Астанада жалғыз паллиативтік көмек орталығының 100-ге жуық пациенті далада қалуы мүмкін – депутат
Депутаттың айтуынша, орталықты қаржыландыру көлемі соңғы екі айда күрт қысқарып кеткен
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Сартбаев Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың атына «Хоспистер мен паллиативті көмек орталықтарын қаржыландыру мәселесі» туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бауыржан Сартаев атап өткендей, Қазақстандағы денсаулық сақтаудың барлық бағытын жан-жақты дамыту президенттің де, үкіметтің де, депутаттардың да басты назарында.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын айтқандай, «Отандық денсаулық сақтауды жаңғырту ерекше маңызға ие. Пандемия жағдайында бұл мәселенің өзектілігі айқындай түсті, денсаулық сақтау жүйесі пациенттерге назар аударып, олардың мүдделерін, денсаулығы мен өмірін бірінші орынға қоюы керек». «АMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында Денсаулық сақтау саласына ерекше мән берілді. Бағдарламада: «Азаматтарымыздың денсаулығы – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Біз отандық денсаулық сақтауды білікті кадрлармен, жаңа жабдықтармен, диагностика және емдеу әдістерімен қамтамасыз ету бойынша шешуші шаралар қажет деп санаймыз», - дейді партияның сайлауалды бағдарламасынан үзінді келтірген ол.
Осы себепті де депутат Астанадағы медициналық ұйымдардың бірі- паллиативті көмек көрсету орталығының мәселесін парламент мінберінде көтеріп отыр. Azattyq Ruhy тілшісі кейін орталық мамандарымен әңгімелескенде депутаты орталықты өзі аралап, мәселені түгел зерттеп шыққанын білді.
«Астанада емделмейтін диагнозы бар науқастар көмек алатын қалада жалғыз паллиативтік көмек орталығы бар. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде «паллиативтік медициналық көмек - радикалды емдеу жүргізуге көрсетілімдері болмаған кезде жазылмайтын ауру пациенттің ауырсынуын және ауруының (жай-күйінің) ауыр көріністерін жеңілдетуге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені» деп көрсетілген. Алайда хоспистер мен паллиативті көмек орталықтарын қаржыландыру мәселесі әлі де өзекті, себебі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңдар тиісті түрде реттелмеген.Паллиативтік көмек орталықтарының жұмысына ақша кепілдендірілген тегін медициналық көмектің бөлігі ретінде бөлінеді, бірақ ол қаржы барлық қажет шығындарды өтемейді», - дейді өз сауалын жария еткен депутат Сартбаев.
Яғни, депутаттың айтқан цифрларына сенсек, биыл орталық соңғы 2 айда көрсетілген қызметтер үшін қаржыландырудың «негізсіз» 90%-ға қысқаруына байланысты тағы да қаржылық қиындықтарға тап болған.
«Бүгінгі таңда мекеме көрсетілген қызметтер үшін 2 айда 27 млн. теңге алуы тиіс еді, ал негізінде орталыққа тек 3 млн.теңге бөлінеді. Бұл ақша тіпті несие берушілер алдында қарызды жабуға да, пациенттерге азық-түлік сатып алу үшін де жеткіліксіз. Болашақта бұл мекеменің жабылуына әкелуі мүмкін, ал 100-ге жуық пациент далада қалады», - дейді дабыл қаққан депутат.
Бізбен сұхбаттасқан орталық басшысы Гүлмира Шорайқызы болса, орталық қанша қиындық көрсе де оны ешкімге жария етпей жұмысын жалғастыра берген.
«Ия, депутат Бауыржан Сартаев хосписке өзі келіп, үш сағат бойы аралап, әрбір науқаспен сөйлесіп шықты. Қаржылық қиындық болса да біз оны ешқайда жария қылмай, жұмыс істей берген едік. Ешкімнен ештеңе сұраған жоқпыз. Ғимараттың арендасын да, жалақысын да төлеп отырдық. Бірақ, қазіргі қымбатшылық кезінде жүзге жуық адамның тамағын тауып берудің өзі қиын. Ал, қаржыландырудың азайып кеткен себебі – нормативтік-құқықтық актіде қате кеткен. Заң шыққан кезде бізді көпрофильлі ауруханалармен теңестіріп жіберген. Ал, біз ауруы емделмейтін адамдарға күтім жасап, өмірінің соңғы күндерінде кішкене болса да комфортты жағдай жасайтын мекемеміз», - дейді Гүлмира Шорайқызы.
Депутат Бауыржан Сартбаев та қолданыстағы нормативтік құқықтық актіде біраз олқылық кеткенін айтып отыр.
