Олардың ішінде 174 қылмыстық іс сотқа өтті
Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында алаяқтық әрекетке баратындар мен делдалдар көп. Жүргізуші куәлігін жылдам алып беру жөнінде уәде беретіндер 200 мың теңгеге дейін адамдардан ақша алып отырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Автокөлікке қатысты құжаттарды рәсімдеумен айналысатын халыққа қызмет көрсету орталығында болған заңсыздықтарға қатысты қозғалған қылмыстық істер де аз емес. Алатау аудандық прокуратурасы келеңсіз істермен күресу үшін жасалып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Заңның үстемдігін қадағалушы орган қызметкерлерінің мәліметінше, алаяқтық әрекетке баратындардың тым көбейіп кетуіне – жеңіл жол іздейтін тұрғындардың өздері де себепкер. Аудан прокурорының бастамасымен бірнеше жоба қолға алынды. Солардың бірі – халыққа қызмет көрсету орталығының алдына алып баннер ілінді. Бұл хабарлама арқылы халық делдалдарға жем болмаудың жолын біліп қана қоймай, заңсыздықтың куәсі болса тікелей прокуратураға хабарласа алады.
«Алматы қаласының Алатау аудандық прокуратруасы алаяқтық әрекеттердің 1204 дерегін тіркеді. Олардың ішінде 174 қылмыстық іс сотқа өтті. Дәл осы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болған заңсыздықтарға байланысты ашылған қылмыстық істер де аз емес. Көлік жүргізу куәлігін жылдам, «еш қиындықсыз жасатып беремін, машинаның техпаспортын алып беремін деген сынды алдаудың түр-түрі өте көп. Осындай істер бойынша делдалдар тергеліп, құжаттарды сот қарауына жібердік. Делдалдар жұртты алдаудың сан түрлі жолын біледі. Көлік жүргізу куәлігін жасату үшін мұнда келген адамдар 200 мың теңгеге дейін ақшаларын беріп отырған. Бірақ соңында қолындағы ақшасынан айырылып қана қоймай, құжатқа да қол жеткізе алмайды. Мұның себебі, халықтың оңай жол іздеуі және заңды білмеуі деп санаймын», - деді Алатау аудандық прокуратурасының бөлім басшысы Мәди Бақыткелдіұлы.
Заң өкілдерінің сөзінше, ХҚО-да болып жатқан істердің бәрі бақылауда. Мемлекет ел азаматтарына жылдам, әрі таза қызмет көрсету үшін барынша сапалы қызмет түрлерін қарастырған. Бірақ жеңіл жол іздеген азаматтар заңды айналып өткісі келіп, делдалдарға жем болады. Қосымша шығынданып қана қоймай, артынан арыз жазып, уақытын еселеп жоғалтады. Одан бөлек жүйкелеріне де салмақ салады. Көлікті тіркеу, тіркеуден шығару, мемлекеттік нөмірді жылдам алып беру деген делдалық жұмыстардан бөлек машиналарға жалған VIN код соғу сынды заңсыздықтарға тап болған. Аудан прокуратурасы қала тұрғындарын ескертетін ақпараттық баннерге бірнеше ескерту нұсқауларын жазған. Ғимараттың алдына ілінген баннер екі тілде жазылған.
«Ведомство қала тұрғындарын автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін бөгде адамдарға жүгінбеуге шақырды. Бұл қызмет үшін арнайы ХҚО қызметкерлеріне ғана жүгіну қажет. Сонымен қатар бүгінде автокөліктерді ресімдеу және көлік құралын басқару құқығын алу кезінде алаяқтықтың жүйелі өсуі байқалады. Адамдарды алаяқтардың қулықтарынан қорғауды сұраймыз және банк карталарының деректерін хабарламаңыз, күмәнді қосымшаларды жүктемеңіз және үшінші тұлғалардың өтініші бойынша қаржылық қаражатпен онлайн әрекеттерді орындамаңыз», - деді Алатау ауданының прокурорлары.
Прокуратураның мәліметінше, делдалдар ХҚО алдында толып жүреді. Азаматтық киіммен жүретін делдалдар мемлекеттік мекемені де, оған келетін тұтынушыларды да заңсыз бизнес көзіне айналдырып алған. Саялы ықшам ауданындағы №1 ХҚО күніне 1500-1700 адамға дейін қызмет көрсетеді. Оның ішінде тәжірибелік және теориялық емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алу үшін 120 адамға дейін қабылдайды. Тұтынушылар тек электронды талон арқылы кезекке тұрып, қажетті жұмыстарын жасата алады. Талон кешкі сағат 17:00-ге дейін ғана беріледі.
«Соңғы бес жылдың ішінде алаяқтық әрекеттері кеңінен етек жайды. Әсіресе интернет алаяқтары мен телефон арқылы өзгенің қаражатын жымқыру қылмыстары көп. Мұндай заңсыздықтардан сақтандыру үшін прокуратура мен өзге де құқық қорғау органдары жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Алаяқтықтың осындағы түріне келетін болсақ, жүргізуші куәлігін оңай алып беру, көлікті тіркеу жайлы жалған құжат жасау жиілеуде. Адамдар ресми түрде жұмыс істегеннің орнына бейтаныс адамдарға барып, жеңіл жолмен жұмысын бітіргісі келеді. Соның кесірінен алаяқтарға жиі алданып жатыр.
Осындай келеңсіздіктерден сақтандыру үшін арнайы билбордты да ілдік. Тұрғындарды алаяқтардан сақ болып, делдалдарға жүгінбеуге шақырамыз. Баннерде аудандық прокуратураның кезекші бөліміне хабарласатын нөмір ілінген. Осы ұялы байланыс нөмірі арқылы сіздер прокурорларға тікелей шағымданып, хабарласа аласыздар. Осы хабарламадағы нөмірге қазірдің өзінде 12 адам шағым айтып, хабарласты. Біз олардың арызы бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Алматы қаласы Алатау аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Нұрболат Алпысбай.
Ауданның прокурорлары өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірігіп, алаяқтардың жаңа қулығын да әшкерелеген. Жуырда заңсыздықтардың жолын кесу үшін ауқымды істі бастамақ.