Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр
Қай мемлекеттің болмасын айбарын аспандатып, халқының тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалып, тәртіп сақталған жерде ғана мемлекеттің келешегі жарқын болады,деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мұны, әсіресе, Қаңтар оқиғасынан кейін ерекше түсіне бастадық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік саласын қайта реформалау қажеттігі туралы айтты.
«Біздің Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарының, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсат - азаматтарымызды, конституциялық құрылысты және егемендікті кез келген сипаттағы қауіп-қатерлерден барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуге тиіс», - деп айтқан еді Президент жылдың басында.
Сондай-ақ биыл Қазақстан полициясының 30 жылдығы меркеленді. Бұл осы уақыт аралығында атқарылған бастамалар мен қажетті реформаларды айқындайтын межені көрсетті. Мемлекет басшысы
«Заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау ерекше жауапкершілікті талап ететін жұмыс екені сөзсіз. Соңғы жылдары Ішкі істер органдарында ауқымды және жүйелі реформалар жүргізілді. Бұл жалпы қазақстандық полицияның қызметіне оң әсерін тигізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құқық қорғау жүйесі әртүрлі қиындықтарға тап болды. Әрине, мұның бәрі сізден адалдықты, батылдықты және қажырлы еңбекті талап етті, - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының биыл қыркүйектегі Жолдауында құқық саласындағы проблемалар аз айтылған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында есірткінің қауіптілігі туралы айтқан еді.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тəркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан əрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны əлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге əкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті əрі ауқымды əлеуметтік кесел», - деді ол.
Ал тәртіп сақшылары, оның ішінде Ұлттық ұлан қызметкерлері осы қылмыстың барлығымен күнделікті күрес жүргізеді. Өңірлерде ұландықтар қылмыстық жолын кескені, ұрлықтың алдын алғаны, адам өмірін сақтап қалғаны сынды жаңалықтарды жиі оқимыз, жариялаймыз.
Осы тұста қоғам тыныштығы мен қала көшелеріндегі тәртіпті қамтамасыз етуде Ұлттық ұлан жауынгерлерінің атқаратын міндеті ерекше екенін айтып өтуіміз қажет. Темірдей тәртіпке бағынған сарбаздар күндіз-түні кірпік қақпай, жауынгерлік қызметте жүреді. Әр күн сайын олар Қазақстанның 19 қаласында ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлестерін қосады. Сөзіміз дәлелдірек болуы үшін, бүгінгі әңгімемізді Елорда қаласындағы полковник Аян Есжанов басшылық ететін 5573 әскери бөлімі жауынгерлерінің қоғамдық тыныштықты сақтау, яғни патрульді-постылық қызметі туралы айтамыз.
Жауынгерлер патрульге шыққанға дейін әскери бөлімнің саптық алаңында тексерістен өтіп, өздеріне тиесілі тапсырманы алады және атқаратын міндеттері айтылып өтеді. Әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Ержан Абдухаликовтың пәрменімен сарбаздардың қызметтік құжаттары мен денсаулықтары да тексеріледі. Қызмет кезінде өздерімен бірге алып-шығуға тиісті жарық шамдары, байланысқа шығуға арналған құрылғыларының жарамды-жарамсыз екендіктері, ысқырғыштарының болуы сияқты қажетті заттары қадағаланады.
Кешкі сағат 18.00-де басталатын қызметке дайындықты түскі астан кейінгі уақытта, 16.00-де бастап кетеді. Сонымен қатар, жаяу жасақ құрамындағы сарбаздардың жауынгерлік ұрыс тәсілдерін жетік меңгеру деңгейлерін де тексереді. Себебі, қызмет кезінде тәртіп бұзушы қарсылық білдірген жағдайда немесе қол көтеріп тойтарыс көрсететін болса, қарап қалмаулары қажет. Сондықтан мерзімді әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындықтарына да баса көңіл бөлінеді екен. Олар өз қызметтерін атқару барысында арнайы құралды пайдалануға немес күш көрсетуге тура келетін жағдайларға тап болатын сәттер де болады. Сондықтан жауынгерлерге қысқаша түсініктер беріліп, нұсқаулықтар жасалды. Одан соң әскери бөлім командирі орынбасарының рұқсатымен жауынгерлер қалаға апаратын көлікке саптық жүріспен аттанды.
Автобустарға қатардағы жауынгерлер мінгізілсе, арнайы көліктерге әскери жасақ кезекшілері отырады екен. Осылайша патрульдеу қызметі басталып кетті.
Қатардағы жауынгерлерден құралған әскери жасақ Астана қаласы бойынша 4 ауданға бөлінеді. Олар Есіл, Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандары бойынша тіршілік саябырсығанға дейін тыныштықты қадағалап, құқық бұзушылықтың алдын алады.
Жауынгерлік қызмет бөлімшесі бастығының аға көмекшісі майор Бағдат Шоманов сарбаздардың күнделікті қызметі туралы былай деп айтып өтті.
«Біздің әскери бөлімнен қоғамдық тәртіпті күзетуге 1200 сарбаз қызметке бөлінеді. Олардың басты тапсырмалары – бас қаламыздың қоғамдық орындарындағы тыныштығын сақтап, тәртіпті күзету болып табылады. Жауынгерлерге қойылар басты талап – қырағылық, өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда құқық бұзушылық орын алмауын қамтамасыз ету. Себебі, тұрғындардың қауіпсіздігі әрқашан маңызды. Жалпы 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері қазан айынан бастап осы уақытқа дейін 711 әкімшілік-құқық бұзушылық фактісін анықтады.