«Паллиативтік қызметке қатысты қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көмекке мұқтаж азаматтардың мүдделердің мен құқықтарын бұзатын олқылықтар бар, атап айтқанда:
Денсаулық сақтау министрлігінің 20.12.2020 жылғы «Міндетті әлеуметтік және медициналық қор шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 79-тармағына сәйкес паллиативтік медициналық көмек көрсеткені үшін төлем 1 емделген жағдай үшін жасалады . Қызметтерге ақы төлеу ережелерінің 2-тармағына сәйкес емделген жағдай болып стационарлық жағдайда пациент түскен сәттен бастап шығарылғанға дейін көрсетілген қызметтер жатады. Сондай-ақ, «қызметтерді төлеу ережесінің» 5-тармағында қызметтерді сатып алу шарты бойынша төлемнің есепті кезеңі күнтізбелік ай болып көрсетілген. Алайда 83-тармақта «науқастың ұзақ мерзімді болуына паллиативтік көмек көрсету кезінде төлем 90 күн болған кезде 1 төсек-күн үшін тариф бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте, есепті кезеңде 1-ші пациенттің тоқсан күні болған кезде барлық төсек-күндер бір емделген жағдай ретінде есептеледі» делінген. Осылайша 90 күндік мерзім ғылыми (техникалық) тұрғыдан да, медициналық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да түсініксіз. Орталық бұл талаптарды орындау мақсатында және есепті кезеңде көрсетілген қызметтер үшін төлемді уақтылы жүзеге асыру үшін терминалдық (соңғы) сатыдағы науқастарды шығаруға мәжбүр. Сондықтан қарапайым ауруханалардағы стационарлық жағдайда емделген жағдай мен паллиативті көмек алатын науқастың жағдайын салыстыруға болмайды», - дейді мәселені заң тұрғысынан түсіндіріп берген депутат.
Осы айтылғандарды есекере отырып, депутат денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше ұсыныс айтып отыр. Атап айтсақ:
- Шұғыл түрде орталықты қаржыландыру мәселесін шешу жолдарын анықтауды және үй-жай мәселесін шешуді: жалдау ақысын төлеуге жәрдемдесу немесе тұрақты үй-жай беру мүмкіндігін қарастыруды;
- Паллиативтік көмек орталықтары орналасқан жері бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландыру ала алатын мүмкіндікті қарастыруды;
- ӘМСҚ қатысушыларының қызметіне қойылатын нақты талаптарды ретке келтіріп, мониторинг нәтижелерін талқылады қолжетімді әрі «ашық» етуді;
- Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, «стационарлық» пен «паллиативтік көмек» ұғымдарын нақты ажыратып, осылайша, паллиативтік көмекке мұқтаж пациенттердің құқықтарын қорғау.
Орталық басшылығы болса, ауруы жазылмайтын жүзге тарта адамды күнделікті күтіп, уақытылы дәрі-дәрмегін беріп отырмыз дейді.
«Қазір жүзге жуық адам жатыр. Кейде адам көбейіп кетеді, неге десеңіз, қандай да бір адам қатты қиналған кезде оны жақындары үйден ұстап отыра алмайды. Ал, ауруханалар қабылдамайды. Ең басты айта кетерлігі, біз олардың тәнін ғана емес, жанын да емдейміз. Дәрігердің бақылауымен олардың психологиялық денсаулығына да мән береміз. Олармен сөйлесеміз. Яғни, оларға ауруды қабылдап, өмірінің соңғы күндерінде комфортты жағдай жасағымыз келеді. Қара түнекте жатпайтындай кішкене болсын жарық көріп кетсін дейміз. Оның үстіне, бізге келетін көп науқастар өздігінен дәрет сындыра алмайды, кейде іш құрылысы жоқ болғандықтан, арнайы орнатылған шлангалармен тамақ ішеді. Яғни, туыстарының үйде ұстауға жағдайлары келсе де дәрігердің қарамағында болғандары дұрыс адамдар бар»,- дейді Гүлмира Шорайқызы.
Айта кетейік, 2022 жылдың басында президенттің тапсырмасына байланысты, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен паллиативтік көмекті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізген болатын. Сол кеңесте Ажар Ғиният елдің паллиативтік көмек қызметіндегі проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
«Паллиативтің басты міндеті - емделмейтін ауруы бар адамға өмір сапасын жақсартуға, ауырсыну белгілерін жоюға, науқастың және оның жақындарының физикалық, психологиялық деңгейлердегі азаптарын жеңілдетуге көмектесу.
Қазақстан паллиативтік көмек қауымдастығының басшысы Гүлнар Кунирова "100 күн-100 сұрақ" жобасы аясында министрге пациенттердің ауруға қарсы дәрілік препараттарға, оның ішінде балаларға қол жеткізуіне, мобильді бригадалардың жұмысына, кадрлар даярлауға, осы жұмыстың қызметтеріне төмен тарифтерге қатысты бірқатар кезек күттірмейтін проблемалармен жүгінді.
Ведомство басшысы жағдаймен мұқият танысып, қызметтің жүйелі мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтауға назар аударды. Бұл паллиативтік көмек көрсететін ұйымдарды жарақтандырудың ең төменгі стандартын бекітуге, опиоидтардың ең төменгі тізбесін кеңейтуге, опиоидтерге квотаны ұлғайтуға, клиникалық хаттамаларды қайта қарауға, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен балалар паллиативтік көмегін дамытуға қатысты», - деп хабарлаған еді кеңес жұмысының қорытындысын жариялаған ДСМ ресми сайты.
Кеңес барысында айтылғандай, паллиативтік көмек қызметін білікті кадрлармен қамтамасыз ету, практикалық мамандарды және бейінді қауымдастықты тарта отырып, барлық жоғары оқу орындары мен медициналық колледждер үшін паллиативтік көмек жөніндегі бірыңғай білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселесі шешуді талап етеді. Сонымен қатар, тарифтерді арттыру мәселесі талқыланды. Мәселен, 2022 жылға арналған ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін "медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспарына " нақты шығындар бойынша деректерді жинау мен талдауды ескере отырып, паллиативтік медициналық көмекке тарифтерді жетілдіру жөніндегі іс-шара енгізілді.
Сымбат Молдатай