Астанада емделмейтін диагнозы бар науқастар көмек алатын жалғыз паллиативтік көмек орталығындағы адамдар өмірінің соңғы күндерін қалай өткізеді?
Бұған дейін хабарлағынымыздай, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Сартбаев Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың атына «Хоспистер мен паллиативті көмек орталықтарын қаржыландыру мәселесі» туралы депутаттық сауал жолдай отырып, Астанада емделмейтін диагнозы бар науқастарға көмек көмек көрсететін жалғыз паллиативтік орталықтың қаржылай қиындықтары туралы мәселе көтерген болатын. Яғни, депутаттың айтқан цифрларына сенсек, биыл орталық соңғы 2 айда көрсетілген қызметтер үшін қаржыландырудың «негізсіз» 90%-ға қысқаруына байланысты тағы да қаржылық қиындықтарға тап болған.
«Бүгінгі таңда мекеме көрсетілген қызметтер үшін 2 айда 27 млн. теңге алуы тиіс еді, ал негізінде орталыққа тек 3 млн.теңге бөлінеді. Бұл ақша тіпті несие берушілер алдында қарызды жабуға да, пациенттерге азық-түлік сатып алу үшін де жеткіліксіз. Болашақта бұл мекеменің жабылуына әкелуі мүмкін, ал 100-ге жуық пациент далада қалады», - дейді дабыл қаққан депутат.
Azattyq Ruhy тілшісі осы орталықтың басшысы Гүлмира Шорайқызымен мекемеде өмірінің соңғы жылдарын, соңғы күндерін өткізіп жатқан адамдардың ауыр тағдыры туралы сұхбаттасты. Гүлмира Шорайқызы әртүрлі адамдардың тағдырын баяндады: «бізде бұрынғы спортшы, бұрынғы профессор, тіпті, бұрынғы министрлер де жатыр» деген ол алдымен Нұргүл есімді жап-жас қыздың тағдырын баяндады.
«Екі жылдан астам уақыттан бері біздің хосписте Нұргүл есімді қыз жатыр. Жасы 36-да. Бұрынғы спорт шебері. Жұлыны үзіліп кеткен, аяғы, қолы, жалпы, бүкіл денесі жұмыс істемейді. Мұндағы медицина қызметкерлері бәрімізге бірдей қарайды деп, риза болады. Оның айтуынша, осындағы қызметкерлердің еңбегі орасан зор. Жалпы, оның ағасы бар, әпкесі бар, әке-шешесі жоқ. Ағасының үйінде де, әпкесінің үйінде де тұрып көрген. Бірақ оларға масыл болғым келмейді дейді. «Мен тіпті өзіме қол жұмсай алмаймын, құдай да алмайды. Міне, мен сияқты адамдар осындай орталық болмаса, қайда баратын еді» дейді. Міне, бізде жатқан кісілердің осындай ұзақ та ауыр тағдыры бар.
Тағы бір адам бар. Денесі бастан аяқ-күйіп қалған. Не жата алмайды, не отыра алмайды. Жарасынан қан ағады, су ағады, оны үнемі орап, таңып отыру керек. Орталықта жұмыс істейтін адамдардың еңбегі жүз пайыз емес, мың пайыз адал», - дейді Гүлмира Шорайқызы.
Ең өкініштісі, Гүлмира Шорайқызының айтуынша, кейбір медицина ұйымдары адамның ауруы емделмейді деп шешім қабылдаған соң, оларды есік алдына әкеп, тастап кетеді. Кейде жақынының қиналғанына шыдамай, оларды көрмей кететін де адамдар болады екен.
«Онкологиялық аурудың соңғы сатысына шалдыққан әйелді алып кетті. Қыздары шешелерін көрмейді, жөргек пен тамағын тастап кетеді. Қыздары аналарының қиналғанын көргісі келмей, есіктен кететін. Біз тек науқастарға ғана психологиялық, паллиативті көмек емес, алып келетін жақындарына да қолдау көрсетуге тырысамыз», - деген Гүлмира Шорайқызы мына бір оқиғаны баяндады.
«Бір күні орталыққа әйел адам телефон шалды. Аурухана анасын емделмейді деп, үйіне шығарған. Біраз жыл болған. Мен «емхана арқылы порталға тіркеліп, анаңызды әкелсеңіз болады» дедім. Емхана мамандары да «анаңыздың жанын қинамаңыз, апарыңыз» деген екен. Тұтқаның ар жағындағы әйел «бірақ мен анамды ондай жерге апарғым келмейді» деп, мұңға батты. «Бірінші келіп көріңіз» дедім. Жанына ертіп алған төрт жасар қызы бар, анасын алып келді. Түрі қатты шаршаңқы, еңсесі түскен әйел адам екен. Өз жасынан қартайып кеткен. Әйелді ертіп алып, орталықты көрсеттім. Қандай тамақ беретінімізді, қандай төсек орында жататынын көрсеттім. «Қорықпаңыз, біздің бірінші мақсатымыз - сіздің анаңыз сияқты адамдардың жанын қинамай, соңғы күндерінде дұрыс күтім жасау» дедім.
Әлгі келіншек отырып алып қатты жылады. Неге жылайсыз дедім. «Білесіз бе, мен төрт жыл болды, жұмысымды тастап, анама қарап отырмын. Ол кезде аяғым ауыр болған, қызым туды. Күйеуім тастап кетті. Жұмыстан шыққан соң қарыздан қарызға баттым. Енді не істерімді білмеймін»,- дейді. Соның өзінде анамды осындай жерге тастап кеткенім қандай болады деп жылап отыр.
