Алаяқтардың әдістері жаңарған, құқық қорғау органдары оны қалай анықтайды
Қазіргі таңда азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену қылмыстардың ең көп тараған түрі болып отыр. Сондықтан алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл мәселелері қазіргі таңда елімізде және бүкіл әлемдегі өзекті мәселелердің бірі.Алаяқтар азаматтарды алдау үшін әр түрлі амалдарды қолданады. Сол себептен, осындай қылмыстардың саны жылдан жылға көбейіп отыр, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Осы алаяқтық бойынша жыл басынан бері 17,5 мың қылмыс тіркелген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 17 900 қылмысқа төмен. Алаяқтардың әрекеті нәтижесінде азаматтарға жыл басынан бері 15 млрд теңге сомасында залал келтірілді.
Әлі де ең көп таралған әдіс-онлайн сауда. Алты айда 6 мыңға жуық алаяқтық жасалған.
Банктер мен микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн қарыздарды ресімдеудің 2,8 мың фактісі тіркелген. 1400 жағдайда олар әртүрлі жобаларға тиімді ақша салу сылтауымен жасалады.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуы оларды пайдалана отырып жасалатын ұрлықтардың өсуіне әкелді.
«Тіркелген істерді талдау көрсеткендей, осындай жағдайларда алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді белсенді пайдаланады. Яғни, орнатылған бағдарламаның көмегімен шынайы абоненттік нөмір басқасына өзгереді.Әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие алуға әрекет туралы хабарлайды. Көбінесе олар өздерін полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде ұсынады және Банктің жосықсыз қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын хабарлайды», - деді Дүйсетаев.
Олар ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды шоттан не депозиттен ақшаны кейіннен ұрланған ақшаны одан әрі аудару не қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатын қауіпсіз «сақтандыру» шотына аударуға көндіреді.
«Азаматтарды қолдарында бар мүлікті (пәтер, автокөлік) кепілге қоюға немесе сатуға көндірген жағдайлар тіркелген.ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға айыппұл салуды көздейді.Қылмыс топ құрамында не аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда (4-б.) жаза 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды», - дейді ол.
Маман атағандай, кей кездері ақпараттық кеңістікте адамдар салғырттық пен сауатсыздық салдарынан алаяқтарға тап болып, алданып қалып жатады.
«Алаяқтар әрқашан адамдардың сеніміне кіріп, оларды алдау үшін әртүрлі тәсілдерді пайдаланады. Әдетте, олар өз құрбандарын төмен бағамен қызықтырып, уақыттың тығыздығы, сатып алу бағасының төмендігі, қалған тауарларды сату сияқты түрлі уәждермен арбайды. Интернет желісі арқылы шынайы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар теріс пиғылды адамдар да аз емес. Кейде қаскүнемдер жалған интернет дүкендер немесе танымал сайттардың көшірмесін жасау арқылы азаматтарды өздеріне көптеп тартады. Тауарлар үшін алдын ала төлемді алғаннан кейін осындай "дүкеннің" иесі ол тауарды мүлдем жібермеуі немесе сапасы төмен тауарды жіберуі мүмкін, - дейді ол.
Өкінішке қарай, көптеген азамат интернет арқылы өзінің жеке мүлігін, пәтерлерін немесе автокөліктерін сату кезінде де алданып қалып жатады.
«Мәселен, қаскүнемдер жарнама бойынша қоңырау шалып, қандай да бір тауарға қызығушылық танытқан болып, кепіл ретінде алдын ала төлем жасайтынын айтады. Ал ақшаны аудару үшін оның карта нөмірі мен жеке деректерін сұрап алады. Біраз уақыттан кейін екінші рет қоңырау шалып (немесе оның сыбайласы) және алдын ала төлемді аудару үшін қажеттілік ретінде сатушының телефонына келіп түскен SMS-кодты хабарлауды сұрайды. Шын мәнінде, код алаяқтарға интернет-банкингті қосу және сатушы картасына қол жеткізу үшін қажет. Керсінше жағдайда жалған тауарларды арзан бағамен жарнамалау арқылы азаматтардан алдын ала кепіл ақыны талап етіп, белгіленген ақшалай қаражатты иемденген соң, байланысқа шықпай қояды», - деді Дүйсетаев.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік инженерия бұл да кеңінен қолданылып жүрген интернет-алаяқтықтықтың бір түрі.
