Агрессорларға жазаны қатаңдату қарастырылып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларға жазаны қатаңдату қажеттігін айтқан болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл тапсырма бойынша жұмыс қалай жүзеге асырылап жатқанын Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкіметте де айтқан еді.
Министрдің айтуынша, отбасылық тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату аясында қылмыстық құқық бұзу бойынша «отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты» деген қосымша саралауды енгізу көзделген.
Сонымен қатар осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін 5 тәуліктен бастап белгілеу, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Бұл полицияға жәбірленушілердің өтінішінсіз- тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Бұл ретте түпкілікті құқықтық бағалауды сот беретін болады. Бұл шара жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деген еді Ахметжанов.
Бұл жұмыстар қазір тәжірибеде сезіліп жатыр ма, отбасылық зорлық-зомбылықтың ахуалы жайында Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметовамен әңгімелескен едік.
Оның айтуынша, жыл басынан бері «102» арнасына отбасылық тұрмыстық салада 14 мың қоңырау келіп түскен.
«Бұл былтырғыға қарағанда айтарлықтай көп. Былтыр 10 айдың қорытындысы бойынша «102» арнасына түскен қоңырау саны 12 мың болған. Биылғы қоңырау саны 2 мыңға көп. Бұл қазір адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдап отыра бермейтінін көрсетеді. Екіншіден, зорлық-зомбылықтың әлі де азаймай тұрғанын айтады», - деді ол.
Шрахметованың айтуынша, дағдарыс орталықтарымен де қоян-қолтық жұмыс істеледі.
«Отбасы, тұрмыстық салада зардап шеккен адамдарды дағдарыс орталықтарына орналастырамыз. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 5 дағдарыс орталығы бар. Әрбір ауданда бір дағдарыс орталығынан шоғырланған. Аналар үйімен де жұмыс жүргізіледі», - деді аға инспектор.
Оның айтуынша, әйелдерге зорлық-зомбылық туыстарының немесе бірге тұратын тұлғалар тарапынан жасалып, олардың баратын жері болмаған жағдайда дағдарыс орталығына бағытталады.
«Дағдарыс орталықтарында әйелдер өз-өзіне келіп, психологиялық, әлеуметтік тұрғыда көмек алады. Олармен психологтар мен заңгерлер жұмыс істейді. Әлеуметтік сала қызметкерлері бейімдеу жұмыстарын жүзеге асырып, мәселелерін шешуге тырысады. Оларды жұмыспен қамту, балаларына қажетті дүниені алып беруге де жәрдемдеседі», - деді ол.
Гүлмира Шрахметова Президенттің агрессорларға жазаны күшейту туралы тапсырмасы туралы да айтып берді.
«Президенттің тапсырмасынан кейін бұл саладағы жоғары инстанция – Ішкі істер министрлігіне өзіміздің ұсыныстарымызды бердік. Ол заңды ІІМ қабылдамайды. Ол әрі қарай Үкіметке, Парламентке бағытталады. Біз өз ұсыныстарымызды жолдадық. Оны қолдай ма, қолдамай ма - ол басқа сұрақ. Дегенмен бұл салада белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл заң қабылданғанға дейін бірдеңе деп айту ерте», - деді ол.
Шрахметова дағдарыс орталығына орналаспаған, бірақ жәбірленуші болып есептелетін тұлғаларға қандай көмек көрсетілетінін айтып берді.
«Оларға психолог көмек көрсетеді. Мысалы, біз үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейміз. Оның ішінде ерекше атап өтетіні «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорынан отбасыларымен бірге тегін психологиялық көмек алды. Бұл қоғамдық ұйым 300 адамға қызмет көрсетті. Әр сенбі сайын біз агрессорларды жинап, психологтар, имамдарды, қоғам белсенділерін қатыстыру арқылы «тәрбие сағатын» өткіземіз. Себебі ерлер ерлердің айтқанын ескереді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы.
Шрахметованың айтуынша, мұндай қылмыс түрін азайту үшін ең алдымен заң нормаларын қатаңдату керек.
«Заң нормасы, санкция қатаң болса, кез келген адамға тежеуші фактор болады. Агрессор тілін, қолын, аяғын тартып жүретін еді. Қоғамда идеологиялық жұмыстар дұрыс жүргізілуі керек. Қазір қоғамда отбасы құндылықтары мен институтын насихаттау кенже қалып бара жатыр. Қазір бізде жастар ешбір идеологиясыз өсіп жатыр деп айтсақ, артық емес. Отбасын құру моделі насихатталмайды. Осы бойынша біз бірқатар жұмысты қолға алдық. Келесі жылдан бастап осы бағытта профилактикалық жұмыстарды жүзеге асырамыз», - деді ол.
Гүлмира Шрахметованың айтуынша, республикалық әкелер қоғамынан Мақсұтбек Айтмағамбетовпен, танымал психолог Ержан Мырзабаев және Amanat партиясынан Шыңғысхан Қожахметовтың көмегімен тығыз жұмыс істеледі.
Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының өкілдігі, «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ және «Zertteu Research Institute» қоғамдық қоры еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында зерттеу жүргізген.
Zerttteu Research Institute директоры Шолпан Әйтенованың айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылықтың салдары экономика мен адамдардың психикасына айтарлықтай әсер етеді. Зерттеу 2021 жылды қамтиды.
«Біз бұл істі дұрыс емес деп моральдандырудан алыстауымыз керек. Себебі бұл – тайға таңба басқандай. Оның салдары қоғамға қалай әсер ететінін қарауымыз керек. 2021 жылғы мәліметтерді білу үшін біз мемлекеттік органдарға 53 сауал жолдадық. Ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы полицияға 114 мың адам жүгінген. Бұл жерде сотқа дейін тек 37 мыңы жеткізілгенін атап өткен жөн. Әкімшілік жауапкершілікке тек 17 мың адам тартылған. Бұл 2 сағаттан 3 тәулікке дейінгі қамауды білдіреді. Бұл агрессор алатын бар жаза. 1000-нан астам оқиға қылмыстық іс болып жіктелді», - деді Әйтенова.
Оның айтуынша, сотқа тек 3 істің біреуі ғана жетеді.
«Оның бір себебі 6 істің біреуіне ғана әкімшілік жаза қолданылады. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасаушылардың жазаға тартылмауы, одан сытылып кетуі жәбірленушілердің полицияға жүгінуін азайтады. Олар жүйе оларды қорғай алмайды деп ойлайды, агрессор жазаланғанда да 2 сағатқа ғана қамалады деп ойлайды. Олар осы факторлардың әсерінен үмітін үзеді», - дейді ол.
Шолпан Әйтенова отбасылық зорлық-зомбылық қылмысы латенттік мінезге ие деген зерттеулер бар екенін айтады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 70 пайыздан 90 пайызға дейінгі жәбірленушілері полицияға жүгінбейді. Бұл болжаммен айтқанда 500 мың адамды құрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары дағдарыс орталықтарынан көмек сұрай ма деген сұрақ туындайды. Еліміз бойынша 36 дағдарыс орталығы бар. Олардың берген мәліметтері бойынша, дағдарыс орталықтарына жүгінгендердің 61 пайызы кәмелетке толмаған балаларымен келген», - деді Шолпан Әйтенова.
Бұл дағдарыс орталығына 1 млн бала жүгінді деген сөз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болған балаларға арнайы көмек керек.
«Себебі бұл балалар ересек болған соң зорлық әрекеттерін қайталауы мүмкін. Осылайша, қоғамға кері әсерін тигізетін факторлар көбейеді. Бүгінгі таңда оларға дағдарыс орталықтарында арнайы мәртебе ғана беріледі. Жеке есептелмейді. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған балаларды тіркеу керек. Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске 4,5 млрд теңге жұмсайды. Оның ішінде тек мақсатты түрде 1,5 млрд теңге жұмсалады. Біздіңше, бұл өте аз. Сондықтан бұл саланы қаржыландыруды арттырған дұрыс», - деді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанованың айтуынша, Президенттің тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа «жоқ» деген жауап бойынша азаматтық қоғаммен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Бұл жұмысты қолдайтындар болады. Себебі әйел мен балада болып жатқан мәселелер баршамызға әсер етпей қоймайды. Мемлекет басшысы әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін үнемі көтеріп келеді. Біздің еліміз бұл бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Оның алдын алуға қатысты барлық тетік бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Азаматтық қоғамның кейбір өкілдері оның алдын алу бойынша кешінді іс-шаралар қажет екенін айтады. Мемлекет басшысының соңғы Жолдауы осыны тағы бір көрсетті. Осы саладағы барлық қызметтің 80 пайызы қайталанады. Кем дегенде әрбір үшінші бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болады. Мұндай отбасының бейнесі бойынша отбасы құру қиын. Әділетті қоғам құру да екіталай», - деді ол.
Сондықтан Мәжіліс депутаты осы салада жүзеге асырылып жатқан барлық бастаманы қолдайды.
«Зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалар да әзірленіп жатыр. Мәжіліс аясында отбасы институтын нығайту туралы заң жобасы қаралып жатыр. Онда оқиғалардың алдын алу да қарастырылуда. Себебі тек жазалау арқылы мәселені шешуге болмайды. Бұл жерде кешенді шаралар қажет. Бұл орайда БАҚ-тың атқаратын қызметі зор. Себебі қоғамға атқарылып жатқан істердің дұрыстығы мен өзектілігін жеткізетін соңғы инстанция - осы. Кейбір қоғам мүшелері бұл істерді отбасына араласу деп ойлауы мүмкін. Бірақ отбасылық зорлық-зомбылық ұлттық отбасылық құндылыққа зиян келтіріп жатыр. Әлеуметтік желіде ананың балаға, әкенің әйелге деген жауыздығы ұлттық құндылықтарымызға балта шауып жатыр», - деді ол.
Марья Айдарбаева