Содан мен «сіз осы жерде де анаңыздын жанында бола аласыз. Кез келген уақытта келе аласыз Күндіз болса күндіз, түнде болса түнде келіңіз. Жанына жатып, тіпті қонсаңыз да болады. Бірақ, анаңыздың жанын қинамаңыз. Қазіргі ауруы кезінде оған дәрігер уақытымен екпесін салып, күтеді» дедім. Келіншек көнді. Алғашқы уақытта күніне екі рет келіп отырды. Кейін, екі күнде бір келетін болды. Одан кейін аптасына бір рет келе бастады. Кейін, айына бір рет келіп жүретін болды. Бір күні есіктен әдеміше келген, жинақы, шашын әдемілеп алған бір келіншек кірді. Танымай қалдым. Сөйтсем, әлгі кісінің қызы екен. Сол жерде жылап, құшақтап, рақметін айтты. Баласын балабақшаға орналастырып, өзі жұмысқа шыққан. Біраз қарызынан құтылған, өзіне де уақыт бөліп, көңіл бөле бастаған. «Анам ғана емес, менің де жаным тынышталып қалды. Бұл жерде анам уақытылы дәрісін ішеді, күтім бар. Мен де жұмысқа орналасып, қарыздарымды төлеп жатырмын» деп қуанды. Міне, біз сияқты орталықтардың маңыздылығы осыда», - дейді сөзін түйіндеген Гүлмира Шорайқызы.
Ал, жоғарыда атап өткеніміздей, Астанадағы бұл орталық қазір қаржылық қиындыққа тап болған. Бұған дейін хабарлағынымыздай, нормативтік құқықтық актіде қате кеткендіктен, мекеме көппрофильді ауруханалармен теңестіріліп кеткен. Депутат Бауыржан Сартбаев мәселені көтеріп, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа бірнеше нақты ұсыныс тастаған болатын.
Атап айтсақ:
Қазақстанда қазір паллиативті көмек көрсететін қанша ұйым бар?
Ал, бұған дейін өзге депутаттар жолдаған депутаттық сауалға жауап бере келе Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биыл пайда болған паллиативті төсек саны – 200 екенін мәлім еткен.
«Паллиативтік медициналық көмек көрсету «Паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығымен регламенттеледі. Стандарт онкологиялық науқастарға ғана емес, басқа нозологиялардың паллиативтік науқастар үшін де паллиативтік медициналық көмек көрсетуді реттейді. Паллиативтік медициналық көмек денсаулық сақтау ұйымдарының мамандандырылған, дербес мамандандырылған медициналық ұйымдарда (мейіргерлік күтім ауруханаларында, хоспистерде) стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларда және үйде, оның ішінде мобильді бригадалар пайдаланыла отырып жүзеге асырылады. 2021 жылдың 9 айында ахуал бойынша паллиативтік төсек саны 1906–ны құрады, оның ішінде 200-төсекі 2022 жылы ашылды. Онкологиялық науқастарға паллиативтік көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін кешенді жоспар шеңберінде барлық өңірлерде мобильдік бригадалар (220 мобильдік бригада) ұйымдастырылды, 9 айдағы 72 156 шығу жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда орта есеппен 6 мың баланы қосқанда 107-ден 135 мың адамға дейін паллиативтік көмек қажет. Паллиативті пациенттердің шамамен үштен екісі, соның ішінде балалар тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілерінен зардап шегеді және олардың көпшілігі өмір сүру сапасын жақсарту үшін қосымша аппараттық тыныс алуды қажет етеді», - деген еді осы саланың бүгінгі мәліметтеріне тоқталған Ажар Ғиният.
ДСМ басшысы хабарлағандай, қазір министрлікте Қазақстан Республикасында фтизиопульмонологиялық қызметті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған.
«Жол картасында жекелеген үлкен блокта тыныс алу медицинасын жақсарту, тыныс алу жеткіліксіздігі және халықаралық стандарттар сәйкес ұйқы кезінде тыныс алу бұзылулары бар науқастарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар көзделген.. ФПҚ жол картасы шеңберінде амбулаториялық деңгейде өкпені оңалту әдістерін әзірлеу және енгізу жүргізілетін болады. Сонымен қатар клиникалық хаттамаларға, сондай-ақ үйде нутритивтік қолдау үшін мамандандырылған емдік энтеральді тамақтандыру өнімдерімен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен нутритивтік жеткіліксіздігі бар пациенттердің жоғарыда аталған санатын нутритивтік қолдауды ұйымдастыру және тегін қамтамасыз ету, сондай-ақ гастростоманы қолданудың заманауи пункциялық технологияларын енгізу мәселелері бойынша басқа да реттеуші құжаттарға өзгерістер енгізіледі. Жалпы, 2022 жылы Министрлік паллиативтік көмекті жақсарту бойынша ауқымді жұмыс жүргізді. Министрлік алғаш рет әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің, оның ішінде пациенттердің қатысушыларын қамтитын қазақстандық паллиативтік көмек қауымдастығының президенті Г.Ж. Кунированы паллиативтік көмек жөніндегі бас штаттан тыс маманды бекітті. Қазақстан Республикасында балаларға паллиативтік медициналық көмекті дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекітті», - дейді Ажар Ғиният.
Сымбат Молдатай