Мәселен, сізге тұрмыстық техникаларды сататын танымал компаниялардың немесе туристік фирмалардың атынан телефон шалып: "Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз" не "Шетелге жолдамаға ілігейін деп тұрсыз" деп қызықтырады. Сыйлықты жеткізу, ұтысты рәсімдеу және өзге сылтаулармен белгілі бір ақшалай қаражатты төлетеді немесе азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізеді.
«Интернет-алаяқтықтың тағы бір түрі фишинг арқылы жасалады, яғни пайдаланушының жеке мәліметтерін жасырын алу болып табылады. Қаскүнемдер алдымен танымал банктердің немесе ірі компаниялардың атынан жаппай электрондық хаттар немесе сілтемелер таратады. Бұл жерде айта кететін нәрсе, электрондық мекенжайлар арқылы (электрондық пошта, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер) өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттар мен сілтемелерді ашудың қажеті жоқ, ашқан күннің өзінде сілтемедегі қойылған сұрақтарға жауап беруге болмайды. Ондай хаттар мен сілтемелерді мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек және міндетті түрде вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданған жөн», - дейді ІІМ өкілі.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде табысты іске кепілді ақша салу туралы жарнамалар орналастырылады, жарнама берушілер үлкен табыстарға жетуді уәде етеді.
Сенімді арттыру үшін алғашқыда жаңа қатысушылардың салымдары есебінен қандай да бір сома төленуі мүмкін. Үлкен сома жиналғаннан кейін алаяқ төлемдерді тоқтатады және олармен байланысты үзеді.
Мәселен, Алматы қаласында "Instagram" әлеуметтік желісінде "ақшаны айналдырып, көбейтіп беремін" деген сылтаумен азаматтарды алдаған алаяқ ұсталған. Ол елдің әр түрлі өңірлерінің 5 азаматына қатысты алаяқтық жасаған.
«Азаматтардың ұялы телефондарына өздерін "банк өкілдері" ретінде қоңырау шалып (банктің ресми телефон нөмерімен хабарласуы да мүмкін), карточкадан заңсыз аударым жасалуы туралы хабарлаған жағдайлар да бар. Операцияны бұғаттау үшін карточканың реквизиттерін нақтылауды ұсынады. Қажетті мәліметтерді алғаннан кейін, қылмыскерлер карта иесінің интернет-банкингіне қосылып, есеп-шоттан ақшалай қаражаттарды ұрлайды», - дейді маман.
Ол атағандай, назар аударуға тұрарлық алаяқтықтың тағы бір түрі қылмыскерлер азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізіп, оларға микронесиелік ұйымдар арқылы онлайн-кредиттер ресімдейді.
«Биыл жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласының тұрғыны ұсталды, ол әлеуметтік желілерде қыздармен танысу үшін фейк (жалған) парақшаларын ашқан. Сенімге кіру және сенімді теріс пайдалану арқылы алаяқ виртуалды танысқан қыздармен банктік есеп-шоттардың реквезиттері мен жеке деректерін алған. Алған мәліметтер бойынша әртүрлі микронесиелік ұйымдар арқылы онлайн-несиелер рәсімдеген. Жүргізілген жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде, оған республиканың әртүрлі аумағындағы 92 тұрғынға қатысты жасалған алаяқтық дәлелденді. Жалпы келтірілген шығын 6 млн. теңгеден асады», - деді ол.
Қазақстанда интернет-алаяқтықты бейтараптандыру және алдын алу бойынша ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шараларды көздеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтқан болатын.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында қылмыстық схемаларды анықтау, оларды ұйымдастырушылар мен дроперлерді жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты күшейту көзделіп отыр. Осы мақсатта кешенді талдау негізінде киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың ведомстволық бағдарламасы әзірленеді», - деген еді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Ол мұндай қылмыстарды бейтараптандыру және алдын алу бойынша ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шараларды көздеу жоспарланып отырғанын айтты.
Министрдің айтуынша, ауысымдық абоненттік нөмірлерден қоңырауларды бұғаттау тетіктерін әзірлеуге ерекше назар аударылмақ.
«Уәкілетті органдармен бірлесіп халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтеміз. Бұл азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырады», - деген еді ІІМ басшысы.
ІІМ алаяқтардан қорғану, жолдарын кесу бойынша бірқатар кеңес берді:
Марья Айдарбаева