерге дейін талқылап, ортақ шешімге келген абзал», - дейді Наталья Семененко.

Оның айтуынша, «бақытты отбасы - бақытты мемлекетті» құрайды.

«Отбасындағы әрбір адамның бақыты – мемлекеттің дамуына әсер етеді. Себебі отбасының жағдайы нашар, қарым-қатынаста келіспеушіліктер болса, кез келген адам қоғамның, мемлекеттің, елдің дамуына үлес қосуы екіталай. Сондықтан да бұл елімізде отбасы институтын дамытуға ерекше көңіл бөлу керегін көрсетеді. Ал бақытты отбасы құру үшін бала, жасөпсірім, ересек кезде адамдардың психологиялық саулығының жоғары болғаны маңызды. Біз отбасы институтын құруды алға мақсат еткеннен кейін, осы сынды жобалардың қатарын көбейтуіміз керек», - деді ол.

Бала тәрбиесіне келетін болсақ, психолог Нұргүл Молдабайқызы «бала белден» дегенге екіжақты қарым-қатынаста қарау керек екенін айтады.

«Баланың тәні ананың бойында қалыптасқанымен,оның рухы және болмысының іргетасы құрсақтан қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда құрсақтан бастап, бала-адам. Құрсақта болып жатқан процестерге біздің ықпал етуіміз өте қиын. Ананың бойында түрлі-түрлі өзгерістер болады. Осыған байланысты анаға деген құрмет, түсінушілік арқылы, оны сыйлау арқылы балаға да ықпал ете аламыз», - деді ол.

Ал психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, бақытты отбасы деген - әке мен ананың бақытты болуы. Ал отбасы мүшелерінің бақытты болуы баланың да бақытты болуына әсер етеді.

«Шаңырағы берік болуы керек. Біз 30 жылда бұл мәселені әлі шеше алмай келеміз. Пәтер жалдап келе жатқан адам өте көп. Осығаан мән беруіміз керек. Жас отбасына да үлкен қолдау көрсетілуі керек. Ол жер беріле ме, отбасының қамалын қалыптастыруға болатындай ету керек. Мектепте психологтардың санаты жоқ. Олардың оқушылармен жұмыс істейтін уақыты да жоқ. Қазіргі уақытта некесіз бала өте көп. Азаматтық некеде, «өзім үшін» өмір сүрем дегендердің қатары көбейіп жатыр. Оның болашағы қандай болатынын білмейміз. Себебі дәстүрлі отбасында дүниеге келмеген бала ертең өзі сондай отбасына ұмтылатыны екіталай», - деді маман.  

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасы институты құрылады.Жаңа жоба жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйіне емес, бірден патронаттық отбасына беруге мүмкіндік береді.Бұл балалардың асырап алушы ата-аналарын тез тауып, үйде бейімделуі үшін қажет.

«Бұл жұмыс Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент атап өткендей, біз азаматтардың білімі, денсаулығы мен әл-ауқатына жауаптымыз. Бүгін елімізде бала асырап алудан бөлек, балаларды отбасына орналастырудың қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, патронаттық отбасы сияқты түрлері бар. Алайда балалар үйлерінде ауыр аурулары бар және дамуында артта қалған балалар қалады. Бұл балалардың отбасында тәрбие алу мүмкіндігіне ие болуы үшін денсаулық жағдайына қарамастан барлық баланы қабылдауға дайын кәсіби патронаттық отбасылар институты құрылады. Қазір Оқу-ағарту министрлігі кәсіби патронаттық отбасыларды заңнамалық тұрғыдан бекіту жұмысымен айналысып жатыр», - деп айтты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Кәсіби патронаттық тәрбиешілерге қойылатын талаптарды, психологиялық дайындық бағдарламасын, әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер тізбесін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Балаларды кәсіби патронаттық отбасына 3 айға дейін қысқа мерзімге және 3 айдан кәмелетке толғанға дейін ұзақ мерзімге беруге болады деп жоспарланып отыр. Балаларды тәрбиелеуге беру келісім негізінде жүзеге асырылады. Асырап алушы ата-аналар балаларының санына және олардың отбасында болу мерзіміне байланысты өз еңбегі үшін ақы алады.

Марья Айдарбаева