Сонымен қатар, әскери жасақтың көмегімен он бір адам ұрлықпен, үш адам есірткі сақтаумен және бір адам алаяқтықпен құрықталып, Ішкі істер органдарына жеткізілді. Жауынгерлер дүйсенбі мен сейсенбіден басқа күндердің барлығында қызметке шығады. Яғни, сәрсенбі мен жексенбі аралығында кешкі 19.00-ден 00.00-ге дейін олар көше тәртібін қадағалап, қызметтерін атқарады. Ұлттық ұлан сарбаздарының көмегімен осылай қала тыныштығы қамтамасыз етіледі», – деді ол.
Ұлттық ұлан сарбаздарына артылар жауапкершілік біреу, ол – бейбіт күндегі елдің амандығын сақтау және қорғау.
«Аптасына төрт рет Астана қаласының тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында қызмет етіледі. Біз Ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, қала көшелеріндегі тыныштықты сақтауға өз үлесімізді қосамыз. Демалыс, мереке күндеріне де қарамастан өз қызметтерімізді орындаймыз. Мереке күндері қала қонақтары мен тұрғындардың демалысты жайлы өткізуіне жағдай жасауға тырысамыз, ол кезде қызметіміздің жүгі екі есе артады. Біздің әскери жасақ Есіл ауданының тыныштығын қадағалайды, қызметіміздің қиындықтарымен қоса, тағы бір артықшылығы да бар.
Атап айтар болсақ, біздер қызметте жүріп, қаламен жақсы танысып алдық. Себебі, әр кезде әр ауданға бөлінетіндіктен Астана қаласының барлық жерін біліп алдық десем де болады. Бүгінгі күннің салқындығына қарамастан, біз қызметке шықтық. Асқан қырағылық пен шапшаңдықты талап ететін қызметімізде көптеген нәрселерге үйреніп жатырмыз. Азаматтық борышымды атқарып болғаннан кейін де, мен өзімнің елім үшін жасаған осындай қызметімді әрқашан мақтан тұтып айтып жүретін боламын. Сол себепті үйде бос жатқаннан гөрі, ел үшін титтей де болса пайдам тисе, менен асқан бақытты жан болмас деп ойлаймын», – дейді қатардағы Нұрзат Әріпжанұлы.
Ал Диас Рысқұлбек өзінің қызметі жайлы айтты.
«Бүгін әдеттегідей тағы да қызметке кірістік. Қараша айының салқындығы сезіліп тұр, қыс мезгілінің ызғары да бар. Бірақ біздер – Ұлттық ұлан сарбаздары ешқандай кедергіге қарамастан, өзімізге жүктелген тапсырманы атқарып шығуға тиіспіз. Ешқандай босаңсу деген болмауы тиіс, әскери өмірдің қызығы да сол шығар деп ойлаймын. Біз бүгін Сарыарқа ауданы бойынша Бейбітшілік көшесіндегі бағытта қызмет атқарудамыз. Әзірше ешқандай құқық бұзушылық немесе тәртіп бұзғандар кездескен жоқ.
Бүгін демалыс алдындағы соңғы жұмыс күні болғандықтан, көшеде қозғалыстың көптігі байқалады, әрине, сондықтан біздің де қызметіміздің жүгі артады. Астана – еліміздің бас қаласы болғандықтан, қалада қозғалыс та, адам саны да өте көп. Соған орай, тәртіп бұзушылар да кездесуі мүмкін. Бірақ біз олардың алдын алып, тойтарыс беруге тырысамыз», – деп қызметі туралы ойымен бөлісті қатардағы Диас Рысқұлбек.
Патрульдеу бағытындағы жасақ үш сарбаздан тұрады және оның біреуі жасақ бастығы болып тағайындалады, ал қалған екеуі оған бағынулары тиіс. Ал осы үштік өз кезегінде аудан бойынша әскери жасақтар кезекшісіне қарайды. Олар бір-бірімен радиостанция құралы арқылы байланысқа шығып тұруы қажет. Жаяу жасақ кезекшілік кезінде патрульдік топ бастығына баянат жасап отырады.
Желтоқсанның ызғары да қыстың жақындап қалғанын сездіріп тұрғандай. Дегенмен, Ұлттық ұлан сарбаздары табиғаттың кез-келген құбылысына мойымай, ештеңеге қарамастан міндеттерін атқарады. Себебі, осындай салқын күндері оларға жылы киім беріліп, суықтап қалмауына жағдай жасалады.
20 градустан төмен болған кезде сарбаздарға жылы тон және қолдарына қолғап, аяқтарына пима беріледі. Күн салқындағаннан бастап осындай жылы киінген сарбаздарды еліміздің барлық қалаларынан кездестіре аласыздар.
Ұлттық ұлан сарбаздары күн-түн демей, ыстық пен суықты да талғамай, мереке мен демалысқа қарамастан, қала тұрғындарының қауіпсіздігін күзетеді. Бұл – аса жауапты міндет. Ал мейрам мен демалыс күндері абыройлы қызмет екі есеге арта түседі.
Марья Айдарбаева